Мәдениет • 06 Шілде, 2024

Атадан мирас асылым

71 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұлдыр-бұлдыр күн өтті, бұрынғыдан бұра өтті. Қазақ деген ер халық, еркін халық, паң халық, көш асыпты, қыр қонып. Қарақұрым қаса жау, қабарғанда бұлттардай, қарағай мінез батырлар ту алыпты қолына. Мойнына бұршақ сап саулық тілеп қарт әже, көкірегін көкке сауып қаралы ана зарлапты. Берен мылтық сабындай келте пішкен дүние-ай, айырмапты мұң-зардан алақандай халықты. Жұлдызы құйылып жатқан көк аспан, албастыдай өкірген, есер желдей лепірген толқын заман абақадай төбеден төніпті. Міне, осы тұста қабылан мінез қара домбыра қарт тарихтың күмбезінен күмбірлеп сөйлей жөнеліпті.

Атадан мирас асылым

«Жауларым
Айтқанына жүргізіп,
Айдауына көндірмек болды.
Мені өлтірмек болды.
Ернеуі таудай биік,
Даладай үлкен,
Табыт жасады.
Басымды жерге тигізді,
Үстіме кебін кигізді.
Бірақ мен көнбедім.
Өлтірем десе де,
Өлмедім» (Темірхан Медетбек).

Иә, қасиетті домбыра батыр­дың қайт­па­ған шерін өзі­не қай­тарыпты, ақынның айт­паған сөзін айтыпты.

Әлқисса, домбыра туралы тоқсан тараулы аңыз көп. Бірде хас дұшпанмен кескілескен ұрыстан ұзақ жол өтіп, қуаты қайтқан ер жігіт жапан түзге тоқтап, демалмақшы болады. Жар жағасындағы көлеңкеге отырған батыр ұзын ағаш бұтасын кесіп алып, оған аттың қылын тартып жасаған аспабынан дыбыс шығармақ болады. Алайда аспап үн шығармайды. Аспапты қасына қояды да, қалың ұйқы құшағына енеді. Әлдене уақыттан соң оянса, аспаптан күмбірлеп қоңыр салқын дыбыс шығып жатыр екен дейді. Жұмбақ затты қолына алып қараса, домбыраның басына, сиқырдай сұлу құбылысты көреді. Міне, сол уақыттан бері домбыра халық дертіне дәру болып, қоңыр үні жүрек еміне шипа болған деседі.

Келесі бір аңыз сарыны Шығыс­тық «Мұңлық-Зарлық» дастанымен үндес келе­ді. Есте жоқ ескі заманда қы­лы­­­шынан қан, көңілінен зәр там­ған айбынды ханның жар де­генде жалғыз қызы қу тақыр жігітке көңілі кетіп, ойнап-күліп жүреді екен. Мұны аңғарған хан жігітті тілге келтірмей дарға асуға бұйырады. Жігіт өлім құшқан соң қыз мезгіліне жетпей, бір ұл, бір қыз табады. Жұрт өсегінен, ел назасынан шошыған хан қос сәбиді аластатуды астыртын мыстан кемпірге жүктейді. Мыстан бесікте бұлқынған сәбилерді айдаладағы аралға апарып, биік өскен ағаштың басына қызды – шығысқа, ұлды – батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің көз жасынан ағаш бұтақтары суалып, қуара қалады. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсіп-жайқалуын сап тыяды. Жұрт арасындағы өсек сөз, жалған өкпеге төзбеген патша қызы егізін іздеп еңірей жолға аттанады. Адыр кезіп аңқасы кепкен әйел әбден қуарған биік ағаштың түбіне келіп ұйқыға кетеді. Кенет те кенет әлдебір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады. Құлақ тү­ріп тыңдаса, ән салып тұрған қа­­сындағы биік ағаш екен. Алып ағашқа үңіліп қараса, басының екі жағында бұтақтан бұтаққа керіліп қалған ішек­терді көреді. Бұл – қапыда қаза тап­қан екі баласынан қалған жұр­нақ еді. Егізінің өлімінен хабары жоқ әйел ағаш зары­нан ұлы мен қы­зының ажалын естіп, өзі де қуыс ағаш жасап, бөбектерінен қалған қос ішекті соған та­ғады. Қайғыдан қан жұтқан байғұс ана бостау тар­тыл­ған ішек­ке үні мұңды шығатындықтан, «ұлым – Мұң­лық» деп, ал ащы, тым зарлы шығатындықтан, қат­­ты тар­­тыл­ған ішекке «қызым –
Зар­­лық» деп ат қо­­йып, киелі дом­­быраны қо­лы­нан тастамай, ел кезіп кет­кен екен...

«Домбыра ғана біліпті,
Қазақтың барлық қайғысын.
Кімің бар одан сүйікті,
Шаппай бер оның бәйгісін!
Атадан қалған сол мұра,
Ұрпаққа бізді жалғай ма?
Әркімнің жаны домбыра,
Тек тарта білер қол қайда?»

Тұманбай ақынның тосын жырында «кімің бар одан сүйікті?» дейтін сұрау бар. Расында, қазаққа домбырадан жақын мұңдас, домбырдан жақын дос жоқ. «Майысып қос шегіңнен күй өткенде, ой туар жүрек түгіл, сүйектен де» дейтін текті домбыра жырға айналғалы, жал-жал сырға ұласқалы қашан. Көкірегіне сүйеп қайғысын тар­қатқан, жанының жазығына күй ектірген қазақ баласы жүрегін тиек етіп, көңіл құлпын қадірлі аспабына ашыпты. Құрманғазының «Сарыарқасымен», Тәттімбет­тің «Саржайлауымен» тербелген текті халықтың домбыра көргенде өре түрегеліп тыңдайтыны бар. Әрі күйшісін сыйлап тұғырға қондырып, қоң етін кесіп беруге даяр тұратыны тағы жоқ емес. Тәттімбет хақында қалам тербеген қазақтың Тәкені күйшінің ханға сәлем бермес паң болмысын тарқата жазады. «Тәттімбет томағасы сыпырылған қырандай, қиянды шола бастады. Қиялдың көзі алуан атырапты аралап, ес білгелі етене болған сонау Жосалы тауын, тау етегіндегі сазы мол, шалқыған Сарыжайлауға аялдай берді. Сарыжайлау еске түскенде, Тәттімбет «уһ!» «Па, шіркін-ай!» деп сүйсіне күрсінді. Оның тіршілік қызығын армансыз кешкен жері – Сарыжайлау. Өмір-бақи арылмас қайғы-қасіретке, ішқұсталыққа душар еткен де сол Сарыжайлау». Иә, күй­ші­нің салқар даланың жа­зыл­маған әнұраны іспетті «Сары­­жайлау» күйін тыңдап, дел­е­бең қозбау мүмкін емес. Ал «Қосбасар», «Май­дақоңыр», «Сал­танат», Әбікен Хасеновтің «Қоңыр» күйін тыңдап осынша бай кеу­делі қазақ болып туғаныңды мақ­тан етесің, бабалар аруағына тәу етесің.

«Домбыра, сен туралы
талай жаздым мен мына –
күйді ұқпаған кісілер
сөзді ұға ма, өзің айтшы, домбыра?» депті Жұмекен. Рас-ау.

Шын домбыраның құны бұр­нағы­да қос үйір жылқыға теңел­ген дейді ескі көздер. Ондай дом­бы­раның шешендігі кісі­ден асқан, қа­уыс жауынындай күм­бір күйі құ­йылып тұратын десе­ді. Нағыз қа­зақ, шынында, ер дом­бы­раның өзі.