Заң • 03 Шілде, 2024

Заң бәрінен биік

52 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәлидің мәлім­деуінше, биыл аумақтық әділет органдары, құқық иелерінің өтініш­тері негізінде елімізде қорғалатын тауар белгілерін заңсыз пайдалану бойынша жоспардан тыс 115 тексеру жүргізілді.

Заң бәрінен биік

Еске салсақ, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес кәсіпкерлікті тексеруге мораторий мерзімі аяқталған еді. Нәтижесінде, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабы бойынша 110 іс қозғалып, 86 тұлға жауапкершілікке тартылған. Айып­пұлдардың жалпы сомасы 7 млн теңгеден асып жығылады. Шамамен 102 мың контрафактілік өнім заңсыз айналымнан алыныпты.

– 2024 жылдың 31 мамыры мен 1 мау­сымы аралығында Алматы қала­сының Әділет департаменті контрафактілік өнімдермен күрес бойынша ірі операцияны сәтті аяқ­та­ды. Танымал ауа баптағыш (кондиционер) өндірушісінің тауар белгісін заңсыз пайдалана отырып, ірі көлемде контрафактілік тауарды сатпақ болғандардың жолы кесілді. «Almacom» тауар белгісі құқық иесінің арызы бойынша жүргізілген тексеріс 15 сағатқа созылды. Әділет департаменті қызметкерлерінің үйлескен іс-қимыл­дарының нәтижесінде 5 млн теңгеден астам сомаға 91 (тұрмыстық кондицио­нерлер) контрафактілік өнім заңсыз айналымнан алынды. Тәркіленген тауардың сапасы үлкен күмән тудырады және оның шығу тегі белгісіз. Арнайы операция барысында заң бұзушылар Әділет департаментінің қызметкерлеріне қоймаға кіруге бөгет жасаған. Олар құқық бұзушылық іздерін жасыру мақсатында контра­фактілік тауарды белгісіз бағытқа әкетуге тырысқан. Әділет департаменті қызметкерлерінің жедел әрекеттері нәтижесінде заттай дәлелдемелері бар автокөлік тоқтатылып, ізін жасыруға тырысқан құқық бұзушылар ұсталды. Қарсылық көрсеткен үш адамға қатысты ӘҚБтК-тың 462-бабымен хаттама толтырылды, – дейді Әділет министрлігінің ресми өкілі.

Елімізде педофилдерге химия­­лық кастрация тағайындай­тын сараптама енгізіледі. Халықаралық тәжірибені ескерсек, кейінгі кездері сексуалдық сипаттағы қылмыстар саны артқан. Осыған орай республика бойынша зерттеудің жаңа түрі іске қосылады.

Қарапайым тілмен айтқанда, сараптама тексерілушінің жыныстық не психосексуалдық дамуында қандай да бір ауытқулардың бар-жоғын анық­тайды. Яғни күдікке ілінген аза­мат­қа құқық қорғау органдарының өтінішімен психологиялық порт­рет түзіледі. Бұл педофилдерді дер уағында анықтауға көмектеседі.

– Мұндай тәжірибе біздің көр­ші елдерде бар. Сондықтан Аста­на қаласы Сот сараптамалары ғылыми-практикалық орталығы­ның 3 сарапшысы Беларусь Респуб­ликасында оқудан өтті. Нақты қашан енгізілетіні белгісіз. Әзірге «Сот-сексологиялық сараптама» түрі бойын­­ша әдістеме әзірленіп жатыр. Са­рап­тама кезінде азаматқа түрлі сұ­рақтар қойылады, қандай да бір пси­хологиялық ауытқушылығы бар-жоғы, педофилияға бейімдігі айқындалады. Ондай белгілер анықталған жағдайда соттың шешімімен оған химиялық кастрация жасау керек пе деген көрсеткішті де анықтайды. Жалпы, жыл аяғына дейін енгізу жоспарда бар, – дейді Т.Уәли.

Сондай-ақ «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе бас­па ақпаратын қабылдауға өзге де қабілеттері шектеулі адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген. Бұл олардың кітаптарға, журналдарға және оқу материалдарына қолжетімділігін арттыруға сеп болады. Әрі қоғамның мәдени және әлеуметтік өміріне өзгелермен тең қол жеткізеді.

Әділет министрлігі әділет органдары салаларын цифрландыру мақсатында «Жылжымайтын мүлік объектілері бойынша мәмілелерді онлайн жасау» мүмкіндігін іске қосты. Енді тұрғын үйді халыққа қызмет көрсету орталығына және нотариусқа бармай-ақ онлайн режімде сатып алады не сатады. Мәміленің нәтижесі 8 сағаттан аспай келеді, ал тіркеу небәрі 10 минутты құрайды. Мәміле үдерісі биометриялық аутентификация арқылы сатушы мен сатып алушының жеке басын бейне сәйкестендіруден басталады.

Былтыр сәуір айынан бастап, елімізде «Цифрлық нотариат» жобасы іске қосылған. Ілкімді жоба игілігімен сенімхаттар, кеңестер мен ерлі-зайыптылардың келісімі сияқты бірқатар нотариаттық қызмет онлайн форматқа көшірілді. Демек азаматтар бұл қызметтерді нотариусқа бармай-ақ бейне қоңырау арқылы онлайн түрде алады. Күні бүгінге дейін 74 мыңнан астам цифрлық сенімхат және ерлі-зайыптылардың 20 мыңға жуық келісімі рәсімделген.

– Бұған қоса енді тауар белгілеріне өтінім беруге сараптама жүргізудің жеделдетілген рәсімі іске қосылды. Ен­ді өтінім берілген күннен бастап он жұ­мыс күн ішінде алдын ала сараптаманы жүргізуді және үш ай ішінде толық сараптаманы жеделдетіп жүргізуге мүмкіндік туып отыр. Елі­міздің патенттік жүйесінің құрыл­ғанынан бері барлығы жалпы 1 145 селекция­­лық жетістік тіркелген. Оның ішінде мал тұқымына – 168, өсімдіктер сортына – 977. Ал кейінгі 3 жылда селекциялық жетістіктерге берілген патенттер саны – 199, соның ішінде мал тұқымы – 21, өсімдік сор­тына – 178. Алма сорттары бойынша да жақсы жетістіктер бар. Күріштің де 15-ке жуық жаңа сорттары зерттеліп шығарылып келеді. Сондай-ақ соңғы үш жылда тіркелген өнертабыс саны 1 954-ті құрайды. Оның ішінде биыл 226 өнертабыс тіркелді. Арасынан шеміршек тінін қалпына келтіру үшін адамның синовиальды мембранасының жасушаларынан үлгі алу бойынша отандық технологиясын атап өткен жөн. Бұл өнертабыс Ұлттық биотехнология орталығының бір топ ғалымдарының көп жылғы еңбегінің нәтижесі. Келесі өнертабыс – «Көзі көрмейтін мүгедектерге арналған ультрадыбыстық таяқ». Осы жылы тіркелді, – дейді Әділет министрлігінің ресми өкілі.

Оған қоса патенттеуге ұсыныл­ғандардың тағы бірі – «Жылжымалы өрт сөндіру қондырғысы». Мұны шалғайдағы шахта учаскелерін тілсіз жау жалмаған кезде пайдалануға болады. Арамшөптерді жоюға жасанды интеллектті қолдануға мүмкіндік бар. Енді арнайы тіркелген робот көмегімен өсімдіктердің түрін ажыратып, олардың орналасуын анықтайды. Кейін тік және көлденең пышақтарды қолдана отырып, өсімдік­терді кеспей, тамырымен қоса барлық арамшөпті жояды.