22 Қаңтар, 2015

Солтүстік Қазақстанда қарыз диқандар жауапқа тартылады

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
карызПЕТРОПАВЛ. 22 қаңтар. «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясының Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы белшеден қарызға батқан диқандардан берешегін енді сот арқылы өндіріп алуды көздеп отыр. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бүгінгі күні берген серт, айтқан уәдеден айнып отырған борышкерлердің қарызы 264 миллион теңгеден асып жығылады. Диқандар жылқы жылының өте ауыр соққанын айтқанымен, мүдделі ведомоствоның бұл уәждермен еш келіскісі жоқ. Ауа райының күрделілігі ескеріліп, бидайды сатып алу бағасы көтерілгенін, мәселен, 3- сұрыпты бидайдың бір тоннасы 42 мың теңгені құрағанын алға тартады. «Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен 9,5 миллиард теңгеге 265 мың тонна астық сатып алдық. Бұлар – үшінші, төртінші, бесінші сұрыпты бидай және арпа дақылдары. Қабылдау жұмыстары жалғасқанымен, өз міндеттерінен жалтарып жүргендер жоқ емес. Соған қарамастан өңірдегі шаруа қожалықтарын қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асырып жатырмыз. Атап айтқанда, несиеге 37 мың тонна тұқым беруді жоспарлап отырмыз», дейді «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің директоры Рустам Жанатаев. Оның айтуынша, өткен жылы 1,5 миллиард теңгеге 100-ден астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қаржыландырылыпты. Жағдайларына қарап, несие мерзімі ұзартылыпты. Енді оның уақыты созылып кетсе, сотқа жүгінуден басқа амал қалмағанға ұқсайды. Наурыздан бастап «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы көктемгі, күзгі дала жұмыстарын атқаруға жеңілдетілген несие бере бастайды. Ал қыркүйек айына дейін ұн үгу комбинаттарына арзан бағамен бидай жеткізіп тұру белгіленген. Алайда, Үкімет тарапынан жасалып жатқан осындай қамқорлықтарды пайдаланып алып, ат-тондарын ала қашып жүрген борышкерлердің бұл әрекеті еш ақтауға жатпайды. Өмір Есқали. Дерек: egemen.kz. Сурет: «ҚазАқпарат».