Абай • 10 Тамыз, 2024

Ерекше есім-сой иесі

262 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел ішінде Абылай мен Абай, Шәкәрім мен Мұхтар, Кенесары мен Қасым деген есім-сой кең таралған. Ал танымал тұлғаның есімі мен тегі де қатар аталатын жандар сирек, алайда бар. Солардың бірі – Абай
Құнанбаев.

Ерекше есім-сой иесі

1995 жылы Семей қала­сында дүние есігін ашқан сәбиге Құнанбай әулетінің үлкендері қандай ат қоямыз деп бас қатырған жоқ. Себебі нәресте өмірге келерден бір апта бұрын бақиға көшкен Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан атасы «Абай» деген ат қойыңдар деп өсиет етіпті. Сол жылы дүркіреп өткен хакім Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы да әсер еткен болар деп топшылайды жақындары. Бүгінгі күні Абай облысы полиция департа­­мен­ті Есірткі қыл­мысына қар­сы іс-қимыл басқармасы­ның жедел уәкілі болып қызмет атқаратын Абай Шалқарұлы атасы қойған осы бір аяулы атты абыроймен алып жүр.

Мектеп жасында жүр­генде Абай есімінің бар ауырт­палығын сезініп, қиналғанын бүгінде жымиып қана есіне алатын Абай Құнанбаев: «Са­бақты жақсы оқуға тырыс­тым. Үйдегі ата-анам да, мұғалімдер де барынша білікті, білімді болуға баулыды. Сабақ оқымай не қандай да бір тентектік іс қылсам, Абай есімінің мәні мен мағынасын терең түсіндіретін. Содан кейін бе, алғыр болып алға ұмтылуға, замандастардың алды болуға құлшындым», дейді.

Орта мектепті тәмамдаған соң Алматыға аттанды. Жас Абай ІІМ Алматы академия­сының курсанты атанды. Ішкі істер саласының білгір мамандарын даярлайтын оқу орнын ойдағыдай бітіріп, лейтенант шенін алып шықты.

Абай Құнанбаев ақын Абай шығармашылығын бала кезден білгенінің артық бол­мағанын айтады. Еңбек жолын Өскемен қаласы Ішкі істер басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі болып бастады. Осы бөлімде қызмет атқара жүріп, қалта және пәтер ұрлықтарын ашумен айналысатын арнайы топ өкілдерімен тізе қосып қызмет атқарды. 2020 жылы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды ашу бөлімінің жедел уәкілі лауазымына ауысты. Екі жыл бойы қызмет баспалдағын ойдағыдай атқарып, Абай облысы құрылғаннан кейін облыс орталығына көшіп келді. 2023 жылдан бері Абай облысы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі болып қызмет етеді.

Ұлы ақын есімін иеленіп жүрудің ауыртпашылығы мен жеңіл тұстары туралы сұрағымызға полиция капитаны: «Дана болсын, дана болмаса да, сол даналықты түсінер ұл болсын деп ат қойғаннан кейін Абай есімін алып жүру ауыр не қиын деп айтуға болмас. Бастысы, осындай есімің болғаннан кейін әртүрлі жағымсыз қылықтан бойыңды аулақ ұстайсың. Жауапкершілікті сезінесің, бұл алдымен Абай атын жа­мандықтан арашалау болса, екіншіден, ата-ана үмітіне селкеу түсірмеу», дейді Абай Құнанбаев ағынан жарылып.

 

Абай облысы 

Соңғы жаңалықтар

Астықты өңірдің сенімі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:50

130 отбасы баспаналы болды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Аға буынның өнегесі

Референдум 2024 • Бүгін, 09:43

Аға ұрпақ – асыл қазына

Қоғам • Бүгін, 09:40

Ұйымшылдықпен өткен күн

Референдум 2024 • Бүгін, 09:38