22 Қаңтар, 2015

Бірлік туралы бірер сөз

953 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бірлігі мықты ел болса, Барлығы түгел бауыр-ды. Төле бидің толғауынан.   Көмбесінен аршып алып көне заман, Төріне озды уақыттың Төле бабам. Құшағына сыйғызған күллі алашты, Ақылы абыз, Ойы алғыр зерек адам.   Ақыныңның көңілі неден алаң?! Егеменді, еңселі ел ол аман. Алға тартқан айдында кеме-қоғам. Өмір-мұхит, Өткел жоқ терең онан, Соның бәрін болжаған Төле бабам.   Жел айдаған тағдыры жапырақтай, Қазақ үшін құт қоныс атырап бай. Тарлық етті Төлеге кейде далам, Афинаға сыймаған Сократтай...   Билігіне болмапты сүйсінбеген, Парасатын, парқын кім түйсінбеген?! Үзік бауын үш жүздің үйлестіріп, Үй ішіне үй тіккен Үйсін Төлем...   Даласы кең... тауы асқақ... кемдігі жоқ, Ел бірлігі ең басты болды міндет. Үш жақтағы үш биді өле-өлгенше, Алаңдатқан алаштың Теңдігі көп.   Омақа асты сенген құр күшке талай, Жәй қарамақ елдік бұл іске қалай?! Ыдыратып, тоз-тоз қып жібереді, Ынтымағы жоқ елді дұшпан оңай.   Құйқылжыған күн еді құстар әні, Жиделбайсын түрленген түскі алабы. Жақсылармен бас қосқан Төле бабам, Алдарына алдыртты үш баланы.   Тұт ағашы жатқан бұл кезде гүлдеп, Ысырылып кейінге өзге міндет. Төле бабам алдыртты мәжіліске, Ұшқын шашқан үшеуін көздерінде от.   Бірлік болмақ бастайтын мұратқа елді, «Қалай... қайтіп?!» Жан-жақтан сұрақ төнді... Төле алдына үш бала тізе бүкті, Үш өркенге бұл нағыз сынақ болды.   Төле бабам оянып қалың ойдан, Қыл үстінде қазақтың жаны қайран! Деп күрсінді бір ауық, бір кездері Осылардай болатын Абылай хан.   Үстем болсын азамат ары малдан! Үйсін Төле алаштың бәріне арман. Басын қосқан үш жүздің хан Абылай, Керек болса, Төледен тәлім алған...   Қазақ деген момақан, тыныш халық, Ұлы күшпіз жұмылсақ! Ұмытпалық. Сөйтті дағы ұсынды үш балаға, Бөлек-бөлек «сындыр» деп шыбықты алып.   Шыққан бала ортаға бірінші боп, Шыбықты оңай сындырды «сүйіншілеп». Екіншісі екі тал жас шыбықты, Ол да турап тастады күлімсіреп.   Бәрекелді, деді де Төле бабам: Көз тіктіңдер күмілжіп неге маған?! Үшіншіге ұстатып уыс шыбық, Бағыңды көр, шық, деді қане, балам!   Өңшең жақсы ішінен тына қалды, Өнегелі іс еді сынақ әлгі. Бұрын бастан кешпеген мына халді, Бала болса бір уыс көк шыбықты, Олай-бұлай бірғауым бұраған-ды.   Моншақ-моншақ тер шыпшып маңдайында, Қиындатып алды-ау, ол хал-жайын да. Көнбеді уыс көк шыбық бала ырқына, Ойда болсын осы жай әрдайымда!   Болмас бұдан біз үшін асқан аңыз, Төле бидей толғауын тосқан абыз. Сол Бірлік пен Ынтымақ алтын кілті – Күн сұқтанған көркіне Астанамыз.   Алға тартқан Тәуелсіз кеме-қоғам, Болады ақын ендеше, неден алаң?! Мәңгілік Ел тұрғанда мамыражай, Мәңгі жасай береді Төле бабам!!! Толыбай АБЫЛАЕВ. Қызылорда облысы, Арал қаласы.