Сұхбат • 22 Қазан, 2024

Назира Абдрахманова: Оқулық бес сатылы сараптамадан өтеді

217 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоғамда мектеп оқулықтарының мазмұнына, сапасы мен салмағына қатысты сын-пікірлер жиі айтылып жүр. Осы орайда мектеп оқулықтарына төңірегіндегі сан сауалға жауап алу мақсатында Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Назира АБДРАХМАНОВАМЕН әңгімелескен едік.

Назира Абдрахманова: Оқулық бес сатылы сараптамадан өтеді

– Назира Кабдоллақызы, заман ағымына қарай білім сапасына қойы­латын талаптар күшейіп келеді. Мек­теп оқулықтарын әзірлеуде қандай өзгеріс бар?

 – Ғылым мен тех­ноло­гияның қар­қынды дамуы білім мақсат­тарына, оқыту әдістемесіне де түбегейлі өзгеріс енгізуді талап етеді. Білім беру үлгісі мен мазмұнына жаңаша көзқарас қалыптасты. Қазіргі оқулықтарға оқушылардың бойына ру­хани құндылықтарды сіңіру, ғылы­ми дүниетанымын кеңейту, заманауи өмір талаптарына сай білімі мен құзы­реттіліктерін қалыптастыру міндеттері қойылады. Оқулықта теориялық материалдар мен мәтіндердің көлемі азайып, оқып-жаттауға лайықталған тапсырмалардың орнына баланы өзді­гін­ше ойлануға, ізденуге жетелейтін шығармашылық тапсырмалар мен олардың түрлі тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталған оқу материалдары көбейтілді. 2022 жылы министрдің арнайы бұйрығымен оқулықтың құры­лымы мен мазмұнына қойылатын талаптар бекітілді. Бұл құжатта дидакти­калық талаптармен қатар оқулықтың баяндау тіліне қойылатын талаптар да күшейтілді. Мысалы, қазақ тілінде оқытатын мектептерге оқулықты қазақ тілінде (тілдік пәндер бойынша оқулықтардан басқа), өзге тілде оқытатын мектептерге – оқыту тілінде әзірлеу немесе аудармада ұсыну туралы арнайы норма енгізілді.

– Оқулықтарды кімдер жазады? Авторлар қалай таңдалады? Жалпы, оқулық неге сүйеніп жазылады?

– Соңғы сұрағыңызға бірінші жа­уап бере кетсем, оқулықтың Оқу-ағарту министрлігі бекіткен Мемлекеттік жал­пыға міндетті білім беру стандарты­на, пән бойынша үлгілік оқу бағдарламаларына сүйеніп жазылады. Жаңа стандарт бо­йынша, білім жүйесі оқушыларымыздың жан-жақты сауатын дамытуға бағытталуы керек. Бұрын оқушылардың мектептен қандай білім алып шыққаны маңызды болса, қазір сол білімді өмірде қалай жүзеге асыра алады деген мәселені қам­ту маңыздырақ. Осыған қоса Мемле­кеттік стандартта оқыту мен тәрбие­нің бір­тұтастығын қамтамасыз ету көзде­ліп, білім мен тәрбие берудегі негізгі құндылықтар айқындалған. Оқулық жазу кезінде осы құндылықтар көрініс табуы қажет. «Оқулықты кім жазады?» де­ген мәселеге тоқталсақ, оқулық жазу – бәсекелестік ортаның қолында. Бүгінде елімізде оқулық жазумен 20-ға жуық баспа айналысады. Осы жерде оқу әдебиеттерін баспалар өз есебі­нен әзірлейтінін де айта кету керек. Авторлар ұжымын әр баспа өздері жа­сақтайды. Бірақ бұл авторларға ешқандай талап қойылмайды деген сөз емес. Министрлік бекіткен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сараптау жөніндегі қағидаларда мектеп оқулығының авторлар құрамында оқулық әзірлеу мәселелері бойынша оқыту курстарынан өткен бір ғалым және екі практик мұғалім, яғни кем дегенде үш адам болуы міндеттелген. Ал сол баспалардың жазған оқулықтары білім ұйымдарына жеткенше сараптаманың бес сатысынан өтеді.

– Оқулықтар оқу үдерісіне енгенге дейін іріктеудің бес сатысынан өтеді дедіңіз, бұл іріктеулерді кім, қалай жүргізеді?

– Оқулықтарды әзірлеу, сынақтан, сараптамадан өткізу министрлік бекіт­кен қағидаларға сәйкес жүргізіледі. Сараптама жүргізудің ең негізгі сатысы – ғылыми-педагогикалық сараптама. Сараптаманы сапалы жүргізуге орталығымызда 2 мыңға жуық білікті ғалым, жоғары санатты мұғалімдер мен әдіскерлерден тұратын сарапшылар базасы жасақталған. Сарапшыларды іріктеудің белгілі қағидалары бар. Сарапшылар базасына енгізілмес бұ­рын педагог-мамандар жоғары оқу орындары мен қалалық, облыстық білім басқармаларының ұсыныстары, орталық сайтының «Сарапшы болу» айдарындағы сауалнама арқылы оқыту курсына тіркеледі. Аталған курсқа ғы­лыми дәрежесі, сала бойынша ғылыми еңбектері және атаулы жетістіктері бар ғалымдар мен педагогикалық өтілі 10 жылдан кем емес, «Зерттеуші педагог» немесе бірінші санаттан төмен емес біліктілік санаты бар педагог қана қаты­са алады. Ал курсқа қатысқандардың ішінен сарапшылар базасына оқыту және қорытынды бағалау нәтижесі бо­йынша оқулық теориясынан білімі мен талдау қабілетін көрсете алған сарапшылар ғана енгізіледі. Орталыққа келіп түскен оқу әдебиеттеріне сарапшылар нақты критерийлерге сай ғылыми, педагогикалық сараптама жүргізеді. Сараптама нәтижесі бойынша түзетуге болатын ескертулері бар оқулықтар баспаларға қайта өңдеуге жіберіледі. Ал сараптама критерийлеріне сәйкес келмеген оқулықтар іріктеуден түсіп қалады. Ғылыми-педагогикалық сараптама бойынша оң нәтижеге ие болған оқулықтар қанатқақты жобамен мектептерде сынақтан өтеді. Сынақ кезеңінде оқулықтарға қоғамдық бағалау жүргізіледі. Іс-шараның мақсаты – педагог қауымы мен белсенді азаматтардың жоғарыда аталып өткен оқулықтардың мазмұнына, құрылымына, әдістемесі­не қатысты сындарлы пікірін, сын-ескерт­пелерін, ұсыныстарын назарға алу. Міне, осы уақытта кез келген қоғам мүшесі орталығымыздың сайтына салынған оқулықтарға өз пікірін қалдыра алады. Келесі кезеңде сынақтан кейінгі ғылыми-педагогикалық сараптама жүргізіледі. Осы кезеңнен сәтті өткен оқулықтар Пәндік сарапталық комиссия қарауына ұсынылады. Пәндік сараптамалық комиссия ғылыми-педагогикалық сараптама және сынақ нәтижелері бойынша қорытындыларды зерделей отырып, сапасын талдайды, білім ұйымдарында пайдалануға ұсынылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешен тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдайды. Тізбеге бір пән бойынша 5 баламалы оқулыққа дейін енгізілуі мүмкін. Көріп отырғанымыздай, оқулық оқушылардың алдына келгенге дейін іріктеудің 5 кезеңінен өтеді. Сараптама үдерісінің ашықтығы мен әділдігін сақтау мақсатында сараптама кезеңдерінің барлығы құпия режімде өткізіледі. Яғни оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендер сарапшының қолына құралдың әзірлеушісі, баспасы, авторлары көрсетілмей беріледі.

– Оқулық оқушы қолына жеткенге дейін біраз жұмыс атқарылатынын айттыңыз, бірақ бәрібір қоғамда оқулықтардағы қателерге қатысты сын көп. Бұны қалай түсіндіресіз?

– Иә, әлеуметтік желілерде оқулық­тар­дағы қателер туралы жиі айтылады. Осыған қатысты көзқарасты шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Бірінші топқа білім мазмұнын жаңарту идеясын жеткіліксіз түсінумен байланысты ескертулер жатады. Үлгілік оқу бағдарламаларының, соған сәйкес оқу­лық­тардың өзгеруі қоғамда түрлі пікір туғызды. Бұрынғы бірсарынды сұрақ-жауапқа негізделген тапсырмалардан өздігінен орындауға арналған шығармашылық тапсырмаларға көшу, әсіресе, үй тапсырмасын баласымен бірге орындайтын ата-аналарға жаңа­лық болды. Осы жерде ата-аналар білім мазмұнының бір жерде тұра алмайтынын, заман ағымына сай өзгеріп тұруы заңды екенін түсінуі қажет. Үлгілік оқу бағдарламаларының мазмұнын жетілдіруге қатысты айта кетерлік жайт, қазіргі уақытта министрлік тарапынан қолданыстағы үлгілік оқу бағдарламаларын талдау, қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар әзірленген бағдарламаларды сараптамадан өткізу туралы жаңа қағида министрдің бұйрығымен бекітіліп, жүзеге асырылып отыр. Ал екінші топқа моральдық нормалар, оқушылардың жас ерекшеліктері туралы субъективті идеялармен байланысты ескертулерді жатқызуға болады. Біз әлі де ескі стереотиптермен өмір сүріп жатырмыз. Көбіне мәселе ХХІ ғасыр баласының таным-түсінігі өзгеше екенін естен шығарып, қазіргі әдістеме мен педагогикалық ұстанымнан алыс адамдардың өз дүние­танымы, көзқарасын білдіретінінде болып тұр. Үшінші топқа оқу басылым­дарындағы техникалық қателер жатады. Осыған байланысты орталық тарапынан 2016 жылдан бері қолданысқа енгізілген жаңартылған мазмұндағы оқу­лықтарға қатысты сын-пікірлерге мониторинг жүргізіліп, себептері анықталды. Мониторинг нәтижесінде ескертулердің 44,2%-ы мазмұнға қатысты жеке көзқарас болса, 23%-ы әдістемелік түсінбеушілік, 9,3%-ы фейк ақпарат, 7%-ы оқу бағдарламасынан хабарсыздықтан болған, қалған 16,72%-ы ғана деректі, техникалық, емлелік қателер екені анықталды. Осы нәтижеден бұған дейін айтылған сын-пікірлердің басым бөлігі оқулық тұжырымдамасына, оқу материалдарын ұсынудың әдіснамалық аспектілері, оқу тапсырмаларының түрлері, иллюстрациялар, сол сияқты жүйелі мәселелерге қатысы жоқ, жеке сипаттағы пікірлер екенін көруге болады. Қоғамдағы көзқарастың қалыптасуына әлеуметтік желінің ықпалы зор екенін мойындауымыз керек. Бұқаралық ақ­парат құралдарында, өкінішке қарай, негатив ақпарат басым да, білім мазмұнында болып жатқан оң өзгерістерді насихаттау аз. Осы бағытта да министрлік тарапынан жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр. Білім мазмұнын тиісті деңгейге көтеру – алдымызға қойылған негізгі мақсат. Бұл міндеттерді орындау үшін жылдан-жылға жұмыс ауқымы да көбейіп отыр. Ең бастысы, білім мазмұнын мемлекеттік мүддеге, ұлттық құндылықтарымызға, ал оқулық сапасының қазіргі жоғары талаптарға сай келуін қамтамасыз ету маңызды.

 

Әңгімелескен –

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Ханбибі биігі

Тұлға • Бүгін, 08:25

Даланы әнмен тербеген

Тұлға • Бүгін, 08:20

Ақтаңгер ақын

Тұлға • Бүгін, 08:18

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:15