Аймақтар • 02 Шілде, 2024

Екібастұз жылыту маусымына дайын ба?

85 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Павлодар облысына келіп, жылыту маусымына дайындық жұмыстарын тексерді. Екібастұз МАЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялау жобасының іске асырылу барысымен, көмір кеніштеріндегі циклді-толассыз технологияның инновациялық жобасымен танысты.

Екібастұз жылыту маусымына дайын ба?

Фото: primeminister.kz

Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Үкімет басшы­сының бірінші орынбасары Роман Скляр Екібастұз қаласының жылумен жабдықтау көздеріндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Бүгінде Екібастұз МАЭС-2-ні кеңейту және реконструкциялау жобасы іске асып жатыр. Бұл үшін өндірісте №3, 4 энергия блоктерін орнату көзделген. Нәтижесінде, кәсіпорын жылына қосымша 6,8 млрд кВТ/сағат энергия өндіреді және стансаның белгіленген қуатын 1 мың МВт-қа арттырады.

«Үкімет тарапынан барлық тиісті шешімдер қабылданды. Жаб­дық өндірушілермен, экс­порт­тық қаржыландырумен келі­сім­дер шешілді, сондықтан биыл күзде жұмысты бастауға кірісі­ңіздер», деді бірінші вице-премьер.

Роман Скляр Б.Нұржанов атын­дағы «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС қыз­метімен танысты. «Жаңа электр сүзгілерін орнатумен №1 энер­­гия блогін қалпына кел­тіру» жо­ба­сы – қолданыстан шығарыл­ған энергия блоктерін қалпы­на кел­тіру жөніндегі үш жобаның соң­ғы­сы. Ол стансаның қазіргі жо­ба­лық қуатын 4 мың МВт-қа дейін ұлғайту мақсатында іске асыры­лып жатыр. Стансада жобаны жү­зеге асыру кезінде 1,1 мың қызмет­кер жұмылдырылған. МАЭС-ті қыс­қы кезеңге дайындау жоспар бойы­нша жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ жақында станса­ның төрт энергия блогінің тоқ­тап қалуына қатысты мәселе түсіндірілді. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар орын алып тұрады. Дегенмен тұтынушыларға электр қуатын беру үзілген жоқ. Роман Скляр жағдайды мұқият зерттеп, тәуекелдерді азайту үшін қажетті шараларды қабылдау қажет екенін атап өтті.

«Қыс басталғанша сорғы қон­дырғыларының сенімді жұ­мыс істеуін қамтамасыз етіп, негізгі жаб­дықтардың тозуын барын­ша азайту керек. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін барлық қажетті шараларды қабылдау қажет», деді вице-премьер.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Екібастұз қаласының жалпы ұзындығы 4 шақырымға жуық ірі жылу магистральдері – ТМ-1 және ТМ-3 нысандарын реконструкциялау жұмыстары туралы баяндады.

«Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінді. Бұл желілерді жаңарту 87-ден астам көпқабатты үйді, 8 мыңнан астам адам тұратын 500-ден астам жеке тұрғын үйді жылумен жабдықтау жүйесін жақсартуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті өңір басшысы. Өткен жылы мұнда жалпы ұзындығы 5,3 шақырым болатын 4 жылу магистралі реконструкцияланды. Бұған қоса, Үкімет резерві­нен ұзындығы 3,5 км болатын жа­ңа №7/1 жылу магистралін салу­ға қаражат бөлінді. Қазіргі таңда гидравликалық сынақ жұмыстары жүргізіліп, аталған нысан пайда­лануға берілді. 4 ке­зеңнен тұрған сынақтар өткен маусымда 70 км-ге жуық желіні ауыстыру есебінен зақымдану фактілерінің 2 есе азайғанын анықтады.

Роман Скляр ТМ-7 жылу магистралін реконструкциялау­ға қатысты тағы бір жобаны қол­дауға уәде берді, оған дайын­дық смета­лық жұмыстары бүгін­де жүргізілген. Бұл күрделі учас­ке, оны қайта құру №15 шағын ауданды жылумен жабдықтау параметрлерін жақсартады.
Жалпы алғанда, облыс бойынша ЖЭО мен желілерді жөндеу жұмыстары мерзімдерді сақтай оты­рып жүргізілуде. Ақсуда ал­ғаш рет орамішілік желілер қайта жаңғыртылып жатыр. Павлодарда желілерді жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының басына дейін аяқтау жоспарда бар.

Мемлекет басшысының ТКШ инфрақұрылымын кешенді қалпына келтіру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Үкімет Екібастұз жылу электр орталығын одан әрі жаңғыртуға: төрт қазандық агрегатын күрделі және ағымдағы жөндеуге және тұндырылған су магистралін салуға 3,4 млрд теңге бөлді. Жұмыс сапары барысында Роман Скляр Екібастұз ЖЭО-да жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.

Кәсіпорын басшылығы жұ­мыс кестеге сәйкес жүріп жатқа­нын, жылыту маусымында станса 7 қазандықпен жұмыс істейтінін, ал 3 қазандық резервте болатынын хабарлады.

Сонымен қатар ЖЭО-ны күл­ден гидравликалық тазарту үшін тұндырылған сумен қамтамасыз ететін құбырдың тозығы жеткен. Тұндырылған судың жаңа магистралін салу жобасын іске асыруға қаражат бөлініп, жұмыстар басталып кеткен. Жоба биылғы қазан айында аяқталады деп ктүіліп отыр.

Роман Скляр жаңа жылыту маусымына дайындыққа аса жауапкершілікпен қарауды, барлық қажетті жөндеу жұмыс­тары сапалы әрі уақтылы жүр­гізілуі керек екенін ескертті.

Бұған қоса, ол «Богатырь» көмір кенішіндегі циклді-толассыз технологияның инновациялық жобасымен танысты. Циклді-толассыз кешеннің ауқымды құрылысы кезінде 40 мың­нан астам темір-бетон конструк­ция­с­ы қолданылды, 174 мың шар­­шы метр аумаққа салмағы 15 мың тоннадан асатын жабдық монтаждалды. Үш жылдың ішінде ЦТТ нысандарының құрылысына қазақстандық компаниялардың мердігерлік ұйымдарының 430 қызметкері мен 30 неміс маманы тартылды.

ЦТТ жобасының басты мәні – тозығы жеткен негізгі техно­логиялық жабдықтарды жаңарту және 230 метр тереңдіктен көмір қорларын толық және ұтымды қазып алуды қамтамасыз ету. Бұл – бұрынғы теміржол технология­сын пайдалану кезінде мүмкін емес еді.

Сондай-ақ бірінші вице-премьерге тұрғын үй құрылысы­ның барысы туралы ақпарат берілді. Өткен жылы Екібастұзда 3 көп­­қабатты тұрғын үй пайда­лануға берілген болатын. Барлығы 4 жыл ішінде 21 көпқабатты тұрғын үй салынды. Бүгінгі таңда жеке инвестициялар есебінен тағы 3 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған қоса 7 бес қабатты үй салуға дайын жобалар бар.

Павлодар облысы