Аймақтар • 02 Шілде, 2024

Атырауда алғашқы жүк вагондары шығарылды

187 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа инвестжоба – Атырау вагон құрастыру зауыты ашылды. Мұнда жыл сайын 6 000 вагон құрастыру жоспарланып отыр. Зауыттың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиев қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атырауда алғашқы жүк вагондары шығарылды

Фото: Атырау облысы әкімдігі

«Өңірімізде 1000-нан аса жоғары біріккен және шетел кәсіпорны құрылып, жұмыс істеп жатыр. Машина жасау саласында 150 ірі, орта және шағын бизнес нысаны бар. Аймақтағы мұнай-химия өнімдерін өңдеу бағытындағы ірі жобалармен қатар машина жасау ісінің де осындай ауқымға ие бола бастағаны қуантарлық жағдай. Біз өз тарапымыздан өндіріске жан-жақты қолдау көрсететінімізді атап өткім келеді», деді М.Мурзиев.

Компанияда мұнай мен газды тасымалдауға арналған вагондар мен цистерналар шығарып, жөндеу және техникалық қызмет көрсетуге арналған барлық инфрақұрылымды қамтитын вагон жасау кластерін дамытады. Жалпы құрылыс жұмыстарына неміс станоктары мен елімізде өндірілетін материалдар қолданылады. Кейін өндірістік өнімдер Еуропа және Балтық елдеріне экспортталады.

Компаниялар тобының басшысы Шота Абхазов алдағы 10 жылда еліміздің жүк вагондары паркі 54 мың бірлікке қысқаратынын атап өтті.

«Біз Орталық Азияда жүк базасының өсу әлеуетін ескере отырып, шығатын вагондарды жаңа өніммен өтеуге және соның салдарынан қосымша вагондар паркіне қажеттілік үшін дұрыс жұмыс істеуіміз керек. Осылайша, бізде отандық өндірісті дамытуға жақсы мүмкіндік бар», деді Ш.Абхазов.

Өндіріс алаңы - 17 000 шаршы метр. Алдағы уақытта аталған аумақ 62 000 шаршы метрге дейін ұлғайтылмақ.
 
Қазіргі уақытта өндіріс орнында 70-тен астам маман жұмыс істеп жатыр. Жыл соңына дейін 180, ал 2027 жылға қарай 2 700 маман тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Оған жергілікті тұрғындар да тартылады.