
Фото: polisia.kz
Алькогольді көп мөлшерде тұтынған азамат 102 арнасына қоңырау шалып, қаладағы клубтардың бірінде бомба жасырылғанын хабарлаған. Айта кетерлігі күдікті аталған мекеменің тұрақты келушісі болып шықты.
Оқиға орнына дереу полицияның сыртқы жасағы мен жедел тергеу тобы жіберілген. Алайда клубты толық тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат анықталмады.
Полицейлер ізін суытпай күдіктіні қолға түсірді. 28 жастағы жергілікті тұрғын өзінің әрекетін алкогольдік масаң күйде жасағанын және болған жайт есінде жоқ екенін айтып түсініктеме берген.
Терроризм актісі туралы жалған хабарлау фактісіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта күдіктіге ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полиция департаменті терроризм қаупі туралы қасақана жалған хабар таратудың қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.