23 Қаңтар, 2015

Алапат жарылыс поэзиясы

348 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
far 1«Жыл өтті үлкен жүрек тоқтағалы, Оны біз көп іздейміз жоқтап әлі...» Күн байыды. Елең-алаң, алагеуім мезгілде атқан таң нұры, көк жүзіне шаншыла көтеріліп келе жатып, тас төбеден құлады. Түс ауып, бесінге таяды. Жоғарыдан төгіліп, төменді аялаған,  өлкелерді, асуларды, белдерді жылы шуағына бөлеген айрықша қуат сарқылып бара жатып қырқаларға ілінді, қарт адамдай құба жондарға, қара жолдарға еңкейді. Кешқұрым шұғыла ұзарып, жүріп өткен жолында толған, салтанаты асып, сәулеті жайнаған алтын табақ біртіндеп ақырын құлақтанды, қызыл күрең түске бөленді, оттың табы, ыстықтың лебі азайды – ғаламзатқа жарық құйып тұрған, жайлап өсіп келе жатқан ғарыштың алып нүктесі қызуынан айырылды. Төңірек қарайып, түнек көз байлады. Ақшам жамырады, сонсоң, апақ-сапақ шақта, тосын суық хабар жетті. Қызыл іңірде, ел аман, жұрт тынышта, заңғар биіктің көктегі шапағынан көз жасындай тамған, Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбар куә, Тәңір шапағаты, Жасаған Ие шарапаты, қала берді, шашқан жарлық махаббатынан жаралған арайлы күн, асыл перзент жалған дүниеден өтті, қырқа асып, түн қойнауына сіңді. Уа, Дешті Қыпшақ даласы, Фариза дүние салды! Махамбеттің қос жүзді болат сем­серіндей – жалғандықты қақырата  шапқан Фариза ақын, Оңғарсынова ханшайым патшалықтың інжу-маржан байлығына көз салмай, алтын-күміс қазынасына назар аудармай, дүние-мүлкіне құштар болмай, ықыласы түспей, тәкаппар қалпы баянсыз, тұрлаусыз фәнимен қош айтысып кете барды. Дешті Қыпшақ даласы! Алапат жарылыстың аяулы перзенті, зор қайратты Күн сөнгенде, зеңгір көк аспан әлемін жарқыраған жасық жұлдыздар билейді. Әдетте, таң атқанда, Құс жолында үркердей топтана шашылған, жүздеген шоқжұлдыздар өрістен қайтқан енелеріне ұмтылған жас төлдердей жамырап ағып түсер еді. Ей, Алаш жұрты! Пенде, Иса, аләйһис сәләм, пайғамбар тәрізді, фәни ғұмыр қызығының құрбаны, бірақ, лұғат құрастырып, рисала жазған, жаратылысты танып, жұмбағын шешкен хакім қалайша бақидың, көп ғасырлық тарихтың, шексіз заманалардың шаң-тозаңы астында ізім-қайым жоғалып кетеді. Зады, ештеңе жойылмайды, жоқтан бар жасалмайды, құдіреті күшті Құдай ғана алып қуатқа ие, асқан қайрат, асыл қасиет қожайыны. Алайда, Алланың құлай сүйген құлы болады, ол – Әсмәнің сіңлісі, Омар Һайамның қарындасы, адамзаттың аруы. Қара танып, сауат ашқан, кітап оқып, хақиқатқа талпынған ол, тегінде, хатқа тұлпардай жүйрік еді, шындыққа жақ, жалған сөзге қас еді... Бабаларының жауһар көзі еді ол! Сұлулықты көрген, даналыққа асық, таңғажайып дүниені таңғалып жырлаған ару ақын бола-тұғын зериза, лал, ақық Фариза! Негізі – шұғыла, тегі – топырақ, тірші­лі­гінде от боп ойнап фәни кешкен, өрттей лаулап өмір сүрген Фариза шайыр бауы­ры суық піл сауырлы қара жерге аттанар кезде, тар өткелдің та­балдырығында тұрғанда, жалын атып маздап жанған құшағы ыстық маздақ ғұмырға өлердей жабысып, қимай есінен танып, талықсып жығылмады. Иә, Фариза ақын дерт меңдеп, сырқат жеңгенде, тамылжыған өмірге жармасып, өлермендік танытқан жоқ. Ажалдан қаймықпады, тағдырынан тосылмады, бұрнағыдай алға жүрді, қарсы алдында оны, Кенесарыны тосқандай, тек өлім ғана күтіп тұрды. Күн сөнді, от өшті, Фаризаға бір уыс топырақ бұйырды. Бірақ қасиетті кітаптар, бабалардың өсиеті айтқандай, таң, асылы, қайтадан атады, күн қайыра шығады, задында, батты деген, уа, он оқ бұдын, алты Алаш, елең-алаң алдындағы Тәңірдің бір көз жұмып алған тынысы, қалт еткен бір тыныштығы екен. Фариза Оңғарсынованың сөздері маржандай тізіліп, алтындай жарқыраған –  күн жауһарлы кітаптары – алапат жарылыстай мәңгілік. Дидар АМАНТАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Fariza apai 3

Жырдың жарық жұлдызы

Фариза Оңғарсынова поэзиясы қазақ жырындағы қыз-келiншектер өлеңдерiне ғана емес, жалпы ұлттық рухқа, халықтық болмысқа қатысты көптеген қасаң қалыптарды қақыратып өткен қасиетiмен қымбат танылады. Бiз қай заманда да халқымыздың әйел-анаға, сүйген жарға, қыз балаға құрметi бөлекше болды десек, қазақ қызды жасытпай, жарқылдатып өсiрдi десек, олардан батыр да, ақын да, көсем де, шешен де шықты десек, соның бәрiне даусыз дәлелдi Фариза жырларынан табамыз. Оңғарсынова өлеңдерi қазақ қызының бiз айрықша ардақтайтын асыл қасиеттерiн — жан тазалығын, ар тазалығын, шыншылдығын, сыршылдығын, батылдылығын, ақылдылығын, аяулы сезiмi мен қаяулы көңiлiн кiр шалдырмай ұстауға ұмтылатын асқақ аңсарын айрықша көркем күйде ақ қағазға төгiлте түсiрiп бергенiмен қымбат. Ә дегеннен әдеби ортадан жырақтау жүрiп, жыр жарысына жетпiсiншi жылдардың бас жағында ғана қосылған Фариза өлеңдерi қазақ поэзиясына өзiндiк үнiн ала келдi дей салу аздық етедi. Фариза – қазақ рухына әсер еткен ақын. Сексен алтының желтоқсанында Алматының қақ ортасындағы қарлы алаңға шыққан қарындастарымыздың арасында Фариза жырынан жанына жылу алғандар аз болмағаны анық. Онсыз да қыз баланы бөлекше қастерлейтiн халқымыз Фариза өлеңдерi арқылы әйел затының қадір-қасиетiн бұрынғыдан да биiк бағалай түстi деудiң ешқандай артықтығы жоқ. Фариза өзiне дейiн «қыз-келiншектер поэзиясы» деп аталып, кеңдiкпен, кейде тiптi кешiрiммен қаралып келген ұғымға да басқаша сипат бердi. Поэзияда жаңа өлшем орнатты. Бiз ақын жырларының жұмсақ лиризмiн, жұмбақ табиғатын әлi де ашып көрсете алмай жүрмiз. Автордың күнделiктi өмiрдегi қалпына қарап оның жырларынан бiрыңғай асқақтық, кiлең бiр өрлiк iздей беру де қате ұғым. Шынтуайтында, әйелдiң әлсiз әлемiнен шыққан Фариза жырларының табиғаты нәзiк, тiптi қорғансыз болып келедi. Ақын жырларының күшi де сол әлсiздiгiнде. Антологияның бұл ұсынымындағы «Әйелдiң монологы» соншалықты дәл табылған поэтикалық ырғағымен де, шыңғырған шындығымен де, сыздатар сыршылдығымен де, адамның ең бiр жан түкпiрiнде жататын интимдiк сезiмдердi жалаңаштай жаздап барып қайтадан жарқыратып алып кететiн ғажайып шеберлiгiмен де қайран қалдырады. Сұрапыл сезiм суретiнiң мұндай үздiк үлгiлерiн әлем әдебиетiнiң қазынасына қысылмай қосуға болады. Ашығын айтар болсақ, Фаризаның махаббат лирикасындағы жекелеген өлеңдер Ахматова мен Цветаеваның сөз қадiрiн бiлер жұрт мiнәжаттай жаттайтын жауһар жырларынан бiрде-бiр кем емес. Сондықтан да Фариза Оңғарсынова поэ­зиясы өткен ғасырдың соңғы ширегiндегi қазақ әдебиетiнiң бөлекше құбылысы болды, сондықтан да Мұқағали «жiгiтiнен қазақтың дос таба алмай» қиналғанда жүрегiн жегiдей жеген жан сырын Фаризаға айтты, сондықтан да Фариза жырларының рухы нәзiк өрлiктiң, сыршыл ерлiктiң бейнелi баламасына айналды. Қазақ өзiнiң Фаризасын, аяулы ақын қызын сол үшiн де қадiрлейдi, қастерлейдi. Сауытбек АБДРАХМАНОВ. («Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» авторлық антологиясының алғысөзінен, «Раритет» баспасы, 2007 жыл).