22 Қаңтар, 2015

АҚШ экономикасының ахуалы қандай?

348 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ШарайнаШарайна АҚШ президенті Барак Обама ел экономикасының рецессиядан кейін табысты қалпына келіп, соңғы кездері тұрақты өсімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Бұл мәлімдемесін президент Конгресте жасады. Обаманың сөзіне қарағанда, жаңа жұмыс орындарын құру 1999 жылдан бері алғаш рет жоғары қарқында жүзеге асырылып жатыр екен. Ал жұмыссыздық деңгейі қаржы дағдарысына дейінгі кезден төмендепті. Енді АҚШ президенті екі апта ішінде Конгреске экономиканы әрі қарай нығайту мен әлеуметтік саланы реформалауға бағытталған бюджет ұсынымдамаларының пакетін жіберуге уәде беріп отыр. Қысқасы, Обама соңғы кездері АҚШ экономикасы қол жеткізген бірқатар табыстарды атап көрсеткен. Бүлікшілер президент сарайын басып алды шарайнаЙеменнің астанасы – Сана қаласында мұздай қаруланған шииттік содыр-хутилер президент сарайын басып алды. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі ақпарат таратты. Ал бұған дейін хабарланғанындай, мемлекет басшысы Абда әл-Рахман Мансұр әл-Хади сарайының жанында әскери бөлімшелер мен шиит бүлікшілері арасында қақтығыс болған еді. Президенттің өзі қайда жүргені белгісіз. Оқиға куәгерлерінің сөздеріне қарағанда, жауласушы тараптар ірі калибрлі пулеметтер мен минометтер қолданған. Бұған дейін бүлікшілер үкімет әскерлері мен шиит бүлікшілері арасында қол жеткізілген бітімгершілікке қарамастан, премьер-министр Халед Махфуз Бахахтың кортежін атқылаған болатын. Мұның алдында, бұған дейін де хабарлағанымыздай, хутилер Йемен президенті әкімшілігінің басшысы Ахмед Авад бен Мүбәракты ұрлап кеткен еді. Мұнай өндіру екі еседен астамға азаяды 2030 жылға қарай мұнай өндіру екі есеге дейін қысқарып, тәулігіне 50 миллион баррельге дейін ғана жететін болады. Бұл туралы Давос форумында сөйлеген сөзінде француздың «Тотал» мұнай-газ компаниясының басшысы Патрик Пуянне мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, мұнай өндіру көлемін бұрынғы деңгейде ұстап тұру үшін орасан зор инвестициялар қажет болатын көрінеді. Сондай-ақ, ол дүниежүзіне барған сайын қуат көзі көп қажет етілетінін, мұнда көмірсутегінің үлесі таяудағы жиырма жыл ішінде шамамен 70 пайыз деңгейінде сақталып қалатынын атап көрсетті. Сонымен қатар, Пуянненің болжамынша, орта мерзімдік перспективада мұнай бағасы бұрынғы деңгейіне қайтып келеді. Бұл болжамын ол мұнай-газ индустриясы дамуының циклділігімен түсіндірді. Араб елдерімен альянс құрған тиімді Еуропалық одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік сая­саты жөніндегі Жоғарғы өкілі Федерика Могерини араб ел­дері­мен бірігіп, антитеррорлық альянс құруға ша­­қыр­­ды. Бұл туралы «Ассошейтед Пресс» агенттігі хабарлады. Еуропалық одақ кеңесінің халықаралық қатынастарға арналған мәжілісі барысында ЕО-ға мүше кейбір елдер сыртқы саясат ведомстволарының басшылары мұсылмандарды терроризмге қатысты айыптаудың орнына, олармен ынтымақтасу қажет деген пікір білдірген болатын. Мәселен, Ұлыбритания сыртқы істер министрі Филип Хаммондтың сөзіне қарағанда, Еуропалық одақты қорғау үшін араб елдерімен қазіргіден де тығыз өзара іс-қимыл қажет. Ұшақ апатының себептерін айтпайды шарайна2Индонезия басшылығы өткен жылдың 28 желтоқсанында теңізге құлаған AirAsia жолаушылар ұшағы апа­ты­ның себептері туралы алдын ала баяндаманы жал­пы­ға жария етпеу туралы ше­шім қабылдап отыр. Бұл тура­лы «Рейтер» агенттігі хабарлады. Мұндай шешім қабылдауға ненің себеп болғаны белгісіз. Жауапты адамдар алдағы аптаның басында тексеру құжаттарын Халықаралық азаматтық авиация ұйымына ұсынады деп күтілуде. Ережеге сәйкес, тексерудің алдын ала нәтижелері ведомствоға апат болған сәттен кейінгі отыз күн ішінде берілуі тиіс. Жалпы, соңғы кездері Малайзия тасымалдаушылары бірқатар күтпеген оқиғаларға тап келіп отыр. Бұл бір жыл көлемінде ұшақтар апатқа ұшырап, барлық жолаушылар мен экипаж мүшелері түгелдей қаза тапқан осындай үшінші оқиға болатын. Қарулы жасақ талабы – 200 миллион доллар «Ислам мемлекеті» қарулы жасағы жапониялық ке­піл­­дікк­е алынғандар үшін 200 миллион доллар көле­мін­де ақы талап етті. Ақша олардың қолына 72 сағат ішінд­е тиюі тиіс екен. Бұл жөнінде «Ассошейтед Пресс» агенттігі интернетке орналастырған бейнеүндеуде айтылады. Бейнеүндеуде бір терроршы мен екі кепілдікке алынған азамат көрсетілген. Болжам бойынша, олар жапониялық Кэндзи Гото Дзего мен Харуна Юкава делініп отыр. Жапондықтарға қайырылған бүлікші былай дейді: «Сендер біздің әйелдеріміз бен балаларымызды өлтіріп, мұсылмандардың (...) үйлерін қирату үшін еш ойланбастан 100 миллион доллар бердіңдер. Мына екеуін құтқару үшін енді 200 миллион доллар төлеңдер, әйтпесе екеуі де пышаққа ілігеді». Жапон жағы бейнеүндеуге қатысты әзірше ешқандай түсініктеме берген жоқ. Соңғы күндері «ИМ» бүлікшілері кепілдікке алынғандардың ішінен 5 адамды өлтірген еді. Қысқа қайырып айтқанда: *АҚШ президенті Барак Обама мен Франция президенті Франсуа Олланд телефон арқылы сөйлесу кезінде Ресейге қарсы санкцияларды ұстай тұру қажеттігі турасында пікір білдірді. Сондай-ақ, тараптар Украина үкіметін қаржылай қолдаудың маңыздылығымен келіскен. *Ресей мен Иран С-300 зенитті-зымырандық кешенін сату-сатып алуда пайда болған пікір қайшылықтарын жою үшін келіссөздерді жалғастыруға келісті. Алдағы келіссөздердің егжей-тегжейі әзірге белгісіз. Ал Иранға С-300 кешенін сату туралы келісімшартқа 2007 жылы қол қойылған еді. Келісім құны – 800 млн. доллар. *Сауд Арабиясында жасы 30-дан асқан күйеуге тимеген әйелдер саны 1,5 миллионнан асып кеткен. Бұл – корольдіктегі барлық әйелдердің үштен бірі деген сөз. Жергілікті тұрғындар үкіметті осы проблеманы шешу үшін шара қолдануға шақырды. Шара нақты нені меңзейтіні бізге белгісіз. *Антарктидада байланыс үзіліп қалған Ресей Мемлекеттік Дума­сының депутаттары Олег Савченко мен Александр Сидякин құрлықтың ең жоғары нүктесіне Ресей туын тіккен. Депутаттар байланыс орнаған соң осылайша Винсон шыңына шығудағы өздерінің басты мақсаттарын орындағанын жеткізген. Шыңның биіктігі 4897 метрді құрайды. Интернет материалдары негізінде әзірленді.