Оқиға • 28 Маусым, 2024

Қарағандыда жұмысшыны тоқ соғып, қайтыс болды

132 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше, 27 маусымда сағат 11.30-да Қарағанды қаласындағы Нерченская көшесінде әуе желісін жөндеу кезінде «Қарағанды Жарық» компаниясының 36 жастағы электромонтерін тоқ соқты. Зардап шеккен жұмысшы көз жұмды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қарағандыда жұмысшыны тоқ соғып, қайтыс болды

фото: inbusiness.kz

Белгілі болғандай, марқұм Айдос Нүсіпбеков әріптесі Ернұр Еспаймен бірге ағаштарды қырқып, мұнарамен жоғары көтерілген.

«Мен еңкейе бергенде оны ток соғып жатқанын аңғардым. Дереу әріптестерімді шақырып, оған алғашқы көмек көрсетуге тырыстық. Жедел жәрдем шақырдық, бірақ кеш болды», дейді марқұмның әріптесі.

Айдостың туған-туыстары оқиға орнына жеткенде, марқұмның денесі мәйітханаға жеткізілгенін білген. Олар ер адамның қауіпсіздік ережелерін өзі бұзбағанын алға тартып отыр.

«Айдос бұл салада 12 жылдан астам уақыт еңбек етті. Демек, тәжірибесі мол. Әуе желісіне көтеріліп, жөндеуге кіріспес бұрын, олар барлық сымдарды ажыратуы керек еді. Бұл электромонтерлердің міндеті емес. Ол өзінің шала әрекетінен жан тапсыруы мүмкін емес. Бізде екі нұсқа болып тұр. Бірі - сымдар ажыратылмаған немесе жұмыстың аяқталуын күтпестен ток берілді. Мұны анықтау керек», дейді марқұмның туыстары.

Марқұмның артында анасы, жұбайы мен үш баласы қалды. Оның қайтыс болу себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі мәлім еткендей, Айдос Нүсіпбековтің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Тергеу ҚР ҚК-нің 156-бабының 3-бөлігі «абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы бойынша басталғанын атап өткен жөн.