
Мұны көріп Аяно қатты қынжылады. Содан бастап, жапондық әйел адам бойлас қуыршақтарды жасай бастайды. Кейбірі бұрын сол жерде тұрған кісілерге ұқсас болды, кей бейнелер суретшінің қиялынан туды. Осылайша, Аяно бала кезіндегі көріністі, ауылдағы қайнап жатқан тіршілікті қайта жаңғыртқысы келді. Бір қызығы, қазір Нагородан 400-ден астам қуыршақты көруге болады. Бұл жер көңілге қорқыныш ұялататындығына қарамастан, туристер баратын көрнекі орынға айналып, бейресми түрде «Қуыршақтар ауылы» деген атауға ие болды.
Аралдағы жалғыз үй
1950-жылдары қаланың у-шуынан жалығып, жырақта демалуды қалаған Сайзеланд әулеті кіп-кішкентай «Just Room Enogh Island» аралын сатып алған. Қазақшаласақ, «Бір бөлмеге ғана жетеді».
Күйбең тіршіліктен қашып келген әулет аталған аралға қоныс аударғаннан кейін тіптен жұрттың назарына ілікті. АҚШ-тың «The Washington Post» басылымы: «Бір қате қадам жасасаңыз, жүзіп кетесіз» деген мақала да жариялады. Содан соң туристердің осы бір мекенге ерекше ынтызары ауды. Осылайша, «аралда алаңсыз жатып, тыныштықты тыңдаймыз», деген Сайзеландтер әулетінің үміті ақталмады...
Қонақжай Нотр-Дам
Жөндеуден кейін қайта ашылған Нотр-Дам де Пари шіркеуіне бір айда 800 мыңнан аса адам барған. Бұл минут сайын ғимаратқа 32 адамнан келіп отырды деген сөз.
Әлемдік мәдени мұраның айрықша нысаны саналатын әйгілі ғимаратқа келушілер саны өте көп. Кезек кейде 3 сағатқа созылады. 2019 жылдың көктемінде шіркеуде алапат өрт шыққан еді. Бес жылға жалғасқан қалпына келтіру жұмыстарынан кейін Париждің көрнекті орны желтоқсанның басында қайта ашылды. Өртке дейін жыл сайын мұнда 14 миллион адам келетін.