
Қара төбет қотанын қоритын Шалқар көлінің жел жақ етегін баса қоныстанған Қарағай ауылы соңғы қазығын осыдан жарты жыл бұрын суырды. Түп-түгел бір мезетте емес, әрине. Әуелі көшіп-қонуға күш-қуаты келетін ауқаттылар ауған. Кейінгі кемпір-шал жылап-сықтап, атақонысты, ауылдастар бір-бірін қимай біраз уақыт отырды. Болмады ғой. Болмағасын, қаншама жыл қоныс қылған ауылдан үдере көшкен. Тек көшкен елдің жұртында қотан қору парызы қанына сіңген қара төбет қана қалды. Ел көшкен соң, жұртта қалған сүйек-саяқты кемірген. Тышқаншылап күн көрген. Кеше әуелі алақаншықтанып жаяу борасын басталған бетте құлқыны құрғыр ескі қораның іргесіндегі үйшігінен жетектеп шығарған. Тұңғыш рет адасып кетті.
Шалқар көлінің ық жағындағы етек-жеңі жинақы, бақуатты Александровка селосының самаладай жарқыраған жарығын да көре алмай қалды. Көл жағалауындағы ит тұмсығы өтпейтін орманды алқапты тың игеру кезінде иемденіп алған бұл селоға дүниені дүрліктірген дағдарыс келмеген тәрізді. Орманның іші жаз бойы жеміс-жидекке, саңырауқұлаққа сыңсып тұрады. Қу тақырға қоныстанған, желдің өтіндегі Қарағай ауылы тәрізді емес. Қол басындай қанден иттеріне дейін майдан жарылайын деп жүр.
Қара төбет ақ боранға араласып, бір қап ұнның ішіне салып жіберген жалғыз түйір көмірдей қараңдаған жалғыз ноқаттай қала шетіне іліккен. Мұнда боран жоқ екен. Ысылдап жел ескені болмаса, ық-панасы мол. Әлден уақытта қара төбет үшқабатты, зәулім үйдің ығында тұрғанын аңғарды. Құлақтары түбінен кесілген қазандай басын сәл көтеріп қараса, екінші қабаттың жап-жарық терезесінен қоянның көжегіндей аппақ бірдеңе даладағы аш төбетке біртүрлі аянышпен мүсіркеп қарайтын тәрізді. Кәдуілгі ит екен. Аппақ жүні үлпілдеп тұр. Мойнына шетіне алтын жіп жүгірткен қарғыбау тағыпты. Қара төбет аузын ашып, аңтарылып қалған. Дәл осы сәтте әлдебіреу темір тегеурінмен аш бүйірінен соғып өтті. Жанталаса ауыз салмаққа ұмтылып еді, дәрмені жетпеді. Бажайлап қараса, жүндері кереқарыс кавказ иттері екен. Біреу емес, екеу. Екеу болмақ түгілі он болса да күш-қуаты бойында тұрғанда қара төбет қаңғыған кавказдың итіне азу салдырмас еді. Сіңіріне ілініп әзер тұрған соң басынғаны да. Қанша дегенмен арғы атасынан қалған, қан арқылы дарыған қасиеті бар қара төбет қос иттің қақпанынан әупірімдеп құтылып еді, орыстың жуан мойын иттері қуды. Одан әріде ағылшын догі ме, бұл ел көрмеген үндінің жүнсіз, сыптығыр пәлелері ме. Бірінен соң бірі жабылды.
Ақыр соңында қара төбет қаланың қоныс болмайтынын ұққан. Қайтадан адыра қалған ауылға кетпек. Атақоныс. Кім білсін, күндердің күнінде қасқыр терісімен қапталған итаяқпен ас беретін иелері қайтып оралар. Ит болса да, қара төбет те атақонысын аңсап бара жатыр емес пе?
Қара төбет қаладан шыққанда ышқына ішін тартып боран басталған. Таң алдында қалың шымылдықтай ауыр, іріген сүттей бозамық тұман түсіп еді. Оң-терісі, бағытының бағдары белгісіз. Қара төбет ауылды іздеп ақ боранның арасында жортып келеді. Алды бұлыңғыр, тастүнек, қараңғы...