Оқиға • 04 Шілде, 2024

Үстіне ескерткіш құлап қайтыс болған қыз оқиғасы: Полиция куәгерлерді іздестіріп жатыр

82 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы 7 жасар қыздың өліміне әкеп соқтырған оқиғаның куәгерлерін іздестіріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үстіне ескерткіш құлап қайтыс болған қыз оқиғасы: Полиция куәгерлерді іздестіріп жатыр

Фото:Instagram/police.atyrau

Еске сала кетейік, 2024 жылдың 26 ​​маусымына қараған түні Атырау қаласындағы Жеңіс саябағындағы алаңда 2017 жылы туған қыздың үстіне ескерткіш құлаған еді. Бүлдіршін алған жарақатының салдарынан облыстық балалар ауруханасында көз жұмды.

Ресми мәліметтер бойынша Атырау облысы полиция департаментінің тергеу басқармасы баланың қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

«Осыған байланысты оқиғаның нақты мән-жайын анықтау, істің толық зерттелуін қамтамасыз ету үшін 2024 жылдың 25 маусымында кешкі уақытта болған қылмыстық құқықбұзушылықты көрген және ескерткішті көтеруге көмектескен тұлғалар тергеу органдарына хабарласуыңызды сұраймыз. Атырау қаласы, Әбілқайырхан даңғылы, № 55 (№ 329 кабинет) мекенжайы бойынша бөлімшеге немесе 98-22-72, +7702-741-53-95, +7747-750-95-95 телефондары бойынша хабарласыңыз», делінген Атырау облысы ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Осыған дейін Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин қайғылы оқиға туралы айтқан болатын. Ол төтенше жағдайға ауа райы себеп болуы мүмкін дегенді жоққа шығарды. Төтенше жағдай болған күні Атырауда қатты жаңбыр жауып, жел соққаны бұдан бұрын да хабарланған болатын.

«Мен өзім тәжірибелі құрылысшымын, сондықтан мұндай ауыр бюсттің қалай құлағаны мен үшін жұмбақ болды. Қазір мен оны орнынан жылжытуға тырыстым. Құрылым желдің салдарынан құламауы мүмкін деп ойлаймын, біз Жеңіс саябағында орнатылған барлық ескерткіштер мен бюсттерді тексереміз», деп түсіндірді Шәкір Кейкин.

Ресми мәлімет бойынша, Атыраудағы Жеңіс саябағындағы «Естелік аллеясы» 2020 жылы ашылған. Мұнда Ұлы Отан соғысы батырларының, Кеңес Одағының батырларының, халық қаһармандарының және «Даңқ» орденінің толық иегерлерінің 14 бюсті қойылған. Тақталардың бірі қыздың үстіне құлаған.