22 Қаңтар, 2015

Заң жобалары айналымға алынды

223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Үкімет Үйі-ПарламенМәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында өзін өзі реттеу, кәсіпкерлік, мемлекеттік сатып алу және өзге де заң жобаларына қорытынды әзірлеу мерзімдері бекітілді. Сондай-ақ, палата Мажарстанмен заңсыз адамдар реадмиссиясы, сақтандыру және исламдық қаржыландыру заңдық құжаттарын талқыға салды. Күн тәртібіне шығарылған Қазақстан мен Мажарстан үкі­мет­тері арасындағы олардың мем­ле­кеттерінің аумағында заңсыз тұратын адамдардың реадмиссия­сы туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы депутаттар қолдауына ие болды. Ол бойынша баяндаманы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жасады. Келісім мақсаты тараптар мемлекеттерінің аумағында заңсыз жүрген адамдардың реадмиссиясы мен транзитін өзара жеңілдету болып табылады. Сондай-ақ, тараптар мем­ле­кет­терінің аумақтарына келу және оларда болу шарттарын орындамайтын адамдарды қауіпсіз түрде және тәртіппен қайтаруды орнату көзделген. Бұл санатқа елі­міз аумағына заңсыз кірген неме­се заңды, бірақ визаның немесе ел­де болу мерзімі өтіп кеткеннен кейін қалған адамдар жатады. Аста­на және Алматы қалаларының халық­аралық әуе жайлары реадмиссия үшін кесіп өту пункті болып табылады. Келісім сол сияқты үшінші мем­лекеттер азаматтарының және азамат­тығы жоқ адамдардың реадмис­сиясын, транзиттік операция­ларды, дербес деректер мерзім­дерін есептеуді және оларды қорғауды регламенттейді. Бұл ретте реад­миссияға жататын адамдарды сұ­рау салынатын тараптардың мемлекеттік шекарасына дейін тасымалдау жөніндегі, сондай-ақ, оларды ықтимал қайтаруға байланысты шығыстарды сұрау салушы уағдаласушы тарап көтереді. Сол сияқты кешегі отырыста «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапты, яғни депутаттар «Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасы Қазақстан Конституциясында және Қазақстан қабылдаған халық­аралық келісімшарттарда бекітілген азаматтық, саяси, әлеу­меттік, экономикалық, мәдени және басқа да құқықтар мен еркін­діктерді іске асыруда мүгедектерге басқа азаматтармен теңдей мүм­кіндіктер жасауды қамтамасыз етуге бағытталған. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенованың сөзіне қарағанда, заң жобасының негізгі міндеті мүгедектер мен тұрғындардың өзге де шағын мобильді топтары үшін қызметтер мен объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оңалту саласын­да қызметтер ұсыну тетігін жетілдіру, мүгедектер үшін өмір қызметі мен қоғамға ықпал­дасуда тең жағ­дай­лар жасау болып табылады. Қазіргі таңда конвен­ция­ны 151 мемлекет, оның ішінде ТМД елдерінен – Армения, Әзербай­жан, Грузия, Молдова, Ресей Феде­рациясы, Украина ратификация­лады. Конвенцияны ратификация­лау Қазақстандағы 627 мың мүге­дек­ке және олардың отбасына консти­туциялық құқықтары мен еркін­дік­терін іске асыруда қосымша кепілдіктер береді. Сонымен қатар, депутаттар Сақ­тандыру және исламдық қар­жы­ландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын екінші оқылымда қолдады. Заң жобасының негізгі мақсаты ислам­дық сақтандыруды енгізу, ислам банктерінің қызметіне анағұрлым қолайлы жағдайлар жасау, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесінің тұрақ­ты­лығын және қаржылық орнық­ты­лығын қамтамасыз ету көздел­ген. Жалпы, заң жобасы елімізде толық­қанды исламдық қаржы жүйесін құруға бағытталған. Жұмыс топтарының отырыстарында жаза­тайым оқи­ға­лардан міндетті сақтан­дыру жүйесін реформалауға қатыс­ты бірқатар өзгерістер қолдау тапты. Олар сақтандыру төлемдерін оңтай­ландыруға және үйлестіруге қатысты. Мәселен, сақтандыру компа­ниялары төлейтін төлемдерді Мем­ле­кеттік әлеуметтік сақтан­дыру қо­рынан төленетін әлеу­мет­тік төлемдер сомасына азайту; зейнет­ақы жарналарын ұстап қалу­мен зейнеткерлік жасқа дейін төлемдерді жүзеге асыру; 10 ЕТЖ (ең төмен жалақы) аспайтын мөлшерде сақтандыру төлемдерін есептеу кезінде ескерілетін орташа айлық кірістің ең жоғары мөлшерін белгілеу; еңбек қабілеттілігінен 30 пайызға дейін айырылудың жеңіл түрлері бойынша төленетін төлем­дерді жұмыс берушіге аудару және өзге де баптар көрініс тапқан. Бұ­­дан басқа, заңдық құжатта банк­тер­ді біріктіру немесе қайта құры­лым­дау кезінде біреуіне қатыс­ты бас және еншілес банктер ара­­сын­дағы активтер мен міндет­те­ме­­лерді беру жолымен қайта ұйым­­дас­тыру да назардан тыс қал­мапты. Сондай-ақ, заң жобасында сақтан­дыру төлемдеріне кепілдік беру жүйесін жетілдіруге; ислам банк опе­рацияларын жасасу (мурабаха) тәртібі мен шарттарын оңайлатуға; исламдық лизингтік операцияларды ұйымдастырудың және оның жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін белгілеуге қатысты сақтандыру және ислам­дық қаржыландыру мәселелері бойынша; қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеуді же­тіл­дірудің өзге де мәселелері бойынша түзетулер көрініс тапқан. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».