
Суретті түсірген – Дәурен ЕРМЕКБАЙ
Фестиваль табиғаты талайды тамсантқан Тасашы ауылы маңындағы тау бөктерінде өтті. Алты қанат ақбоз үй тігіліп, ән мен күй күмбірлеген спорттық шараға үлкен-кіші ағылды. Спорт мерекесіне Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ерболат Сарабеков қатысып, жиналған қауымды қысқы спорт түрлерімен айналысып, саламатты өмір салтын қалыптастыруға атсалысуға үндеп, жарысқа қатысып, бақ сынап жатқан азаматтарға ақ жол тіледі.
«Аудан тұрғындарының бұқаралық спортқа белсенділігін арттыру жолында игі істер жібін үзбей жалғасып келеді. Облыстық спорт басқармасының қолдауымен ауданымызға бірнеше штат беріліп, үйірмелер тұрақты түрде жұмыс жүргізіп жатыр. Келешекте үлкен жарыстарда топ жаратын спортшылар шығатынына сенімдіміз», – деді Нұрбақыт Молдахметұлы.
Салтанатты іс-шара барысында жарыстың өтуіне белсене атсалысқан Тасашы ауылының әкімі Ерболат Төребаев, Қарқара ауылдық округінің әкімі Ернұр Сабырбеков, ұстаздар Қымбат Қамбарбекова, Гаухар Әуезхановалар Алғысхатпен марапатталды. Райымбек ауданының Құрметті азаматы, ардагер-ұстаз Жеңіс Әбілұлы жарысқа қатысушыларға ақ батасын берді.
Фестивальдың шаңғы жарысы аса тартысты өтті. Ақ қарға айқыш-ұйқыш із салған әуесқой шаңғышылар бірнеше жас деңгейіне қарай жарыс жолына шықты. Әйелдер мен ерлер 3 және 5 шақырым қашықтыққа шаңғымен жүгірді. Қатысушылар сондай-ақ «кім жылдам», арқан тартыс, бұқа тартыс, қол күрес, тас көтеру (113 кг) сайыстары бойынша күш сынасты. Спорттық жарыстарға Гайдар Мұқанқожаев бастаған білікті мамандар төрелік жасап, жеңімпаздарды анықтады.
Жалпы командалық есепте 1-орынды (100 мың теңге) Кеген ауылдық округі, 2-орынды (70 мың) аудандық аурухана, 3-орынды (50 мың) Қарқара ауылдық округі командалары еншіледі. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының дипломдары, медальдар, кубоктер, бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Алматы облысы,
Кеген ауданы