23 Қаңтар, 2015

«Сапа» – сан қырлы серiктестiк

313 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазығұрт ауданының Шарбұлақ ауылында жыл он екi ай бойы тұрақты әрi табысты жұмыс iстейтiн «Сапа-2002» деп аталатын кәсiпорын туралы естiгенде сүйсiнгенiмiз рас. Кейiн оған барудың да сәтi түстi. Шынында да, аймақ орталығынан қашықтағы елдi мекеннiң iргесiнде жол бойында ауқымды алаңды алып жатқан, сыртын қоршаған жасыл желектiң арасынан биiк ғимараттары мен түтiнi будақтаған мұржалары менмұндалап көрiнiп тұрған еңселi зауыт әрі-берi өткендердiң назарын өзiне ерiксiз аударғандай едi. Қақпасынан кiрiп-шығып жатқан тасымал техника түрлерi де көзге шалынады. Көңiлге жылылық ұялататын бұл көрiнiстер алыстағы ауылда да тыңғылықты кәсiпорын бар екенiн және онда қайнап жатқан жұмысты анық байқатады. Бұрындары «Гүлденсе ауыл – гүлденемiз бәрiмiз» деп жырлайтын түкпiрдегi елдi мекендерiмiз қазiр азып-тозып барады дейтiн пiкiрлердi терiске шығаратын нақты дәлел емес пе бұл?! Сыртынан-ақ көрiп тұрмыз, қаладағы жүйелi жұмыс iстейтiн кәсiпорындардан айырмашылығы аз, тiптi, бiлiнбейдi. Ал ауласына енiп, цехтарын аралағанда шаруасының жақсы жолға қойылып, әбден қалыптасып қалғанына көзiмiз жеттi. Әу баста, негiзi мықты қаланған шаруашылық екенi бiрден-ақ сезiледi. Бұл күнде даңқы дүрiлдеген осы ЖШС-нiң иесi Нұржан Аширов тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында-ақ мақсары егiншiлiгiмен айналысуға ден қойып едi. Кейiн келе iсi өрге жылжып, кәсiпкерлiктiң қыры мен сырын бiр кiсiдей меңгергенде 2002 жылы көпсалалы болып қайта құрылды. Жаңа ұйымдасқан «Сапа-2002» ЖШС-нiң атқаратын тiрлiгiнiң ауқымы уақыт өткен сайын ұлғая түстi. Серiктестiк бастапқы кезде өсiмдiк майын өндiретiн әрi сығындыдан қалған сарқындыдан жем дайындауға болатын мақсары ектi, одан кейiн бидай егудi бастады. Қазiргi кезде 4,5 гектар жерге осы дақылдар өсiрiледi. Алғашқысының әр гектарынан мау­сым сайын орта есеппен 12-14 центнер, екiншiсiнен 20-25 центнерден тұрақты өнiм жиналады. «Сапаның» сан-салалы екенiн баяндадық. Аудандағы бiрден-бiр және бiрегей iргелi шаруашылық жұмысының басым бағыты – мақсары егiп, дақылынан өсiмдiк майын шығару және оны өңдеуден артылған қалдықтарынан малға құнарлы жем әзiрлеу. Осы заманғы технологиялық қондырғылар орнатылған цехтардың қуаттылығы жылына 2160 тонна. Аудан халқының сұранысын толық қамтамасыз етуге 800 тоннасы жұмсалады. Ал қалғаны облыстың басқа өңiрлерi мен өзге елдерге жiберiледi. Атап айтқанда, Өзбекстанға, Қырғызстанға, Ресейге жөнелтiледi. Тiптi, iргедегi Ташкенттен өсiмдiк майына сұраныс жөнiнде келiсiмшарт жаңа өнiм жиналмай жатып-ақ жасалып қойылады екен. Жұмыс ырғағы үйлесiмдi кәсiпорынға сенгендiктен Қазығұрт және өзге аудандардың шаруа қожалықтары өздерiнiң өсiрген мақсарысын «Сапаға» өткiзіп, тiптен кейде пiсiп тұрған астықты егiнжайдан тiкелей орып алуларын өтiнiп те жататын көрiнедi, Әрине, бұған «Сапаның» техникалық күшi де жеткiлiктi. Серіктестікте бүгiнде егiн оратын 7 комбайн, жер жыртатын 5 «К-700», жаңа үлгiдегi шынжыр табанды 3 трактор, тасымал автокөлiктерi және басқа да ауылшаруашылық техникалары бар. Өсiмдiк майын шығаратын ауылдағы кәсiпорында бұл күнде 100-ден астам адам жұмыс iстейдi. Зауыттың барлық жүйесiнде мамандар жеткiлiктi. Сырттан шақырылғандар жоқ. Бәрi де жергiлiктi тұрғындардан жасақталыпты. Жұмысшылар мен қызметкерлердiң орташа айлық жалақысы 40 000-50 000 теңгенi құрайды. Жалпы, кәсiпорын жобасы Елбасының тапсырмасымен қабылданған үдемелi индустриялық-инновациялық даму мемлекеттiк бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Және де екiншi деңгейлi банк арқылы алған 90,0 миллион теңге несиесiн «Бизнестiң жол картасы-2020» бағдарламасының бiрiншi бағыты бойынша субсидияландырып отыр. Нарықтық экономикада орнықты орын алып үлгерген «Сапа-2002» ЖШС-нiң тағы бiр қабiлеттiлiгi жоғарыда айтылғандай, көпсалалы өндiрiстi дамытуында ерекше көрiнiс тапты. Серiктестiк соңғы жылдары өз жағдайларын сараптай келе мал шаруашылығын қоса өркендетуге түбегейлi бет бұрды. Ауылда тiршiлiк еткен соң, төрт түлiктi де өсiру керек. Басын көбейтiп қана қоймай, түрлi өнiм беретiндiгiн де кәдеге ұтымды жарату жағын қамдастыру қажет. Етiнiң, сүтiнiң, жүнiнiң өзiнен талай табыс табуға болады. Қазiр серiктестiкте 450 жылқы, қылшық жүндi 5000 едiлбай қойы бағылады. Бордақыланған мал етi Алматыға, Астанаға жөнелтiледi. – Табиғат құдiретiмен туындар тосын жағдайларға қарсы жасар шара бар ма, сiрә. Кейде ауа райының күрт өзгеруiнен егiншiлiгiмiзге зиян келiп жататыны да рас. Осындайда кездесетiн кездейсоқ шығындарды жасыратыны жоқ, қолдағы малдың есебiнен жабуға тура келедi. Бәрi де бiр серiктестiктiң қазанында қайнап жатқан соң, бiр саланы екiншiсiнен бөле-жарып жүрмеймiз. Табиғат құбылысынан егiн шығымы өте төмен болған кездерi мемлекет тарапынан тұрақты қолдау көремiз. Менiң өмiрлiк ұстанымым – жұмысымды жетiлдiре отырып, iзденiспен алға ұмтылу. Құдайға шүкiр, бiзде мақсатқа жетудiң барлық мүмкiндiгi бар, – дейдi ЖШС директоры Нұржан Сапабекұлы. Мiне, шалғайдағы ауылда тұрып-ақ көпвекторлы шаруасын дөңгелетiп отырған «Сапа-2002» ЖШС-нің жаңашыл, жемiстi жұмысымен аудан, қала бердi, облыс экономикасына қыруар үлес әкелсе, екiншiден, орта және шағын бизнестi дамыту жөнiндегi мемлекет саясатына үн қосуда өзiндiк орны бар өнегелi iс екенiн айту керек. Бүгiнде мықты бизнес – қуатты мемлекеттiң бiр тiрегiне айналғаны ақиқат. Жеңiс БАҺАДҮР. Оңтүстiк Қазақстан облысы, Қазығұрт ауданы.