Қазақстан • 27 Тамыз, 2024

Қазақстанда қандай мемлекеттік наградалар бар

280 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының азаматтары жемiстi мемлекеттiк, қоғамдық, шығармашылық қызметi, еңбектегi және жауынгерлiк ерлiктерi үшiн олардың Республикаға сiңiрген еңбегiнiң танылуының белгiсi ретiнде мемлекеттiк наградалармен марапатталады. Осы орайда республика бойынша жалпы қандай атақ-даңқтардың бар екені және олардың кімдерге берілетінін оқырман назарына ұсынамыз.

Қазақстанда қандай мемлекеттік наградалар бар

Фото: Ашық дереккөз

Ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгілері:

«Алтын Қыран» ордені - Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі. Осы орденмен азаматтар Қазақстан Республикасына ерекше мемлекеттік қызметі үшін марапатталады. «Алтын Қыран» орденімен марапаттауға үміткерлерді Қазақстан Президенті айқындайды. Қазақстан Республикасының Президенті лауазымы бойынша ерекше үлгідегі «Алтын қыран» орденінің иегері атанады.

«Халық қаһарманы» атағы - Қазақстан Республикасындағы «Алтын Қыран» ордені және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен бірге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі. «Халық қаһарманы» атағы Қазақстан Республикасына сiңiрген аса үздiк еңбегi, оның бостандығы мен тәуелсiздiгi жолындағы жауынгерлiк ерлiктерi үшiн берiледi. «Халық қаhарманы» атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелiк белгiсi – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені тапсырылады.

«Қазақстанның Еңбек Ері» атағы - Қазақстан Республикасын экономикалық, әлеуметтік-гуманитарлық дамытудағы аса үздік жетістіктері үшін беріледі. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелік белгісі – «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені тапсырылады. Айрықша ерекшелік белгісі - «Қазақстанның Еңбек Ері» Алтын жұлдызы ордендік тағанға жалғастырушы шығыршалар арқылы бекітілген алқа.

Ордендер:

«Отан» ордені - Қазақстан Республикасының марапаты.  Бұл орденмен азаматтардың экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті дамытудағы мемлекеттік, құқық қорғау және әскери қызметтегі, демократия мен әлеуметтік прогресті дамытудағы ерекше еңбегі үшін марапатталады.

«Барыс» ордені - Қазақстан Республикасының мемлекеттігі мен егемендігін нығайту ісіндегі; бейбітшілікті, қоғамның топтасуы мен Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз етудегі, мемлекеттік, өндірістік, ғылыми, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық қызметтегі, халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы, ұлттық мәдениеттерді жақындастыру мен оларды өзара байытудағы, мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды нығайтудағы айрықша еңбегі үшін жүргізіледі. «Барыс» ордені үш дәрежеден тұрады:

  • I дәрежелі «Барыс»;
  • II дәрежелі «Барыс»;
  • III дәрежелі «Барыс».

I дәреже орденнің жоғары дәрежесі. Наградтау III дәреже, II дәреже, I дәреже ретімен жүргізіледі. Ерекше жағдайларда айрықша көзге түскені үшін Мемлекет басшысының шешімімен наградтау реттілік ескерілмей жүргізілуі мүмкін.

«Даңқ» ордені - 1993 жылы құрылған Қазақстан Республикасының ордені. «Даңқ» орденімен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жоғарғы офицер құрамының тұлғалары, сондай-ақ прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының басшы қызметкерлері және басқалары:

  • әскерлерді басқару және бақылаудағы табысы, әскерлердің жоғары жауынгерлік әзірлігі мен елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз еткені үшін;
  • әскери, шекаралық және ішкі қызметтерді мінсіз ұйымдастырғаны, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылықты нығайту және қоғамдық тәртіпті қорғағаны үшін марапатталады.

«Айбын» ордені - Қарулы Күштердің, басқа әскерлердің және әскери құрамалардың әскери қызметшілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарының, прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер органдарының қызметкерлері:

  • жауынгерлік әзірлікте, әскерлерді жоғары жауынгерлік даярлықта ұстауда және жаңа әскери техниканы игеруде, заңдылықты және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде қол жеткізген табыстары үшін;
  • әскери және қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы, сондай-ақ мемлекет мүддесін қорғау кезінде жасаған ерлігі үшін наградталады.

«Айбын» ордені үш дәрежеден тұрады:

  • I дәрежелі «Айбын» ;
  • II дәрежелі «Айбын» ;
  • III дәрежелі «Айбын» .

I және II дәрежелі «Айбын» ордендерімен офицерлердің кіші және аға құрамдарындағы адамдар наградталады. I дәреже орденнің жоғары дәрежесі болып табылады. Наградтау: II дәреже және I дәреже ретімен жүргізіледі. III дәрежелі «Айбын» орденімен сарбаздар, матростар, сержанттар, старшиналар наградталады.

«Парасат» ордені - Қазақстан Республикасының ордені. Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен 1993 жылы белгіленді. «Парасат» орденімен ғылым мен мәдениет, әдебиет пен өнер қайраткерлері, сондай-ақ республиканың рухани және интелектуалдық әлеуетін дамыту мен молайтуға зор үлес қосқан немесе адам құқықтарын және оның әлеуметтік мүдделерін қорғау жөніндегі белсенді қызметі үшін азаматтарды марапаттайды.

«Достық» орденi — 1995 жылы белгіленген Қазақстан Республикасының лауазымды марапаты. Орденмен азаматтар қоғамдағы ұлтаралық және азаматтық татулықты сақтау жөніндегі жемісті жұмысы үшін халықтар арасындағы бeйбiтшiлiктi, достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ciңipreн еңбегі үшін марапатталады. «Достық» ордені eкi айырымнан: I дәрежелі «Достық» ордені жұлдыздан және иыққа acaтын лeнтaдaғы opдeннiң бeлгiciнeн тұpaды.

«Құрмет» орденi — 1993 жылы құрылған Қазақстан Республикасының ордені. «Құрмет» орденін сәулетші Базарбаев Сүйерхан Оспанбекұлы әзірлеген. «Құрмет» орденімен азаматтар экономиканы, әлеуметтік саланы, ғылым мен мәдениетті, білім беруді дамытудағы сіңірген еңбегі, мемлекеттік органдардағы үлгілі қызметі және белсенді қоғамдық қызметі үшін марапатталады.

«Еңбек Даңқы» ордені — еңбек жетістіктері үшін берілетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаты. «Еңбек Даңқы» орденімен өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және басқа да салалардың жұмыскерлері кәсіпорындардағы, мекемелердегі, ұйымдардағы жемісті еңбегі үшін, сондай-ақ тиісті салалардағы жоғары көрсеткіштері үшін наградталады. «Еңбек Даңқы» ордені үш дәрежеден тұрады:

  • I дәрежелі «Еңбек Даңқы» ;
  • II дәрежелі «Еңбек Даңқы» ;
  • III дәрежелі «Еңбек Даңқы» .

I дәреже орденнің жоғары дәрежесі болып саналады. Наградтау III дәреже, II дәреже және I дәреже ретімен жүргізіледі.

«Еңбек Даңқы» орденінің үш дәрежесінің иегерлері мәртебесі бойынша «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдарға теңестіріледі.

Медальдар:

«Ерлігі үшін» медалі — «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік марапаттары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2676 Заңының негізінде белгіленген Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаты. Медаль азаматтарға адам өмірін сақтауға байланысты төтенше жағдайларда (суда, өртте, табиғи апаттар кезінде), қылмысқа қарсы күресте көрсеткен батылдығы мен қайсарлығы үшін беріледі.

«Жауынгерлік epлiгi үшін» медалі — «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік марапаттары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2676 Заңының негізінде белгіленген Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаты. Медальмен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының әскери қызметшілері, сондай-ақ прокуратура, ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер және қылмыстық-атқару жүйесі органдарының қызметкерлері:

  • әскери бөлімнің, бөлімшенің жауынгерлік тапсырмаларды ойдағыдай орындауына, сондай-ақ қылмысқа қарсы күресте ықпал еткен ұрыста шебер, белсенді және батыл әрекеттері үшін;
  • мемлекеттік шекараны қорғауда көрсеткен ержүректігі үшін;
  • қызметін өтеу барысында сіңірген еңбегі үшін беріледі.

«Ерен еңбегі үшін» медалі — «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік марапаттары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2676 заңының негізінде белгіленген Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаты. Медаль азаматтарға экономикадағы, әлеуметтік саладағы, ғылымдағы, мәдениеттегі және мемлекеттік қызметтегі еңбек жетістіктері үшін беріледі.

«Шапағат» медалі — «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік марапаттары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы № 2676 заңының негізінде белгіленген Қазақстан Республикасының мемлекеттік марапаты. Медаль азаматтарға белсенді және жемісті қайырымдылық қызметі мен мейірімділігі үшін беріледі.

Бұдан бөлек елімізде Құрметті атақтар, Көп балалы аналарға арналған марапаттар, Мемлекеттік сыйлықтар және салалық марапаттар бар.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының ордендерi мен медальдары сол жақ омырауға тағылады. Ал, Орден белгісін иық лентасына тағу кезінде ол оң иық арқылы өтеді. Осы орденнің жұлдызы сол жақ омырауға ордендерден солға қарай орналасады. Марапатталған адамдар ордендер мен медальдардың орнына белгіленген үлгідегі марапаттар рәмізін тағып жүре алады.