23 Қаңтар, 2015

Баға бақылауда

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қыстың көзі қырауда деп айтуға ұят. Өйткені, биылғы қыстың көктем мен күзден сәл ғана айырмасы болып тұр. Күн жылы. Дария да толық қатпады. Соның салдарынан Сырдың бойын қайта-қайта тұман басып қалып жатыр. Кейде өзімізді Лондонда өмір сүріп жатқандай сезініп те кетеміз. Бұрынғыдай жұлқынып соғатын жел де жоқ. Әйтеуір, биылғы қыс қаһарына міне алмаған күйі орнын көктемге босатып беретін шығар. Дегенмен, қыс қолайлы екен деп жылу маусымы тоқтап қалмайды. Жалғаса береді. Осы тұста қызылордалық тұрғындарға жағымды жаңалықты жеткізгіміз келеді. Биылғы қаңтар айынан бастап «Қызылорда жылу электр орталығы» МКК жылу тарифінің 3,6 пайызға төмендегенін мәлім қылды. Бұған дейін тұтынушылар жылу үшін қосымша құн салығын есептегенде 85,1 теңге төлеп келген. Алдағы уақытта бұл сома 82,03 теңге болмақ. Қызылордада тек жылу бағасы ғана бақылауда емес. Тұрғындар үшін қажетті өзге тауарлардың да бағасы шарықтап кетпеуі қатаң назарда ұсталады. Мәселен, аймақтағы азық-түлік бағасын қадағалау мақсатында  тұрақтандыру қорын басқару комиссиясы, штаб және жұмыс тобы жұмыс істейді. Облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Дәуірбек Әбуовтің айтуынша, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-тың еншілес «Қызылорда қаржы компаниясы» серіктестігі мен «Мирас» сауда орталығының арасында арнайы келісім жасалған. Аталған әріптестік келісімге сәйкес көкөніс өнімдері базар бағасынан 15-20 пайыз арзанға сатылып жатыр. Сондай-ақ, жаңа жыл қарсаңында «Төмен баға» логотипі ілінген 4 сауда орындары ашылған. – Өткен жылы облыс тұрғындарын сапалы әрі арзан көкөніспен, ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында 60 жәрмеңке өткізіліп, 266 миллион теңгенің өнімі нарықтағыдан 15-20 пайыз төмен бағамен сатылды,– дейді Дәуірбек Кеңесұлы. Облысқа қарасты аудандар мен қалада орналасқан сауда-саттық дүкендерімен әлеуметтік маңызы бар тауарларға негізсіз үстеме қоспау мәселесі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, сауда орындарының иелерімен ынтымақтастық меморандумға қол қойылған. Мамандардың айтуынша, бүгінгі күні облыстың азық-түлік нарығындағы жағдай тұрақты, сұранысқа ие тауар­лардың жетіспеушілігі байқалмайды. Қысқасы, Қызылорда облысында баға шарықтап, халық артық шығынға батып жатқан жағдай жоқ. Екі иінінен демалып дағдарыс кеп қалса да, бағаны қалыпты жағдайда ұстап отыр. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.