Қоғам • 04 Шілде, 2024

Алаяқтар желіде Ұлттық банктің жалған парақшасын ашқан

46 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде интернет алаяқтық фактілері белең ала бастады. Қазақстан Ұлттық банкі Instagram әлеуметтік желісінде national_bank_kazakhstan атты жалған парақша пайда болғанын хабарлап, ел азаматтарын қырағы болуға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алаяқтар желіде Ұлттық банктің жалған парақшасын ашқан

Фото: Ашық дереккөз

Желіде фейк-парақшаларды ашу арқылы алаяқтар фишингтік хаттар жіберуден бастап азаматтардың жеке деректерін немесе қаражатын жымқыруды көздейтін түрлі жымысқы әрекеттерге барады.

«Ұлттық банктің доменіне ұқсас атауларды қолдана отырып, қаскөйлер фишингтік хаттарды жіберу үшін жалған пошта ашады. Ондай хаттарда, әдетте, жалған сайтқа сілтеме беріледі немесе төлем жасауға арналған құжаттар болады. Сілтемеге басқан жағдайда пайдаланушының мобильді құрылғысын қашықтан басқаруға негізделген алаяқтардың зиянды бағдарламасы іске қосылады», делінген хабарламада.

Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейтінін, азаматтардың қаржы құралдарын сақтандырумен айналыспайтынын, сондай-ақ халықпен ақшалай есеп айырысу операцияларын жүргізбейтінін еске салды.