Қоғам • 18 Қыркүйек, 2024

Бірыңғай QR-код төлем жүйесі

60 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылға дейін еліміздің барлық банкі бірыңғай QR-код төлем жүйесіне көшеді. Ол кезде он шақты POS-терминал ұстап, әр терминалды жеке-жеке пайдалану қажеттілігі жойылады. Яғни қай банктің клиенті болсақ та, кез келген жерде төлем жасай аламыз.

Бірыңғай QR-код төлем жүйесі

Сурет: ru.freepik.com

Биыл ақпан айында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жыл соңына дейін бірыңғай QR-код төлем жүйесі іске қосылатынын айтқан еді. Тіпті бас банк екінші деңгейлі банктерді осы жүйеге қосылуға міндеттеуі мүмкін деп ескерткен-тұғын. Банктер бас тартқан жағдайда Ұлттық банк шара қолданбақ. Себебі бұл жүйе – экономикалық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі. Өзгеріске нарықтық үдеріс түрткі болып отыр. Сәтті жүзеге асырылған жағдайда, банктердегі төлем жүргізу едәуір жеңілдемек.

Жайлы бастама жақсы жаңалық болғанымен, дайын­дығы біршама уақытқа созылды. Енді Ұлттық банк мұны 2025 жылдың бірінші жартысына жоспарлап отыр. Бұл туралы Ұлттық төлем кор­порациясының төрағасы Бинұр Жәленов айтты.

«Биыл банкаралық аударымдар мүмкіндігін телефон нөмірі бойынша, ал келесі жылдың бірінші жартысында бірыңғай QR арқылы қосамыз деген жоспар бар. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр», деді ол.

Кеше Астанада өткен «Жаңа әлемдегі халық­ара­­лық қаржы жүйесі» конференциясында осы туралы толық мәлімет сұрадық. Сонда QR-кодты пай­далану кезінде комиссия болмайтынын, сондай-ақ жүйенің жыл соңына дейін неге дайын бол­мағанын түсіндірді.

– Біз жүйені биыл іске қосамыз деп айтқан едік. Қазір жүйе бар, тек банктерді қосу үдерісі жүріп жатыр. Әр банктің өз бэклогі, өзіндік даму жолы барын естен шығармаған жөн. Осы әрекеттердің барлығын жеделдетуге жұмыс істеп жатырмыз. Биыл телефон нөмірлері бойынша аударма қызметі іске қосылады және QR-кодты сынақтан өткізбекпіз. Қазір тариф мәселесі талқыланып жатыр. Бұл қолданыстағы шешімдерге қарағанда тиімдірек болады. Бірақ олардың шоттары арасында тұтынушыларға комиссия болмайды. Бірыңғай QR-кодты өзіміздің әзірлеушілер жасап жатыр, – деді Б. Жаленов.

Сонымен қатар ол бәрін алдымен тексерістен өткізудің маңызына ерекше тоқталды. Себебі бұл халықтың ақшасы дейді. Егер қандай да бір қателік болса, адамдар ақшасын жоғалтуы мүмкін. Сол үшін де сапаға баса мән беру керек. 

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше