Әскер • 18 Қыркүйек, 2024

Елорданың 1 200-ге жуық азаматы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының Жастар сарайында күзгі әскерге шақыру науқанында Отан қорғауға ниеттенген азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Ер азаматтардың алғашқы легі Шекара қызметіне аттанды, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.

Елорданың 1 200-ге жуық азаматы Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады

Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, Қарулы күштер Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы полковник Фархат Құрманғажинов, ҰҚК Шекара қызметінің ардагерлері, жас сарбаздар мен әскерге шақырылғандардың ата-аналары қатысты.

Осы жылдың күзінде елордадан 1200-ге жуық азаматты әскерге шақыру жоспарланып отыр.

Қарулы күштер Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы әскер қатарына қосылған азаматтарға арнаған сөзінде мерзімді қызметті өткеру кезінде жігіттер қару-жарақ пен әскери техниканы басқару машығын үйреніп қана қоймай, шынығып, шымыр болатынын атап өтті. 

«Азаматтың әскери қызмет өткеруі міндеті ғана емес, қасиетті борышы. Әскерге алынған әрбір жауынгер Отанды қорғауы – өз үйін, туыстары мен жақындарын қорғауы екенін түсінуі керек», деді полковник Фархат Құрманғажинов.

Елорда әкімінің орынбасары жиналғандарды айтулы оқиғамен құттықтап, әскер сапын толықтырғандар үшін бұл күн – өмір бойы есте қалатын ерекше салтанатты күн екенін алға тартты. 

«Әскери антқа адал болып, ел алдындағы борыштарыңды абыроймен өткеріңдер!», деді Ерік Мейірханов. 

Айта кетейік, 30 әскерге шақырылушы биыл құрылғанына 100 жыл толатын Шығыс Қазақстан облысының Зайсан шекара басқармасында мерзімді әскери борышын өтейді. Олардың кейбірі ел шебін қорғауды отбасылық дәстүрге айналдырмақ ойы да бар.

«Мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде борышымды өтейтініме қуанып тұрмын», деді әке жолын жалғастырған әскерге шақырылушы Мадияр Жолжан. 

Іс-шара барысында жас сарбаздар шекарашылардың қызметіне арналған көрмемен танысып, олардың күнделікті өмірі туралы бейнероликтерді тамашалады. Ал «Батырлар» әскери-патриоттық орталығының тәрбиеленушілері іс-шараға қатысушыларға қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Салтанатты шығарып салу рәсімі Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ансамблі дайындаған концертке ұласты.

Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38