Университет • 28 Маусым, 2024

Халықаралық журналистика мектебі: Білім мен білік

380 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Дүниеде әр сөздің жаңғырығы бар. Ал журналистикадағы кез келген ақпарат күллі ғаламға тарайды. Осы журналистика жауынгерлерін даярлау – маңызды іс. Себебі Наполеон Бонапарт айтпақшы, журналист қаламмен көше тазалайды, әрлейді. Елімізде журналистиканы оқытудың классикалық үлгісі әлдеқашан қалыптасқаны белгілі. Дегенмен сәт сайын құбылған digital дәуір жаңашылдықты талап етеді. Жауапкершілігі көп бұл саланы жаңаша оқытуға ұмтылатын білім ордасын іздедік. Осы сұрақтың жауабын іздей келе ат басын Maqsut Narikbayev University-не бұрдық.

Халықаралық журналистика мектебі: Білім мен білік

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Сөздің басын университеттегі ерекше­ліктен бастайық. Мұнда факультет жоқ. Халықаралық стандарттарға сай мектеп бар. Студенттер үш-ақ жыл оқиды. Оқуға түсу үшін IELTS қажет. Оқыту АҚШ пен Ұлыбритания жүйесіне негізделген. Ең басты екі бағыты – халықаралық және зерттеу журналис­тикасы. Бұл ерекшелік білім ордасының табалдырығынан аттаған сәтте-ақ білінеді. Дәліздің бәрі салаға қажетті жаңа жабдыққа толы. Көздің жауын алады. Ішін аралап жүріп, шетелдік медиакешендеріне кіріп кеткендей сезімде болдық. Мұны айтып отырған себебіміз – көп университетте қалыпты аудитория ғана бар. Құрал-жабдықтарға жұтаң. Бар болған күннің өзінде студенттерге қолжетімсіз екені әмбеге аян. Сондықтан да бұл жағынан іздеп келген ордамыздың аты озып тұр.

л

2021 жылы Maqsut Narikbayev University Жоғары гуманитарлық мектебі бұқаралық ақпарат құралдарын тиімді пайдалану дағдылары бар, құқықтық, қаржы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты терең білетін кәсіби журналисті даярлау мақсатында журналистік зерттеу саласындағы «Журналистика: аналитика және зерттеу» бакалавриат бағдарламасын ашыпты. Бағдарлама 2022 жылы Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттіктің (IQAA) ұлттық аккредиттеуінен сәтті өтті. Осы бағдарлама аясында Maqsut Narikbayev University студенттердің білімін тәжірибелік тұрғыда шыңдау үшін «Video Studio» және «Media Hub» студияла­рын жасақтады. Әр студия кәсіби түсірілімге ар­налған фотоаппарат, штатив, объектив, жарықтандырғыш, софтбокс, микрофон, светодиодты жарықтандырғыш, суфлер секілді құралдармен жабдықталған әрі циклорамасы бар фото, видео, подкаст аймақтарын қамтиды.

дж

2023 жылы Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Maqsut Narikbayev University «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» медиа-холдингімен бірлесіп Халықаралық журналистика мектебін ашу туралы шешім қабылдады. Осыған орай университеттің бір бөлігі ренновациядан өтіп, оған қоса студенттердің практикасына бағыттал­ған «News Studio», «Podcast Area», жаңалықтар­ды тікелей эфирде көрсететін LED экран, құрал­дарды жалға беретін «Equipment Room», «Media Lab» монтаж студиясы ашылды. Осы мүм­кіндікті пайдаланып студент­тер жур­налистикалық дағды, дата жур­на­лис­тика, медиатехнологиялар, халық­аралық қатынастар, этика және заң модульдерін өтіп жүр.

6

– Біздің көп университет теория жа­ғы­на аса мән беретінін білеміз. Оны түгелдей жоққа шығармаймын. Десе де төрт жыл журналистиканы оқып, не мақа­ла жаза алмайтын, қолына микрофон ұстай­ алмайтын, сюжет жасай алмайтын­дарды­ жиі кездестіреміз. Бұл – білім жүйе­сінің сапасыздығын білдіреді. Сол үшін ­де журналистикасы дамыған елдердің үлгі­сін қолдануымыз қажет. Жалпылама кө­шіре салуға да болмайды. Оны икемдеу керек. Мен Ұлыбританияның Лидс уни­вер­ситетінде халықаралық журналистиканы оқыдым. Ол жақтың жүйесімен жақсы таныспын, өз тәжірибемде қолданамын. Одан кейін біздегі мұғалімдердің бәрі – практик журналистер. Олар журналистика алаңында жүргеннен кейін істің қыр-сырын жақсы біледі. Өз бойларынан өткізіп, ұғындыра алады, – деді Maqsut Narikbayev University Халықаралық жур­на­листика мектебінің деканы Айгүл Жамалова.

ж

Шетелдік жүйелер қандай пәндерді оқытатынын білгіміз келеді. Шетелдерде салалық журналистика мен зерттеуге баса мән беріледі екен. Мысалы, Халықаралық журналистика мектебінің оқытатын пәндері мынандай: журналистің кәсіби этикасы, деректер қоры және ана­ли­тикалық жүйе­лер, деректерді өңдеу және талдау, жаңа­лықтар журналистикасы, фактчекинг, аудиовизуалды медиа­ресурстар, іскерлік жур­налистика, спи­ч­райтинг, деректерді визуализация­лау және инфографика, тер­геу жур­на­лис­ти­касы, конвергенттік журналистика, PR.

Бірнеше студенттен: «Сіз оқитын университетте қандай ерекшелік бар?» деп сұрадық. Ең жиі естіген жауабымыз – икемділік, практика, шетелдік білім алмасулар. Оған құрал-жабдық қолжетімділігі, білікті оқытушылар деген жауаптар да қосылды. Осылардың ішінде шетелдік мамандардың сабақ беретініне қызықтық. MNU шетелдік мамандармен тығыз байланыста. Мысалы, көктемде журналистерге арналған «Al Jazeera Week» апталығы ұйымдастырылған. Қатысушыларға «Жаңа­лық­тар репортаждары», «Деректер журна­листикасы», «Мобильді журналистика», «Цифр­­лық сторителлинг» және «Жаңалық­тар жүргізушілерінің курстары» атты тақы­рып­тар бойынша 100 сағаттан астам тео­рия­лық және тәжірибелік сабақтар өт­кізіл­ді. Бір ескере кететіні, мұндай тәжірибе ал­ма­су алғаш Орталық Азияда жүр­гі­зілген.

– «Al Jazeera» – әлемдегі жетекші БАҚ және біз студенттеріміздің халықаралық мамандардан журналистиканың ең өзекті тақырыптары мен әдістері бойынша білім алуға бірегей мүмкіндік алғанына қуаныштымыз. Осы орайда «Al Jazeera» мамандарының журналистердің келесі буынын тәрбиелеуге деген ұмтылысына үлкен алғысымды білдіремін, – деді MNU провосты Сергей Пен.

о

 «Al Jazeera» апталығы» оқу бағдар­лама­сын аяқтағаннан кейін студенттер әр тақырып бойынша курстық жобаларын қорғап, «Al Jazeera Media Institute» сертификаттарын алды. Іс-шара аясында Maqsut Narikbayev University мен «Al Jazeera Media Institute» директоры Эман әл-Амри арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл мемо­ран­дум академиялық тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға, уни­верситеттің халықаралық маңыздылығын арттыруға ықпал етуге бағытталған.

«Al Jazeera» телекомпаниясы 1996 жылы Қатар Әмірінің бұйрығымен құрылған. Теле­компания әлемнің көптеген елінде араб және ағылшын тілдерінде хабар тарата­ды, 50-ден астам шетелдік бюросы бар. Деректі фильмдері «Al Jazeera Documentary» арна­сын­­да көрсетіледі. Студенттер осындай ірі те­ле­компания қызметкерлерінен тәлім ал­ған.

Журналистика мектебінің ақпарат тарататын жеке платформасы бар. Себебі студенттерге жазуды үйретудің қызық жолы осы. Студенттер жүргізетін «MNU Newsroom»-ді Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қазақ және орыс тілдерінде жаңалық тарататын ақпарат қызметі ретін­де ресми тіркеген. Елдегі түрлі мәселе­лер­ді көтеріп, ақпарат таратады. Қызмет жыл сайын қыркүйек пен мамыр айлары аралығында жұмыс істейді. «MNU Newsroom» журналистері дайындаған мақалаларды редакцияға серіктес ретінде тіркелген түрлі отандық медиаресурс өз платформаларында жариялай алады. Бір қызығы, ол MNU жанында құрылғанымен университет әкімшілігі редакция саясатына аралас­пайды. Редакция белгілі бір тақырып не мәселеге фокус жасамайды. «MNU Newsroom» журналистері саясат, экономика және қаржы мәселелерінен бастап әлеуметтік мәселелерге дейін көтере алады. Редакция түрлі билік тармақтарының өз міндетін атқаруына мониторинг жасап, жаңа реформаларды қоғам талқылауына шығаруды басты қағидат ретінде ұстанады.

Ашылғанына аздаған жыл болса да, өз міндеттерін айқын білетін бұл мектеп көп көңілінен шыққан. Бізге де ұнады.

 

ап

Алма Сайлауқызы,

MNU Халықаралық журналистика мектебінің Adjunct Assistant профессоры, PhD:

– Журналист даярлауда не маңызды?

– Журналист даярлауда ең маңызды бірнеше фактор бар дей аламын. Біріншіден, студенттің қабілет-қарымы, табанды мінезі, оқуға, тануға және үздіксіз дамуға құштарлығы. Менің ойымша, кездейсоқ адам журналист бола алмайды. Сондықтан мамандықты меңгеруге адаспай келсе, одан нағыз өз ісінің майталманы шығады. Екінші фактор – оқытушы құрамның білікті болуы. Басқа мамандықпен салыстырғанда, журналистикаға теория мен тәжірибені қатар ұштастырған мамандар ауадай қажет. Коммуникация саласы қарыштап дамып жатқанда, оның даму үрдістері мен ғылыми әлеуетін, жаңа трендтерін тең дәрежеде екшей алатын маман ғана мықты шәкірт тәрбиелеп шығары сөзсіз. Үшіншіден, мықты материалдық-техникалық база керек. Оған мемлекеттік тілдегі, орыс, ағылшын тіліндегі классикалық және заманауи тақырыптағы оқулықтардан бас­тап әлемдік онлайн ресурстарға дейінгі көкжиегі кең білім-ғылым қазынасы, озық технологияға негізделген оқу техникасы мен арнайы жабдықталған студиялар кіреді.

– Сіздер оқытқан студенттердің өзгелерден ерекшелігі қандай?

– Мақсұт Нәрікбаев университетіндегі (MNU) Халықаралық журналистика мектебінің құрылғанына көп болған жоқ. Дегенмен іргетасы қаланғаннан бастап жоғары стандарттарды ұстанып, биік мақсаттарды көздеп отырған жас ұжым. Біздің студенттер негізінен тәжірибелік дағдыға мән берілген бағдарламамен оқиды. Халықаралық журналистика деп аты айтып тұрғандай, ағылшын тілінде өтетін пәндер үлесі басым. Сол себепті оқуға қабылданар кезінде ағылшын тілінің деңгейін де ескереміз. «Журналист рюкзагі» деп аталатын оқу-тәжірибелік жинағы телеарналарда қолданылатын кәсіби техникадан еш кем емес. Өзі ықшам әрі мобильді. Ол мамандық бойынша әр дәрісті барынша өнімді, нәтижелі етуге септеседі. Ал Мичиган университетінің түлегі Жолдас Өрісбай әріптесім жетекшілік ететін «Newsroom» журналистік шеберханасы – БАҚ ретінде тіркелген, нағыз зерттеу журналистикасының жілігін шағатын кәсіби атмосфера.

– Журналист боламын деген жас талаптарға қандай үш кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен, көп оқып, көп түюге деген қабілетін дамытуға тиіс. Негізгі объектісі ақпарат болған соң, барынша көп ақпаратты саралап, қорыту қабілеті аса маңызды. Екіншіден, «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» табандылық, қағілездік, жанкештілік, батылдық сияқты мінезін шыңдауға дайын болғаны жөн. Үшіншіден, тек сыртқы келбетіне мән беріп, эфирден шығып сөйлесем болды деген тар түсініктен аулақ болуға шақырар едім. Өйткені бұл мамандыққа келетін жастардың басым бөлігі алғашында журналист болу деген телеэфирде сөйлеу деген тар түсінікпен жүреді. Ал бұл – түбегейлі қате тұжырым. Сырт келбеттен бұрын болашақ маманның бай жандүниесі, сарапшылық қабілеті, ақпаратты тез рәсімдеуі, сауатты жаза алуы, тіл байлығы, аналитикалық және сыни ойлай білуі, конвергентті журналистика машықтарын меңгеруі, журналистік этика мен стандартты қолдана алу дағдылары аса маңызды. Сол арқылы ғана бәсекеге қабілетті мықты журналист болып қалыптасады деп санаймын.