Қоғам • 13 Қыркүйек, 2024

Күдіктіні ұстауға көмектесті

73 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында елордадағы Байқоңыр ауданының Ә.Жангелдин көшесінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету қызметін атқару кезінде патрульдік топ бастығы Ермахан Төребеков қансырап жатқан адамға алғашқы көмек көрсеткен.

Күдіктіні ұстауға көмектесті

Жәбірленушіге дереу алғашқы көмек көрсетіп, жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін оқиға орнына шақырған. Сондай-ақ бейнебақылау камерала­ры­ның көмегімен оқиға орнынан қашып кеткен күдік­ті­нің бағытын анықтаған. Шұғыл хабарлама алған әскери жасақ бастығы, сержант Нұрсұлтан Қайратбек, патрульдеуші сарбаздар Бақытжан Боранбаев пен Ярослав Фикс жедел іздестіру шараларын ұйымдасты­рып, көп ұзамай күдіктіні Қарасай батыр көшесінде қолға түсіреді.

Кеше Ұлттық ұланның елордадағы әскери қала­шығында қызметін қалтқысыз атқарған әскери қыз­метшілер Ішкі істер министрінің орынбасары, Ұлттық ұланның бас қолбасшысының бұйрығымен «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Марапатты жауынгерлерге Ұлттық ұлан бас штаб бастығының орынбасары – Жедел басқару бас бас­қар­масының бастығы Ерлан Жақыпов табыстады.

– Қала тыныштығын сақтау – біздің басты міндетіміз. Бас қалада өтіп жатқан ауқымды іс-шара кезінде тұр­ғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қорғауға ерекше мән берілген. Сондықтан кез келген жағдайға дайынбыз, – дейді сарбаздар.

Бүгінде қала көшелерінде тікеден тік тұрып, тәулік бойы тыныштықты сақтауға атсалысып жүрген әскери жасақтардың арқасында жоғалған жандар жақындарына табысталып, табылған заттар иелеріне қайтарылды. Түрлі қылмыстың алдын алды. Сарбаздардың қырағылығы күн сайын түрлі қылмыстық оқиғаға тосқауыл қойып, есірткімен, қарумен жүрген қоғамға қауіпті азаматтар қолға түсіп, заң алдында жауапқа тартуға септігін тигізіп жатыр. Адам өміріне араша түскен жағдайлар да аз емес. Бүгінде бас қаланың тыныштығын сақтап, тұрғындардың қауіпсіздігін қорғауға Ұлттық ұланнан күн сайын мыңнан аса әскери қызметші жұмылдырылады.

Соңғы жаңалықтар

Терраса тақтасы

Ғылым • Кеше