Саясат • 06 Шілде, 2024

Бас хатшы саммит жұмысын қорытындылады

82 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин Астана саммитін, оның ішінде ұйымға мүше мемлекеттер кеңесінің отырысын қорытындылап, бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз мәслихатын өткізді. Ол баяндамасында Қазақстан ШЫҰ-ға төрағалық еткен кезінде түрлі бағыттағы 140-тан аса іс-шара ұйымдастырылып, төрағалық өте мазмұнды және қызықты өткенін айрықша атап өтті.

Сондай-ақ ол ШЫҰ-ның жоғары органы ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысу өзі үшін үлкен мәртебе болғанына, ұйым басшылары кездесуінің қорытындысы туралы хабардар етудің маңызды екеніне тоқталды.

– Астана саммиті ұйым қызметінің барлық бағыты бойынша, әсіресе саясат және қауіпсіздік, сауда және инвестиция, көлік және энергетика, мәдениет және гуманитарлық байланыс бағытын­дағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту келешегін талқылауға арналды. Іс-шара барысында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер төңірегінде мазмұнды пікір алмастық. Бұл ретте қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ШЫҰ кеңістігіндегі «үш зұлым күшпен» күресудің қажеттілігі ерекше аталып өтті. Кездесуге қатысушылардың саммит барысында берген бағасына сүйенсек, Ұйым өз тарихының үшінші онжылдығында өзара сенім мен дос­тық рәуіштегі тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтудың, көпжақты диалогті кеңейтудің және өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетудің берік алаңына айналды. Қазіргі халықара­лық қатынастар жүйесінде ол күрделі геосаяси жағдайларда тұрақтылықты сақтауда шешуші рөл атқаратын беделді құрылым бола алды, – деді Чжан Мин.

Сонымен қатар Бас хатшы ұйым айма­ғының тұрақты дамуы мен өркен­деуін қамтамасыз ету, ШЫҰ Жарғы­сы­ның мақсаттары мен мін­деттерін қатаң сақ­тау, «Шанхай рухының» мызғы­мас қағидаттарын табанды түрде ілгері­лету үшін түрлі саладағы іс жүзіндегі ынтымақ­тастықты одан әрі арттыру құлшынысы баса айтылғанын жеткізді.

Баспасөз мәслихатында Чжан Мин 25 құжат қабылданып, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Астана декларациясы мақұлданғанын атап өтті.

– ШЫҰ-ның «Әділетті бейбітшілік, келісім және даму үшін дүниежүзілік бірлік туралы» бастамасын құру туралы шешім қабылданып, Циндао қаласы 2024-2025 жылдарға арналған ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасы мәртебесіне ие болды. Тату көршілік, сенім және серіктестік қағидаттары туралы мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің мәлімдемесі ретінде МБК-ның 3 мәлімдемесі жарияланды, – деді Чжан мырза.

Бас хатшы саммиттің негізгі нәтиже­лерінің бірі ретінде Беларусь Респуб­ликасының ұйымға мүше ретінде қосылу үдерісінің аяқталуын ерекше атап өтті. Нәтижесінде, ШЫҰ мүшелері он мемлекетке дейін артты. Хатшылық делегациясы Бейжіңге оралғаннан кейін ШЫҰ «отбасы» елдерінің дипломатиялық өкілдіктері басшыларының қатысуымен ұйым штаб-пәтерінің алдында Беларусь Республикасының мемлекеттік туын көтерудің салтанатты рәсімі өтетінін хабарлады.

Бұдан бөлек, ол ШЫҰ және оның тұрақты жұмыс істейтін органдарының қызметін одан әрі жетілдірудің басым міндеттеріне, сондай-ақ кейінгі уақытта өте белсенді жұмыс атқарып келе жат­қан ұйымды кеңейту үдерісіне ерекше мән берілетінін айтты.

Сөзінің соңына қарай еліміздің төрағалығына тоқталып, Қазақстан тарабы экономика, инвестиция, көлік, мәдени-гуманитарлық сала мәселелеріне, сондай-ақ экологиялық аспектілерге ерекше назар аударғанын жеткізді.

– Біздің ойымызша, Қазақстанның Ұйымға төрағалығы өте мазмұнды әрі қызықты болды. Ұйым қызметіне жаңа серпін беріп, оның тарихындағы тағы бір маңызды кезеңге айналған Астана саммиті бәріміз үшін тиімді де сындарлы және жемісті нәтижеге қол жеткізді. Осы мүмкін­дікті пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты осы басқосудың және жалпы төрағалығының сәтті өтуімен ыстық ықыласпен құттықтағым келеді. Маған және Хатшылық делегациясына жұмыс барысындағы көрсетілген ерекше қолдау мен көмек үшін, сондай-ақ жылы шыраймен және қонақжай қалыппен қабылдағаны үшін Қазақстандағы әріп­тестерімізге алғысымды білдіргім келеді, – деді ұйым Бас хатшысы Чжан Мин.

Астана саммитінен кейін төрағалық эстафетасын Қытай Халық Республикасы қабылдады. Жалпы, Қытай ШЫҰ-ның негізін қалаушы ел саналады, әрі ұзақ жылдар бойы ұйымның дамуына барынша үлес қосып келеді.