Қоғам • 03 Шілде, 2024

ШЫҰ: Жаңа белес, тың жобалар бастауы

150 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Шанхай бестігінің» негізінде құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясы уақыт өткен сайын кеңейіп, кейінгі жылдары мақсаттары мен міндеттері де толығып келе жатыр. Ал осы жолғы Астана саммитінің қорытындысымен ұйымның жұмысы әрі қарай жандана түсіп, күн тәртібіне тағы да қосымша міндеттер алғалы отыр.

ШЫҰ: Жаңа белес, тың жобалар бастауы

фото: ҚР СІМ

Бестіктен ондыққа ұлғайған ұйым

Ұйымның Астанадағы саммитіне қатысуға ниет білдірген елдер­дің бас­шыларының алды Аста­наға ат басын тіреп үлгерді. Кеше қазақ жеріне ал­ғаш болып шығыстағы көр­шіміз ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин ұшып келді.

Қытай Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге сапары қарсаңында қытайлық «Синьхуа» агенттігіне сұхбат берген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға қатысты сұраққа да кең көлем­ді жауап берді. Жеке өз басы Шан­хай ынтымақтастық ұйымымен ерекше қа­рым-қатынаста екенін атап өткен Пре­зидент 1996 жылы сәуірде оның құры­луының басы-қасында болып, келіс­сөздер жүргізуге, құжаттарды дайын­дауға қаты­суға мүмкіндік алғанын атап өтті.

«Осы жылдың 3 шілдесінде, ширек ғасырдан сәл астам уақыттан кейін Шанхай кеңістігі кездесуінің Қазақстанға қайта оралуы барынша рәміздік мәнге ие. Осы жылдар ішінде «Шанхай бестігінің» құрамы екі есеге ұлғайып, Астанадағы саммиттен кейін ұйым толыққанды «Шанхай ондығы» форматында жұмыс істей бастайды. ШЫҰ-ға төрағалық ету өте маңызды және сонымен бірге аса жауапты миссия екенін ерекше атап өткім келеді. Ұйымның негізін қалаушылардың бірі және көпжақты диалогті дамытудың белсенді қолдаушысы ретінде Қазақстан ұйымды өзінің теңгерімді сыртқы саясатындағы тұрақты басымдық ретінде қарастырады», деген Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барлық күш-жігеріміз қауіпсіздік мәселелерін шешудің ортақ тәсілдерін әзірлеуге, сауда-эконо­мика­лық ынтымақтастықты нығайтуға, қор­шаған ортаны қорғауға және халықтар арасындағы достық байланыстарды нығайтуға бағытталатынын баса айтқан.

Ал Қытай көшбасшысының мемле­кеттік сапарының бастамасы ретінде кеше еліміздің бірқатар ақпарат құралына қазақ-қытай қарым-қатынасына шолу жасаған көлемді мақаласы жарияланды. Онда ҚХР Төрағасы екі ел арасындағы ынтымақтастықтан бөлек ШЫҰ-ға қа­тыс­ты да пікірін білдіріпті.

Си мырза мақаласында Қазақстан тарапы төрағалық ету аясында ұйым­ның беделін арттыру бағытында же­місті жұмыс атқарғанын атап өткен. Сондай-ақ мұны Қытай тарапы жоғары бағалайтынын жеткізіпті. Сонымен қатар бірлескен күш-жігер Астана саммитін табысты аяқтайтынына, ШЫҰ-ның үлкен «отбасын» біріктіріп, ынтымақтастықтың жаңа бетін ашатынына сенім білдір-
ген.

Пайдалы платформа

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – ең алдымен, аймақтың қауіпсіздігін нығайту мақсатында құрылған халықаралық құрылым. Бастапқыда шекара маңын­дағы әскери мәселелерді шешу міндеті тұрды. Сарапшылардың айтуынша, дү­ниежүзілік қауымдастықтың ұйым­ға деген қызығушылығы жыл санап ай­тарлықтай артып келеді. Яғни ШЫҰ Еуразия елдерінің көпшілігін қамти­тын аймақтық іргелі ұйымға айналып отыр. Бұл елдер арасындағы ынты­мақтастықты жандандыра түсіп, ықти­мал тәуекелдердің алдын алуға таптырмас платформа қызметін атқарып отыр.

– ШЫҰ дамуының әрбір кезеңі жемісті жаңалыққа толы болды. Бүгінде ШЫҰ тұрақты даму жолына түсті. Кейінгі кездері оның күн тәртібін одан әрі кеңейту және тереңдету жөніндегі бастамалар қарастырылып отыр. Сондықтан қазір ұйым дамуының ең маңызды кезеңі өтіп жатыр деп айта аламыз. Ұйымды келіссөздер алаңына ғана емес, сонымен қатар тың инвестициялық және жаңа серпінді континенттік жобаларды құрудың нақты құралына айналдыру қажет. Әрине, мұның бәрін іске асыруға мүмкіндік пен құралдар бар болғанымен, нақты тетігі табылмай тұр. Сол үшін де Президент Қ.Тоқаев жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін ұйымды реформалау маңызды екенін айрықша алға тартып отыр, – дейді Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Каукенов.

Керегесі кеңейіп келеді

Бүгінде Ауғанстан, Беларус, Моңғо­лия мемлекеттері сырттай бақы­лап отырған ұйым мүшелігіне Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбек­стан елдері кіріп отыр. Ал әзірге өңірдегі Әзербайжан, Армения, Бахрейн, Мы­сыр, Камбоджа, Қатар, Кувейт, Маль­див, Мьянма, Непал, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Түркия, Шри-Ланка мемлекеттері ортақ диалог мәселесінде серіктес елдер қата­рында тұр.

Өзара сенімді нығайту, тату көрші­лікті ұстанып, саясат, сауда-экономика, ғылыми техника, мәдениет, бі­лім, энергетика, көлік, экология және өзге де маңызды салаларда тиім­ді ынты­мақтастықты ілгерілету, бейбіт­шілік пен тұрақтылықты және аймақ қауіпсіздігін қолдау, терроризм, сепаратизм және эскремизмге бірлесе қарсы тұру, есірткі мен қару-жарақтың заңсыз айналымымен күресу, ШЫҰ-ның өзге мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасын дамыту мәселелерін мұрат тұтқан ұйым бүгінде беделін арттыра түскен.

ШЫҰ-ның әскери әлеуеті мен ха­лық­аралық қауымдастықтағы саяси салмағына келер болсақ, ұйымға мүше елдер халқының жиынтық саны 3 миллиардтан асады. Бұл әлем халқының 45 пайызын құрайды. Ұйымға мүше елдердің қатарындағы екеуі – Қытай мен Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері. Сондай-ақ Иран, Үндістан, Қытай және Ресей – ядролық мемлекеттер. Сонымен қатар БРИКС құрамына кіретін елдер де бар (Үндістан, Қытай, Ре­сей). Бұдан бөлек, ұйымға қатысы бар

4 ел (Қытай, Үндістан, Ресей, Түркия) G20-ның құрамына кіреді. Ал халқының саны миллиардтан асып жығылған Қытай мен Үндістан әлемдегі электр энергиясын көп тұтынатын алғашқы екі орынды алып тұр.

Ілгеріде уақыт көшімен ұйым елде­рінің қатары көбейіп, аясы кеңейіп келе жатқанын айттық. Ендігі кезекте Ауған­станның мүшелікке өту үдерісі күн тәртібінде тұр. Бұл ел қатарға қосылуға сонау 2015 жылы өтініш білдірген. Сонымен қатар 2012 жылдан бері Шри-Ланка, Бангладеш, 2017 жылдан бері Камбоджа, 2018 жылдан бері Әзер­байжан мен Армения бақылаушы ел болуға ниет танытып, өтініш білдіріп келеді.

Осы күнге дейін ШЫҰ аясында 93 халықаралық келісімге қол қойылған, оның ішіндегі 56-сы – ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы құжат. Осы 56 келісімнің бүгінде үшеуі күшіне енген. Үшеудің ішіндегі 1 құжат ШЫҰ университетін құру мен оның қызметі туралы келісім 2017 жылдың 6 маусымында Астана қаласында қа­былданған. Сонымен қатар 21 халық­аралық келісім жекелеген елдер арасында жасалған. Одан кейінгі 16-сы – Хат­шылық пен халықаралық ұйымдар арасындағы келісімдер.

Қызметінің басым бағыттары

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшы­ларының кеңесі (МБК) ұйымның ең жоғары органы саналады. Бұл орган ұйым қызметінің басымдықтарын айқындап, басқа мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен өзара байланысты реттеп, ішкі құрылым мен жұмыс барысындағы іргелі мәселелерді шешеді, сондай-ақ ең өзекті халықаралық проблемаларды талқылайды.

Ал одан кейінгі Үкімет басшыларының кеңесі (ҮБК) экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық төңіре­гін­дегі өзара іс-қимылдың негізгі мәселе­лерін қарастырып, шешім шығарады, ұйымның бюджетін қабылдайды.

Одан кейінгі Сыртқы істер ми­нистр­лерінің кеңесі (СІМК) ұйым жұмы­сының күнделікті мәселелерімен айналысып, МБК отырыстарына, халық­аралық проблемалар бойынша консультацияларға дайындық мәсе­лелерін пысықтайды және қажет болған жағдайда ШЫҰ атынан мәлімдемелер жасауға құқылы.

Ұлттық үйлестірушілер кеңесі ұйым­ның ағымдағы қызметін үйлес­тіріп, басқаруды жүзеге асырады. Сондай-ақ МБК, ҮБК, СІМК орган­дарының отырыс­тарының дайындық іс-шараларымен тікелей айналысады. Жалпы, ұйым қыз­ме­тінде отырыс, кон­сультация, арнайы және тұрақты жұмыс топтары, сарапшылар кездесуі сынды 90 түрлі өзара әрекеттесу тетік­тері жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, ұйымның Банкаралық бірлестік, Іскерлік кеңесі және Эконо­микалық талдау орталықтарының кон­сор­циумы сынды қоғамдық құрылым­дары да өздеріне жүктелген міндеттер аясында жұмыс атқарып отыр.
2004 жылдың желтоқсан айынан бастап ШЫҰ БҰҰ Бас Ассамблеясына бақылаушы болып қабылданды.

Астана саммитінен үміт көп

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астана саммиті аясында ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына 16 мемлекеттің басшылары мен кейбірінің Премьер-министрлері қатысқалы отыр.

Бұдан бөлек, 7 халықаралық ұйым басшылары да, оның ішінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те Астана саммитіне қатысуға ниет білдірген. Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы еліміздің ұлттық үйлестірушісі Мұрат Мұқышевтың айтуынша, Астана саммитіне қатысушылардың қатары артып, оған қоса кездесулер дәстүрлі форматтан өзгеше, яғни бұрын-соңды болмаған шеңберде ұйымдастырылғалы отыр.

– Саммитте алғаш рет мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы және «ШЫҰ+» форматындағы кездесулер болады. Жиынға 10 ел және ШЫҰ-ның тұрақты жұмыс істейтін органдарының басшылары қатысады. Ал «ШЫҰ+» отырысының талқылаулары «Көпжақты диалогті күшейту – тұрақты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақы­рыбы аясында өтеді. Саммит қоры­тындысымен ұйымның 20-дан астам құжаты қабылданбақ. Олардың негіз­гісі – Астана декларациясы, – деген М.Мұ­қышев аталған Декларацияда ШЫҰ-ның халықаралық өзекті, өңірлік мәселелер бағытындағы ұстаны­мы айқындалып, ұйымды дамытудың әрі қарайғы бағыттары нақтыланатынын айтады.

Астана саммитінде үш жылға созыл­ған Беларусь Республикасының ұйымға кіру үдерісіне соңғы нүкте қойылмақ. Беларусьті қабылдау рәсімі 2022 жылы Самарқанд саммитінде басталған болатын.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ұсынысымен ШЫҰ алғаш рет «Әділ бейбіт­шілік пен келісім жолындағы әлем­дік бірлік туралы» бастаманы қолға алмақ. Яғни ШЫҰ Әділетті бейбітшілік формуласының ұжымдық іздеу үдерісін бастауды ұсынғалы отыр.

Астана саммиті бұған қоса елдерді әлемдік нарықтардың тұрақтылығын қамтамасыз ету, адамдардың әл-ауқатын жақсарту жолында жұдырықтай жұ­мылуға, білек сыбана әрекет етуге шақырмақ. Сонымен қатар Астана саммитінде ШЫҰ-ның 2035 жылға дейінгі Даму стратегиясын әзірлеуге қатысты шешімі және Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымның 2030 жылға дейінгі энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы қабылданбақ. Сондай-ақ Қазақстан төрағалығы кезінде әзірленген «үш зұлым күшпен» күресетін 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағ­дарламасы мен 2024-2029 жылдарға арнал­ған есірткіге қарсы стратегиясы ұйымға мүше елдердің «батасын ал­мақ».

Қысқасы, Астана саммиті ұйым шежіресінің жаңа бетін ашып, жаңа белеске көтергелі отыр. «Бестікпен» басталған «Шанхай рухы» араға ширек ғасыр салып, қатары толығып, әрмен қарай «ондықпен» қадам баспақ.