23 Қаңтар, 2015

Аспаз

1015 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Дұрыс әзірленген тамақ – адамның көтеріңкі көңіл күйінің кепілдігі. Тамақты жақсы дайын­дайтын маман барлық жерде қа­жет. Перзентханада, балалар үйінде, зауытта, қазіргі заманғы офис пен сәулетті мейманханаларда аспаз таптырмайтын мамандық. аспаз 2– Мен Бородулиха ауданының тумасымын. Балалық шағым Камышенка ауылында өтті, – дейді Ләйла Ыдырысова, – кейін отбасылық жағдайға бай­ланысты Семей қаласына көшіп келдік. Семейде қатар­лас­тарымнан қалмай еңбек еттім. Бұл тоқсаныншы жылдар болатын. Жұмыс жоқ, электр энергиясының өзі тапшы Семейде үйіміз қаланың шет жағында. Сол кезде біз сияқты жас отбасыларға да оңай болған жоқ. Қолымызда кішкентай баламыз бар, оны бағып-қағу керек. Киім, тамақ керек. Бәрі ақшаға келіп тірелмей ме? Осындай қиын уақытта жұбайыма бір көмегім тисін деп асханаға ыдыс-аяқ жуу­шы болып орналастым. Осыдан менің еңбек жолым басталды десе де болады. Ыдыс-аяқ жуушы болып көп жұмыс істеген жоқпын. Өзімнің жеке кәсібімді бастағым келді. Мен табиғатымнан тамақ дайындауға өте жақынмын. Асханада ыдыс жуып жүріп, қандай тағамның болсын дәмін татып көргім келетін. Жетпей тұрған, болмаса көп салынған нәрсесін бірден сезіп қаламын. Тамақ дайындауға табиғатымнан жақын болған соң бәрінен де осы мамандықты таңдадым. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы туралы естіген Ләйла Ыдырысова қалалық жұмыспен қамту орталығында біліктілігін қайта көтеру курсына жазылып, аспаз мамандығына жолдама алады. Курс барысында бүгінгі күнгі ас мәзірі және мерекелік дастарқан мәдениетінің қайта өркендеуінен түсінік алып, заман талабына сай келетін асханалық ыдыс-аяқтарды жетілдіруді, дастарқан басында өзін-өзі ұстауды оқып-түйсініп, білімін қажетінше кеңейтеді. Курсты тәмамдаған соң қаладағы «Бауырсақ» деп аталатын шағын асханаға аспаз болып орналасады. Кейінірек асхананың иесі Ресейге көшпекші болып, «Бауырсақты» Ләйла Ыдырысова жеке өзі жалға алып, жұмыс істей бастайды. – Шағын асханамды біраз уақыт өткен соң кеңейтіп, дәмханаға айналдырдым. Адамдар дәмханама түскі асқа, демалуға, уақытын қызықты әрі мазмұнды өткізуге, отбасы мерекелері мен мерейтойларын атап өтуге келеді. Сол кезде бізге рахметін айтып жатады. Барлық халықтың ұлттық тағамдарын дайындаймыз. Кейбір адамдар аспаз өнерінде ешқандай қиындық жоқ, тек қана тағам­дар­ды араластыру керек, ал пеш өзі пісіріп шығарады деп ойлайды. Қазіргі заманда кім тамақ дайындау білмейді, тіпті кез келген адам аспаз бола салады дейді. Бірақ олай емес. Бұл істе ең алдымен талғам керек, дәм мен иісті сезіп, халықты тойдырып қана қоймай, көңілінен де шыға білген жөн, – дейді бас аспаз Ләйла Ыдырысова. Оның дәмханасында жұмыс күні таңғы сағат алтыдан басталады екен. Қарамағындағы сегіз қызметкері осы уақытта келіп, өз жұмыстарына дереу кірісіп жатады. Нан, ет өнімдерінен жасалған тағам уақытында тезірек әзір болу керек. Ал сағат таңғы жеті жарымнан бастап адамдар тамақ ішуге келе бастайды. Жеке дәм­ханам бар деп қол қусырып отырған Ләйланы байқамадық, ол жұмысшыларымен бірге нан илеп, тамақ пісіріп, жанталасып жүр. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.СЕМЕЙ.