23 Қаңтар, 2015

Болат жол береке әкелді

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_0774Тарихқа көз жүгіртсек, Алматы темір­жолының электрлендірілуі 1984 жылы Мойынты – Шу бағытында басталған екен. Шу теміржол бөлімшесінің алғашқы электрлендірілген Мойынты – Сарышаған учаскесі 1985 жылы, Шығанақ учаскесі 1986 жылы пайдалануға беріліпті. 1988 жылдың қарашасында Шу торапты стансасына алғаш рет электровоз келеді. Ал 1995 жылы 4 қаңтарда Транс­Қазақстан теміржол магистралінің Луговой – Шу телімін электрлендіру жұмысы аяқталып, оның салтанатты іске қосылуына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл желінің елімізге, халқымыздың болашақ өміріне тигізетін пайдасы өте зор екенін айта келіп, «Ұлы Жібек жолы болат магистралі арқылы қайта жаңғырып, осы арқылы Қазақстан Тынық мұхитта Еуропа елдеріне жететін трансконтиненттік теміржол желісіне қосылып отыр», деген болатын. Міне, облыс үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызы зор болған Шу – Луговой теміржол бөлігін электрлендірудің 20 жылдығына арналып мемориалды белгі қойылды. Шынында, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында бұл теміржол бөлігі өңірдің ғана емес, бүкіл республикамыздың теміржол тасымалын арттыруға үлкен үлес қосты. Электрлендірілген теміржолдар ТМД мен Қазақстанның көлік жүйесінде бүгінде негізгі күш болып, жүк және жолаушы тасымалының денін атқарып келеді. Бүгінде Қазақстан теміржолы ірі тасымалдаушы ғана емес, Жамбыл облысының индустриясын дамытуда көшбастаушы ұлттық компания болып табылады. – Ел мен елді, қала мен ауылды байланыстырып отырған жол қатынасының ел экономикасы үшін қашанда маңызы зор. Ал осы қатынастың басым бөлігін қамтып, ауыр жүгін арқалап отырған теміржол саласы екені баршаға белгілі. Сонау 60-шы жылдары паравоздың орнын алмастырған тепловоздарға таң-тамаша қарасақ, бүгіндері жүйіткіген электр пойыздарға қол жеткізіп отырмыз. Шу қаласының әрбір тұрғыны теміржолдың дүрсілін жөргегінде естіп өссе, халықтың 70 пайызының еңбек жолы осы теміржол саласымен байланысты. Әулиеата өңірі тіршілігінің «күре тамыры» болған электрлендірілген болат жолының берекесі кіріп, даңқы арта түсті, – дейді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. Жиын соңында бірқатар теміржол­шыларға құрмет грамотасы мен алғыс хаттар тапсырылды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы, Шу ауданы. Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.