Білім • 03 Шілде, 2024

Жайдарлы демалыс

64 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алакөл ауданына қарасты Ақши аулындағы «Жалын» және «Жансая» сауықтыру лагерьлері өз жұмысын бастады. Мұнда 300-ге тарта оқушы жазғы демалысын өткізеді. Балалар шипалы көл жағасында тынығып, білімін шыңдайды. Қос демалыс айлағы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Балаларға арналған түрлі интеллектуалды ойындар ұйымдастырылып, денсаулығын жақсарту жұмыстары жүргізіледі.

Жайдарлы демалыс

Жалпы, «Жалын» лагері 100 бала қабылдауға арналған. Жаз­ғы демалыс орнын қалпына кел­тіруге шамамен 1,5 млрд теңге жұмсалған. Мұны лагерьдің ашы­лу салтанатында «Қазақстан сту­дент­терінің альянсы» қоғамдық бірлестігінің президенті Ілияс Түстікбаев айтты.

Лагерь аумағында балаларға арналған бес жатақхана, тамақ­тан­дыру ғимараттары, қонақүйі, шығармашылық үйі, фельдшер­лік пункт және қызметкерлерге арналған демалыс бөлмелері бар. Демалушылар көңіл көтеретін 102 орынды көрермен залында музыка, вокал, би және әдеби-драмалық қойылымдар, спектакль және фильмдер көрсе­тіледі.

Демалушылар бос уақытын­да кітапханаға барып, түрлі тақы­рып­тағы шығармаларды оқи алады. 12 орынды оқу залы 10 мың дана қазақ және әлем әдебиеті кітап­­тарымен толықтырылған.

Сондай-ақ «Жалын» лагерін­де Жетісу өңірінің «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының 20-мау­­сымдық жұмысы басталды. Жал­пы, «Жасыл ел» бағдарлама­сы – жастарды жұмыспен қам­ту және Қазақстанның эколо­гия­сын қолдаудың бірегей және өзекті мүмкіндігі. Өткен жылдар­да республиканың қалалары мен облыс орталықтарында орманды қорғау, жасыл желектерді өсі­руді тұрақтандыруға мүм­кін­­дік туды. Облысымыз­дың аудан-қалаларынан келген ­200-ге жуық экологиялық іс-шараға қа­ты­­су­шы­ларды, Алматы мен Астана­дан келген қонақтарды облыс­тық әлеуметтік даму бас­қар­масының өкілдері және Алакөл ауданының әкімдігі қарсы алып, барынша құрмет көрсетті.

Алакөл жағалауындағы «Жан­­сая» лагерінде биыл ерекше қа­жет­тілігі бар 160 бала демалады. Облыс әкімінің бас­пасөз қызметінің мәліметінше, Ақши жағалауындағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған «Жансая» жазғы сауықтыру лагері жаңа маусымдағы өз жұмысын бастады. Лагерьге демалушылардың алғашқы легі келді, атап айтқанда лагерьге 16 бала заңды өкілімен бірге орналасты.

Облыстық жұмыспен қамту­ды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев­тың айтуынша, былтыр жазғы ке­зеңде бұл лагерь 127 баланы те­гін қабылдады. Биыл да осындай 160 баланы 1 заңды өкілімен тегін демалту жоспарланып отыр.

«Бұл орталық 40 орынға есеп­­­телген. Әр баланың демалу ұзақ­­тығы – 5 күн. Балаларды қа­­был­дау I–ІІІ топтағы мүгедектігі бар бала­ның тіркелген жері бо­йынша дәрігердің ұсынысы немесе қорытындысы негізінде іске асады. Орталыққа жол жүруді ұйымдастыруды заңды өкіл немесе еріп жүретін адам тұрғылық­ты жерінен Үшарал қаласына дейін дербес жүзеге асырады, бұдан әрі оларды Ақши аулына, лагерьге жеткізуді орталықтың өзі ұйымдастырады», деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.

Айта кетейік, былтыр сапа­лы әлеуметтік қызмет көр­сету мақ­­сатында Алакөл ауданы әкім­­­ді­гінің бұрынғы резиден­ция­­­сының ғимаратына жөндеу жұ­мыс­тары жүргізіліп, 6 жас­тан 18 жас­қа дейінгі мүгедектігі бар ба­ла­ларға арналған Алакөл көлі­нің жағалауында «Жансая» оңал­ту бөлімшесі бар күндіз болу орта­лы­ғына» қарасты «Жансая» жазғы сауық­тыру лагері ашыл­ған болатын. Лагерь­дің негізгі мақ­саты – меди­циналық, психологиялық, кәсіп­тік және әлеуметтік оңалту шара­ларын жүргізу арқылы мүм­­кіндігі шектеулі балалардың әлеу­меттік мәртебесін қалпына кел­тіру және оны әлеуметтік ортаға бейімдеу.

Өткен жылы да аталған лагерь­де болып, сауықтыру шараларын қабылдаған ерекше қажеттілігі бар Тәуекел биыл да анасы Ажармен бірге орталыққа келген.

«Алакөлдің суы шипалы. Оған қоса пансионаттың көлдің жаға­­сында орналасқаны біз үшін қо­лайлы. Мұнда балаға да, анаға да бар­лық жағдай жасалған», дейді Ажар. Сол сияқты Мөлдір Ахме­това ұлы Қасен Әлиханды мұнда алғаш рет әкеліп отыр.

«Жансая» лагеріне алғаш рет келіп отырмыз. Аспаздар, мед­бикелер, жалпы сауықтыру орнында жұмыс істейтін қызмет­кер­дің бәрі де – сондай мейірім­ді, өз ісіне берілген мамандар. Су да, сауықтыру шараларын жасайтын азаматтардың ақжар­қын көңілі де – бәрі балама оң әсер етеді деп сенемін», дейді М.Ахметова.

Жетісу облысы