Әскер • 26 Маусым, 2024

Әскери дайындық пысықталды

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қорғаныс министрі әскери нысан­дар­дың резервшілер жиынына дайын­ды­ғын тексерді. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов Абай және Аягөз гарни­зондарының әскери нысандарына ­барып, оқу-жаттығу жиынына ша­қы­­рылатын жеке құрамды қабылдау пунктін аралады.

Әскери дайындық пысықталды

Фото: gov.kz

Сала басшысы алғаш болып «Шы­ғыс» полигонында болды. Мұнда шіл­де айының ортасында әскери жиын басталады. Оған шамамен 1,5 мыңға жуық адамды шақыру жоспарла­нып отыр. Қорғаныс министрі оқу-жаттығу орталығының резервшілерге сабақ өткізетін пункті, оқу-жаттығу алаңын тексерді. Іс-шара барысында аумақ­тық қорғаныс бригадаларының құра­мын жауынгерлік даярлықтың қажетті деңгейде ұстаудың маңыздылығын атап өтті.

Содан соң 30217 әскери бөлімінің жауынгерлік машиналар паркіндегі қару-жарақ пен әскери техниканы жөндеуді ұйымдастыру, оны ұзақ­мерзімді сақтауға әзірлігін бай­қап көрді. Модульдік казарма ғима­рат­тарын монтаждау мен асхана салу жұмыстарымен танысты.

Аягөз гарнизонында Руслан Жақсылықов жұмыс сапарын «Май­лин» оқу-жаттығу полигонынан бас­тады. Министрге бронды нысандарды жою, қарсыластың ұшқышсыз басқарылатын аппараттарына қарсы тұру, электронды күрес арқылы ­дрондарды бағдарлау тәсілдері, басқа да оқу-жауынгерлік мүмкіндіктері көрсетілді.

Гарнизонның әскери бөлімде­рінде Қорғаныс министрі гарнизон әскери қызметшілерінің отбасы мүшелері тұратын «Южный» әске­ри қалашығының тұрғын үйлерінің жөндеу жұмыстарының сапасына жіті мән берді.

Іссапар соңында Р.Жақсылықов жауынгерлік даярлық іс-шараларын жоғары деңгейде орындау, әскери нысандарды салу мерзімдерін сақтау, қару-жарақ пен әскери техниканы тиісті жағдайда ұстау бойынша бір­қатар міндет қойды. Әсіресе мүлік пен оқ-дәрілерді қауіпсіз жерлерде сақтауға баса назар аударды.