Мәдениет • 06 Шілде, 2024

Домбыра – қазақтың бойтұмары

168 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Секен ағаның әңгімесін тыңдап, саз туралы сырласудың өзі жаныңа симфониядай ғаламат әсер сыйлайды. Ал домбырасының шанағына тұнған күмбір күйі мен жүректерге жылу құйған әсем әндеріне құлақ түрудің қаншалықты рухани мейрам екені айтпаса да түсінікті. Бір қызығы, күйшімен кездесуіміз үнемі табиғат аясында орайласады екен. Әлбетте, бұл сәйкестік емес, өнер иесінің жан қалауы болса керек. Болмысы табиғатпен біте қайнасып кеткен күйші толғана кетсе, домбырасының көмейінен құйылған күмбір күйдей көкірегінен де көркем әңгіме ақтарылады. Бұл жолғы жүздесуіміз де өрелі өнер мен өнегелі өмір турасында тарқатылды.

Домбыра – қазақтың бойтұмары

– Осыдан он шақты жыл бұрын ақын досыңыз Ұлықбек Есдәулет екеуіңізге ере барып, бір топ журналист шығыстағы шырайлы жердің бірі – Үржарға, сіз туған жерге табан тигізіп едік. Сол әсер әлі де жадымыздан өше қойған жоқ. Айтыңызшы, күйші болуға осы бір қасиетті топы­рақтың қандай әсері болды? Жалпы, бойыңыздағы күйге деген қабілет пен қызығушылық қалай оянды?

– Иә, Үржар деген – үріп ауызға салғандай ерекше жер. Туған жерім – мақ­танышым, шабытымның бастауы. Ол жаққа барған сайын өзгеше түлеп, дүр сілкініп қайтамын. Қасиетті топы­рақ­тан қуат аламын. Өзің білетіндей, мен отба­сының аңсап күткен перзентімін ғой. Маған дейін екі баласы шетінеп кеткен соң, менің де тұрымды боларыма сенбеген әке-шешем 12 наурызда өмірге келсем де, маған құжат беруге асықпапты. Тек қырқымнан шығарған соң ғана, яғни туған күнімді 1 мамыр деп көрсетіп, құжат­қа тіркетіпті. Қайтсін енді, әбден қайғы жұтып, көңілдері де секемшіл болып қалған ғой. Ал есімімді ырымдап әкеме серік болсын деген ­ни­ет­пен Серік­болсын атаған екен. Бірақ ерке­летіп Секен деп кетіпті. Содан өзім – Секен, туған күнім 1 мамыр деп тасқа басы­лыпты. Осылай, қызым. Ал күйге деген қызығушылығымды оятқан адам наға­шы ағам Төлебай болатын. Сол кісі­нің домбырада ойнағанын көріп таң-та­ма­ша қалатынмын. Сабақтан шыға салып нағашыма асығатынмын. Бір ауыл­да тұрғанымызбен, екі үйдің ортасын үл­кен өзен бөліп жататын. Сондықтан ол жақ­қа жетуімінің өзі қиямет-қайым еді десем болады. Бесіктей тербеліп тұратын жал­ғыз­аяқ аспалы көпірден теңселіп жүріп әзер өтетінмін. Сонда мені батыл қылған да, тербелмелі көпірден қорықпайтын көзсіз ер еткен де сол бір өнерге, қасиетті домбыраға деген іңкәрлік болса керек.

– Небәрі 24 жасыңызда жазылған «Көңіл толқыны» бірден көпшілік жүрегіне жол тауып, тыңдарман арасында зор ықыласқа ие болды. Мұның сыры неде деп ойлайсыз?

– Күйдің жанында, шынайылығында шығар. Себебі ол жай жазыла салған жоқ. «Көңіл толқынының» өн бойында менің ішкі мұңым, қасіретім жатыр. Сол күй, жүректің халі тыңдарманға жеткендіктен де, көңілдерге берік бекіген болар. Жалпы, менің үнемі айтатын «Қасиетті өнер қасіреттен туады» деген сөзім бар. Әрине, қайғы-қасіреттің бетін аулақ қылсын. Бірақ сол сөздің жаны бар ма деп те ойлаймын кейде. Менің де «Көңіл толқыным» қатар келген қос қайғыдан жаным егіліп, өзімді-өзім қоярға жер таппай жүрген шарасыз шақта туып еді. 22-23 жасымда қос құлыным Анарым мен Жанарымнан қапияда айырылып қалдым. Екеуі де екі жасында, тәтті кездерінде қаза тапты. Аралары тура бір жас болатын, біріншісінен көз жазып, есеңгіреп жүргенімде, бір жылдан соң екіншісін жер қойнына тапсырдым. Адамның ішіне түскен қасірет түбі бір шығуы керек қой. Менің қайғым күймен шықты десем болады. Қайғыдан қан жұтып, басымды тауға да, тасқа да соғып, сансырап жүргенімде Мәскеуде өткен дүниежүзілік жастар фестиваліне жол түсті. Ол 1985 жыл болатын. Фестиваль бағдарламасы аясында қаланың сыртында сейіл-серуенге шығып, орманның ортасында жүр едік, аяқ астынан жаңбыр жауып кетті. Келген көлігіміз алыста қалып қойғандықтан, бәріміз жапа-тармағай жауыннан қорғанатын жер іздеп кеттік. Көзіме сонадайда орналасқан ағаштан қиып салынған орыстың көне үйі көрінді. Есік-терезесі ашық-шашық, қабырғасы құлаудың аз-ақ алдында тұр. Дереу сонда жүгірдім. Сөйтіп, жауыннан жасырынып тұрғанымда, алдыма кішкентай бір көлшік пайда болып, соған төбеден тамшы тамды. Сол тамшы кенет құлағыма ырғақ болып келе бастады. Осылайша, жақсы бір әуен ойымда құрала берді. Әлемді ұмытып, сол әуенге елтіп барамын. Бір уақытта жел жаңбырды қуалап әкеліп қабырғаға соғады, бір мезетте тып-тыныш бола қалады да, қайтадан төпелейді. Тағы бірде гүлдің басын ырғап-тербеген жел әлгі әуенімді басқа қырынан дамыта түседі. Осындай бір тылсым үн өзінен-өзі құлағыма сыбырлады да отырды. Қолымда не домбыра, не қалам мен қағаз жоқ, тек ыңылдаумен жаңа туындының буын-бунағын, иірімдерін ішімнен қайталай бердім. Осылайша, іштегі шемен болып қатқан қайғы-шер «Көңіл толқыны» болып сыртқа шықты. Күй тыңдарманын тез тапты. Тіпті 15 жыл бұрын жапондардың алдында «Көңіл толқынын» орындағанымда, олар күйдің шығу тарихын сұрады. Бар­лығын бастан-аяқ баяндап отырамын ба, «Бұл күй Семей, Невада, Хиросима, Нагасакиге арналған» дедім. Мұны естіген тыңдармандарым тағы бір мәрте орындап беруімді өтініп қолқалады. Олар да «Көңіл толқынынан» өз қасіретін сезінді ме екен, ағыл-тегіл жылады.

– «Тартымды туынды табиғатпен тілдескенде туады» деп қалдыңыз. Тағы да қандай сәттер домбыраңызды қолыңызға алғызады?

– Шығармашылық адамына түрлі жағдай, көңіл күй, тебіреністі сезім, содан кейін, әрине, адамның жеке тағдыры әсер етпей тұрмайды. Жақсы сұрақ қойдыңыз. «Мен қай уақытта қолыма домбы­рамды аламын?» Күй жақсы бір адам­мен кездес­кен кезде, жақсы поэ­зияны оқығанда немесе санаңа сілкініс, жайӨдақ танымыңа төңкеріс жасар кітапты оқығанда туады. Сондай туындының бірі – Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» романы. Әлі есімде, түнгі сағат екіде шығарманы оқып тауыстым. Санамда шын мәнінде сілкініс жүрді. Желмаясына мініп желіп келе жатқан Ананы көз алдыңызға елестетіңізші! Астарында қандай үлкен мағына жатыр. Бұл – жазу­шының келешекке алаңы еді. Қалам­гер болашағын іздеген ұрпақтың тағды­рын қалай тапқыр тәсілмен көркем жет­кізе білген. Сол секілді Мәңгүртті алып қарайықшы. Бұл мәселе қазір өзек­тілігін өткірлендірмесе, маңызын, құн­ды­лығын титтей де жойған жоқ қой. Тек бүгінгі мәңгүрттік қоғамда қалай көрі­ніс беріп жүр? Ол – басқа мәселе. Көр­діңіз бе, қаламгердің көрегендігін? Ол кезде біз соны аңғардық па, жоқ па біл­меймін. Бірақ жазушының сондағы айтқан ескертпесі, қаупі бүгінде айна-қатесіз келіп жатыр. Міне, осындай мәселелер мені қатты толқытты, жаным тебіренді. Осылайша, «Ару ана» күйі шыққан еді. Жалпы, күй деген себеп­сіз тумайды ғой. Әр туындының өз тағ­дыры, төл тарихы бар. Менің па­йымымда күй дегеніңіз – романнан да биік тұрған дүние. Ондағы иірімдер, айта­йын деген ойлар... Мұның бәрі жада­ғай­лықты, шалалықты көтермейді. Күй ұзақ толғатқанды, көп ізденуді қажет етеді. Иә, күй дегеніңіз жанды толқытқан дүние­ні тыңқылдатып шығара салу емес. Ол – тұтас кеңістік. Асқар Сүлейменов ағам: «Ән шығарушылар аз емес, күй шыға­ру­шылар көп емес», деп айтушы еді. Шыны­мен-ақ, күй шығару, онымен тыңдау­шының талғамын қанағаттандыру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл – бабаларымыздан қалған, халтураны көтере алмайтын ең бір бекзат өнер ғой. Кезінде Мұхтар Әуезов: «Қазақтың қасиеті мен ұяты тек қана күйін­де қалды», деп қалай дәл тауып айт­қан. Ол кездің адамдарының өнерге деген құрметі, талғамы, құлшынысы өте терең еді ғой. Мәселен, өмірден өткен аға дос­тарым Асқар Сүлейменов, Жұматай Жақыпбаев, Қажытай Ілиясовтардың қай-қайсысы да жай ғана күй тыңдаушы емес, өздері де күймен тыныстап, күймен өмір сүрген таланттар еді. Күй өнеріне деген сол іңкәрлік Тәкен Әлімқұлов, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Таласбек Әсем­құловтардың қаламынан мөлдір шық болып төгіліп, қазақ әдебиетінің тұтас­тай бір дәуірін қалыптастырды емес пе! Қай­талап оқи бергің келеді. Өйткені ол туын­дылар шын мәнінде өнерге деген шексіз сүйіспеншіліктен туған болатын. Мәсе­лен, Әбіш Кекілбаев жазуға отырар алдын­да филармониядан, оркестрден үздік орын­даушыларды арнайы үйіне шақы­­рып алып, үздіксіз күй тартқызатын. Сөйт­кен жазушының «Күй» повесі қан­дай! Қазіргі жастарда, әсіресе жас жазушыларда сондай бір құштарлық, өнерге деген өлермендік, қанағатсыздық жоқ се­кіл­ді. Сананы тұрмыс билеген заман болды...

– Күй ғана емес, күй тудыратын домбыраңызға да аса зор талғампаздық һәм кірпияздықпен қарайды екенсіз...

– «Жақсы домбыра күй шақырады» деген керемет сөз бар ғой қазақта. Сол секілді кезінде Жұмекен ағамның айтқан: «Қызға қарап қайтеді, домбырасы бар кісі» деген сөзінің өзі қазақтың қасиетті аспабының бар қадір-қасиетін паш етіп тұрғандай. Жақсы домбыра да тұлпар ат сияқты ғой, ер жігіттің қанаты, жанының жартысы. Асқар Сүлейменов әзіл-шыны аралас: «Жақсы домбыра жаман әйел секілді, айқайға себеп іздеп тұрады» деуші еді. Сол сөздің жаны бар секілді. Ұстай алған домбыра сөйлеп кету керек. Сондықтан да, иә, мен қолымдағы домбырама көп мән беремін. Кезінде Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловскийлер Ресейден Романенко деген шеберді арнайы шақыртып, домбыра жасатқан. Ол домбыралар ғажап. Үні қандай келісті! Ойнауға да ыңғайлы. Сол Романенконың жасаған үш бірдей домбырасы менде бар еді. Біреуін кезекті концертте жоғалтып алдым. Қанша іздегенмен, табылмады. Қолды болып кетті. Бірақ жарты ғасырдан астам тарихы бар, ұлылардың саусақ табы сіңген киелі қос домбыра қазір менде сақтаулы. Қолыңа алсаң скрипкадай сызылып ала жөнеледі. Ондай шеберді табу қазір өте қиын. Сондықтан да кәсіби домбыра жасау өнері өндірістік деңгейде қолға алынса деп армандаймын. Кезінде Қарағанды облысының Сарыбел елді мекенінде жиһаз жасау фабрикасы жанынан домбыра да қоса жасалып шығарылатын. Осындай домбыра жасау орындары еліміздің барлық облысында ашылып, мықты-мықты ағаш шеберлері тартылса, ұлттық өнер игілігі үшін пайдалы іс жасалған болар еді. Өзіңіз білетіндей, жекелей шеберлер өз өнімдерін өте қымбатқа бағалайды. Ал ол ақшаны өнер адамдарының бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Бұл – көптеген жас таланттың күй өнерін еркін игеріп, үлкен сахналарға батыл қадам басуына, музыкалық қабілетін кәсіби тұрғыда шыңдауына әжептәуір қолбайлау. Ел ішінде ағаштың сырын ұғып, табиғатын тани білетін небір мықты шеберлер бар. Солар­ды ұлттық өнерді өркендету мұраты жолындағы осы бір игі бастамаға жұмыл­дырса, жақсы нәтижеге қол жеткіз­ген болар едік.

– Бүгінгі күй өнерінің насихатына, ба­ға­­л­ануына көзқарасыңыз қалай? Жас күй­шілердің ізденісіне һәм тың­­дар­­­ма­­нның талғамына көңіліңіз тола ма?

– Жалпы, өткен ғасырдың 70–80-жылдарымен салыстырғанда, бүгінгі күй өнерінің жеткен жетістіктері аз емес. Бағыттары мен аяқ алысына да көңілім толады, техникалық жағынан әлдеқайда өскен. Алайда техникаға сеніп күйді әуезінен, табиғатынан ажыратып алмау керек. Бетін ғана қалқымай, терең үңілу, әрбір дыбысқа бойлау қажет. Қазір жас­тар арасында жасампаздық қуып күйді жалаң, қасаң нотаға байлап қоятындар көп. Ал турасында оның әрқайсысына жан бітіру, тірілту шарт. Күйші әр дыбысқа мән беруге тиіс. Асығыс-үсігіс, зырылдатып үстірт, сабалап ойнауды күй өнері көтермейді. Бүгінде қазақта 7000-ға жуық күй бар деп айтады. Тың­қыл­датқанның барлығын күй емес десек те, осыншалықты мол мұраны өз деңгейінде игеру керек. Әсіресе оркестр­ге лайықтап өңдеп, архивтерде шаң басып жатқан шығармаларды халықпен қауыштырып, қайта жандандыру қажет. Ал тыңдарман талғамына келсек, мен үнемі «күйді мың адам тыңдайды, бір-ақ адам, әрі кетсе 6-7 адам ұғады. Қалғаны – тыңдаушы» дегенді жиі айтамын. Шынымен де, күйді түсіну үшін көкіректе көз, құлақта саңылау болу аз, күйді ұғуға телегей-теңіз білім мен терең сезім керек. Солай бола тұра, «тыңдаушы түсінбеді» деп өнерді көрермен деңгейіне әсте түсіруге болмайды. Керісінше, тыңдарман өнердің биігіне ұмтылу керек. Қазір күйді құлақпен емес, көзбен тыңдайтын деңгейге жеттік. Не­ғұр­лым жылдам ойнаса, қуалап ойна­са, соғұрлым мықты екен деп ойлай­тын болдық. Мәселен, еліміздің бас оркестрі Құрманғазы атындағы Қазақ мем­­лекеттік академиялық ұлттық аспаптар оркестрі динамика қуамыз деп, 4 минуттық күйді 2 минутта, жеке орындаушылар тіпті 1,5 минутта аяқтап жүр. Сөйтіп, көрерменді жалықтырмаймыз, күйге динамика қосамыз дейді. Күйдің қасиеті, мықтылығы оның жылдам немесе баяу орындалуымен бағаланбайды ғой. Қазақ күйді нақысты (шертпе күй) және да­уыл­паз (төкпе күй) деп бекер бөлген жоқ. Әрқайсысы өнердің жекелей байлығы. Әр күйдің өзіне тән табиғаты, тағдыры, ескеруі керек ерекшелігі бар. Сол еске­рілмесе, шығармада қандай қасиет, қандай сезім қалады. Бұлай кете берсе, күй өзінің болмысынан, міне­зі­­нен айырылып қалмай ма екен? Мені үнемі осы сұрақ мазалайды, осы мәселе қорқытады. Оның үстіне әр күй­дің өз табиғаты болады дегендей. Тіпті кейбіреуінің ырғағы ор­кестрге бағын­бауы мүмкін. Ондай күй­лер жеке орын­дау­ға сұранады. Күй – аса кірпияз өнер. Әсі­ре­се осындай тұстарда абай болу керек.

– «16 күй шығарған Құрманғазы мен 20 ән шығарған Абайдан асырып өнер тудырмаймын» деп кезінде өзіңізге өзіңіз сөз берген екенсіз. Бұл қаншалықты рас?

– Олай айтқаным рас. Жастық максимализммен айтылған да шығар кезінде. Қазір қарап отырсаңыз шығармашылық қор­жынымда 16 күй, 30-ға жуық әнім бар. Осы сертте қалам дегеніммен, шабыт шекараны бұзды. Қазір жанымды тол­ғандырып жүрген тақырып көп. Со­ның бірі – Кенесары Қасымұлы. Осы кісі­ге күй арнағым келеді. Тарихта өз баға­сын алмаған тұлға ғой. Тағдыры да қай­шылыққа, трагедияға толы. Әлі күнге дейін бассүйегінің қайда екенін білмей­міз. Алладан бір аян келер деп сенемін. Ал әзірге Хан Кенеге арнап күйден өлмейтін бір ескерткіш қойғым келеді.

– Ал әндеріңіз ше? Композиторлық қырыңыз туралы сөйлесейікші...

– Әндерімнің саны да сол өзің айтқан Абай атамыздың 20 әні межесінен асып кетті-ау. Қазір қайсыбірі еске түсе қояр екен? «Аспара», «Көктемім менің», «Қоңыр қаз», «Ерке құсым», «Тарба­ғатай», «Аққу сазы», «Домбыра досым», «Бауырым, сонау күн қайда?», «Қос жұл­дызым», «Айхай, заман», «Ұлыма», «Қы­зыма», Абайдың өлеңіне жазылған «Тол­ғау», тағысын тағы деп жалғасып кете береді. Ал алғашқы әнім үйдегі жеңгеңе арналып жазылған Мақпал Жүнісованың оындауындағы «Аққу сазы» әні болатын. Студент кезімізде жазылды. Кейін Мақпал тыңдап, бірден ұнатып, «Азия дау­сы» байқауында алғаш орындап шық­ты. Күй де, ән де жан толғанғанда туады ғой. Көңілді тербейтін көрікті туын­ды­лар көп болсын деп тілеймін. Менің әндерім­нің көпшілігінің сөзін марқұм Несіпбек Айтұлы жазып еді. Өкініштісі сол, талантты тұлғаларымыздың көбі көшіп барады. Бұл менің жанымды жабырқатады.

– Жыл сайын Ұлттық домбыра кү­­нін дүркіретіп тойлап жүрміз. Бұл мей­­­рам­ның құндылығын қалай баға­лай­­­сыз?

– Мен бағаласам, Домбыра күнін – ұлы мейрам деген болар едім. Себебі кез келген елдің ұлттық болмысынан хабардар етіп, сол мемлекеттің таным мен талғам деңгейі хақында жалпы ой түйгізетін идео­логиялық қуатты құралдың бірі – оның музыкасы мен сол әуенді жүрек­тер­ге жеткізуші музыкалық аспабы десек, титтей де артық айтпағанымыз. Ол елдің сауықшыл, көңілді немесе ойшыл халық екенін, жалпы тұтастай болмыс пен тұрмыс-салтын ұлттық музыкасын тыңдап-ақ аңғаруға, сезінуге болады. Мәселен, Якутияда Сыбызғы күні ежелден тойланып келе жатыр. Сол секілді қырғыздардың басынан үнемі тастамайтын айыр қалпағы да сол ұлттың бар болмысын баяндап тұрады. Алыстан айтпай танисыз. Ал қазақтың қазақтығын танытатын ұлттық дүниесінің бірі – домбыра. Әрине, бұл қатарға қылқобыз, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, шертер сынды ұлттық аспаптардың қай-қайсысын да қосуға болар еді. Дей тұрғанмен, әр қазақтың төрінен түспейтін домбы­ра­ның орны бәрібір ерек, бөлек. Домбыраны қазақтың бойтұмары десе де болғандай. Сондықтан бұл аспапты жайнамаздай құрметтеп, сақтауымыз керек. Шынында да домбыра – өте киелі аспап. Оны тартпақ тұрмақ, жай ғана қолға алғанның өзінде тазаланып барып ұстаған жөн. Әсіресе қыз бала үшін домбыраның киесі ауыр. Ғылыми тұрғыда нақтылай зерттеп-зерделемесем де, сонау Дина апамыздың заманынан бергі қолына домбыра ұстаған қыз баласының түрлі тағдыры осындай ойларға жетелейді.

– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»