Білім • 05 Шілде, 2024

Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық

82 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында «Astana IT» университетінде «Жоғары білім және өндірісті интеграциялау саласындағы ынтымақтастық» халықаралық симпозиумы өтті. Оған Президент кеңесшісі Болат Ақшолақов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қытай Халық Республикасының Білім министрі Хуай Цзиньпэн, «Жібек жолы» университеттері альянсының хатшылығы, 20-дан аса отандық және шетелдік жоғары оқу орнының басшылары қатысты.

Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық

Келелі жиында Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымына қаты­сушы мемлекеттер арасындағы жоғары білім мен ғы­лым сала­сындағы маңызды мәсе­лелер жан-жақты қамтылды. Сим­по­зиу­мда алғашқы болып сөз ал­ған Президент кеңесшісі Болат Ақшолақов еліміздің бас қаласы екі күннен бері түрлі сала бойынша сұхбат орталығына айналға­нын атап өтті.

«Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитіне қаты­сушы мемлекеттердің басшылары бір шаңырақ астына жинал­ды. Шын мәнінде, бұл ауқымды іс-шараның маңызы өте зор. Бас­ты мақсат – өркениет үндесті­гін ор­на­тып, бейбітшілік пен тұ­рақ­­тылықты сақтау. Осы сам­мит аясында өтіп отырған Шан­хай ынтымақтастық ұйымы уни­вер­ситеттері симпозиумы­ның да мәні ерекше. Өйткені ұйымға мүше елдердің жоғары оқу орындары бір-бірімен тығыз байланысып, жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуы қажет. Дамыған мемлекеттер экономикалық әлеуе­тін көтеру үшін жоғары оқу орындарын әлемдік деңгейдегі университетке айналдыруға күш сал­­ды. Осы ретте ШЫҰ-ға қатысушы ел­­дер­дің жоғары оқу орындары бір­ле­сіп, университеттік ғы­лымды да­мытуға маңыз беріп отыр. Де­генмен бұл бағытта университет­тер өзара тәжірибе алмасуды кү­шейтіп, ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыруды қолға алған жөн. Осындай іргелі істі атқаруда ШЫҰ-ның рөлі өте зор», деген Б.Ақшолақов бүгінгі жиынға арнайы келіп қатыс­қан ҚХР Білім министрі Хуай Цзиньпэн мырза мен шетелден келген жоғары оқу орындарының ректорларына, әлемдік деңгей­дегі сарапшылар мен ғалымдарға алғыс білдірді.

Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қытай Халық Республикасы Төр­ағасының елімізге ресми сапары аясында екі елдің осы салаға қатысты министрлігі білім және ғылым саласы бойынша бірқатар келісімге келгенін тілге тиек етті.

«Қытай – біздің үлкен стра­те­гиялық көршіміз. Сондық­тан қытайдың тарихын, мәдение­тін, тілін жетік біліп, түсінуіміз қажет. Енді еліміздегі жетекші және ұлттық университеттерде қытай тілін оқытатын арнайы кафедралар құрылады. Бакалавр, магистратура мен док­торантурада оқитындарға қытай тілі екінші шет тілі ретінде ұсы­нылады. Сондай-ақ биыл елор­дада Бейжің Тіл және мәде­ниет университетінің филиалы ашылып, алғашқы 100 студент оқуын бастайды. Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерт­теу уни­верситеті негізінде Гонконг уни­верситетінің филиалы ашылады. Онда студенттер жасанды интеллект, архитектура, ақыл­ды көлік жүйелері секілді бір­неше сала бойынша білім алады. Бұл оқу орны – Гонконгтің жылдам дамыған университеті. Әлемдегі үздік 100 жоғары оқу орнының бірі. Сонымен қатар Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Лу Бань шеберханасы ашылады. Бұл шеберханада білім соңғы үлгідегі қолданбалы форматта оқытылады. Мұндай орталық бұған дейін Өскеменде ашылған. Жалпы, Қытай үкіметінің «Бір ел – бір шеберхана» деген қағи­да­сы бар. Соған қарамастан көрші мемлекет біздің еліміз үшін алғаш рет осындай шешім қабылдап отыр. Осы үшін ҚХР Білім министрі Хуай Цзиньпэн мырзаға ризашылығымды білді­ремін», деді С. Нұрбек.

Одан кейін сөз алған Қытай Халық Республикасының Білім министрі Хуай Цзиньпэн Қытай Шанхай ынтымақтастық ұйы­мына мүше елдермен заманауи технологияға негізделген эко­жүйені құру үшін жасанды интеллект пен цифрлық білімді бірлесіп дамытуға дайын екенін жеткізді.

«Қытай мен Қазақстан досты­ғының ұзақ тарихы бар. Екі ел ара­сындағы дипломатиялық қа­рым-қатынастың орнағанына ­

2 мың­ жылдан асты. Әсіресе ке­йін­гі уақыт­та үлкен жетістікке ­жет­­тік. Кеше Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек екеуміз екі ел­дің мемлекет басшыларының қаты­суымен білім саласындағы келі­сім­ге қол қойдық. Осылайша, жаңа тарихи кезеңге қадам жаса­дық», деді ол.

Сондай-ақ форум аясында «ШЫҰ-ға қатысушы елдердің жо­ғары білім саласындағы халық­аралық ынтымақтастығы» атты кітабы таныстырылды. Бұл жи­нақта ШЫҰ-ға қатысушы ел­дердің білім, ғылым, халық­ара­лық ынтымақтастық сала­ла­рын­да­ғы ортақ табыстары мен бір­ле­сіп атқарған жұмыстары ағыл­шын, орыс, қытай тілдерінде баяндалған.

«Кітапқа енген мақалаларда жоғары білім саласындағы халық­аралық ынтымақтастықтың ­өзек­ті мәселелері көтерілген. Көп­те­ген жоғары оқу орны ШЫҰ шең­берінде ғылым мен білім бойынша жемісті серіктестікті дамыту тәжірибесімен бөлісті», деді аталған жинақтың таныстырылымында Әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті­нің ректоры Жансейіт Түймебаев.