Пікір • 27 Тамыз, 2024

Қарттар үйіне барғыңыз келмесе...

364 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бұрын қазақ жерінде «қарттар үйі» мен «балалар үйі» секілді «тастандылар» мекенінің болмағаны өз алдына, тіпті ұлттық дүние­та­­нымымызға мұндай түсініктің өзі жат. Біз жетімін жылатпаған, жесірін қаң­ғыт­­паған, қартын құрметтеген ел едік.

Алайда қазіргі қарттар үйіне бара қалсақ, қаптаған қаракөздерді көреміз. Бұл қалай болды? «Әке-шешең жынды болса да, байлап бақ» деген ата-баба өсиетінен аттадық па? Иә, бұл келеңсіздіктің түбін қазып, тереңіне үңіліп көрсек, түбірінде бір кілтипан бар секілді...

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса бір сөзінде «15-20 жыл бұрын «Қазақ үні» газетінің журналистері Алматыдағы қарттар үйінде сауалнама жасағанда, олардың 97 пайызы орыс мектебінде оқыған болып шықты» деген мәліметті айтқаны бар. Белгілі тіл жанашыры Оразкүл Асанғазы да «Баласын орыс мектебіне берген ата-ана қазір қарттар үйінде отыр», деген болатын. Бұл айтылған сөздерге бастапқыда қатты мән бермеп едік. Алайда жуырда Астанадағы қарттар үйіне (ресми атауы – «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы) бас сұғып, оның директорымен әңгімелескенде, бұл жерде тұрып жатқан ата-әжелердің де басым көпшілігі орыстілді қазақтар екеніне көз жеткіздік...

Сонда бұның себебі неде? Орыс мектебінде оқып, орысша сөйлеп, қазақтың салт-дәстүріне сай тәрбие алмаған адамдардың бәрі әке-шешесін қарттар үйіне сүйрейді деген ойдан аулақпыз. Дегенмен бұл жайт көңілге күпті ой салғаны рас.

Қазіргі күні, әсіресе жас буынның ұлт­тық тамырынан ажырап бара жатқаны белгілі. Ес кірген шағынан көбі шетелдің киносы мен мульфильмін көреді, шетелдің кітаптарын оқиды. Қазір бәрі интернетте шетел блогерлерінің «сандырақтарынан» мотивация алатын болып жүр. Бәлкім керегін алып, кәдеңе жарата білсең, ішінде пайдалысы да бар шығар. Алайда шетелдің тәрбиесі мен дүниетанымында біздің ділімізге жат ережелер мен ұстанымдар да көп екенін естен шығармаған жөн. Соның бірі – «Бұл өмірде маған ешкім ешнәрсе міндетті емес, мен де ешкімге ешнәрсе міндетті емеспін» деген түсінікті біртіндеп санаға сіңіреді. Иә, бір қарасаң, әділетті ұстаным сияқты. Бірақ осы «ереже» кейде қазақтың отбасы институтын іштен ірітуге де өзінің кесірін тигізіп жатқанын ойлай бермейтініміз өкінішті.

Шын мәнінде, біздің дүниетанымда мұндай түсінік жоқ. Әрбір адам ата-анасының алдында мәңгіге қарыздар. Бізді өмірге әкеліп, кішкентайымыздан мәпелеп өсірген әке-шешемізге жақсылық жасауға, қартайғанда оларды бағып-қағуға міндеттіміз. Бұл – ең алдымен, бізге Құраннан жеткен қағида. Онда: «...Егер олардың (яғни әке-шешенің) бірі немесе екеуі де қолдарыңда тұрған кезде қартайса, оларға «үһ» деп те айтпа (яғни кейіс білдірме). Сондай-ақ оларға зекіме және оларға сыпайы сөйле. Мейіріммен құшақ жайып былай деп дұға жаса: «Құдайым! Олар мені кішкентай күнімде қалай мәпелеп өсірген болса, оларды солай мейіріміңе бөлей гөр», делінген.

Қазақтың көнеден жеткен даналық сөздері де бізге әке-шешеге мейіріммен қарауды, оларға қартайғанда жақсылық қылуды үйретеді. «Қарты бар үйдің қазы­насы бар», «Ауылыңда қария болса, жазып қойған хатпен тең», «Ата-ананың қарызы – ұрпақтың өмірлік парызы» деген мақал-мәтелдерді бойына сіңіріп өскен бала өзінің перзенттік парызын ешқашан естен шығармайды, қартайған әке-шешесін далаға тастамайды. Қонақжайлық, жақыныңа жанашырлық, ата-анаға, балаға деген мейірімділік, отбасындағы татулық секілді ұлтымызға тән қасиеттердің бәрі ана тілімізде, салт-дәстүріміз бен ұлттық санамызда жатыр. Қазақы дүниетанымда әсіресе ата-анаға жақсылық қылуды қасиетті парыз санайды. Ал оны біліп өскен бала бұл қасиеттен ешқашан аттамайтыны сөзсіз.

Бәлкім, бүгінгі қарттар үйінде орыстілді қазақтардың көбеюі осы айтылған қазақы тәрбиенің жоғалуынан да шығар, кім білсін? Тамырынан қол үзген жұрт қасиетті парызын аяқасты етіп жатыр. «Өмір алма-кезек» деген шындыққа мойын бұратындар, ата-анаға жасаған ісі ертең өзіне де келерін ойлайтындар азайғаны ащы да болса шындық.

Қоғамдағы мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін әрбір қазақ өз баласын қазақ мектебіне беріп, қазақы тәрбие алуына, ұлттық дүниетанымнан сусындап өсуіне мүмкіндік жасауға тиіс. Бұл – біздің тарих алдындағы, ұрпақ алдындағы міндетіміз. Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетінін ескеріп, бала болашағын бесіктен белі шықпай жатып байыптағанымыз абзал.