Ұлттық спорт • 13 Қыркүйек, 2024

Астанада асық атудан әлем чемпионаты өтіп жатыр

109 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада асық ату спортынан әлем чемпионатының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада асық атудан әлем чемпионаты өтіп жатыр

Фото: Астана әкімдігі

«Аспан» спорт кешенінде өткен іс-шараны Көшпелілердің асық спорты Халықаралық федерациясы мен «Асық ату» республикалық федерациясы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

«Құрметті қатысушылар мен қонақтар. Бүгін асық атудан бірінші әлем чемпионаты болып жатыр. Ол қазақ жерінде өтіп жатқаны жайдан-жай емес. Қатысып жатқан барша адамға алғысым шексіз. Сіздерге сәттілік тілей отырып, бүгінгі жарысты ашық деп жариялаймын», деді Мәжіліс депутаты, Көшпелілердің асық спорты Халықаралық федерациясының президенті Олжас Құспеков.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш чемпионат қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен мәдениетін әлемдік аренада ілгерілетудегі маңызды қадамдардың бірі болмақ.

«Бүгін - тарихи күн. Себебі елордада асық атудан тұңғыш әлем чемпионаты өтіп жатыр. Асық ату - бұл қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Ойын ептілікке, мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Бір сөзбен айтқанда, бұл ойынның пайдасы мол», деді Асық ату федерациясының атқарушы директоры Азамат Манапов.

Чемпионаттың ашылу рәсімінде қатысушылар мен көрермендерге әсерлі концерттік бағдарламалар, ұлттық музыкалық және би қойылымдары ұйымдастырылды. Сондай-ақ жиналғандар асық ату ойыны туралы жан-жақты ақпарат алып, оның қыр-сырымен танысты.

Айта кетейік, спорттық жарысқа Қазақстан, АҚШ, Грузия, Венгрия, Ресей Федерациясы, Румыния, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, Испания, Чехия, Үндістан, Өзбекстан сынды елдердің үздік спортшылары келді.

Жеңімпаздар ақшалай сыйлық пен кубоктармен марапатталады.