Экология • 26 Маусым, 2024

Қалауын тапса, қоқыс та кәдеге жарайды

140 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Тазалық табалдырықтан басталады» демекші, әр адам өзінің мекен ететін жерін аялап, күтуі қажет. Жыл сайын әлемде 300 млн тонна пластик бөтелке өндіріледі. Бөтелке қалдықтарын қайта өңдеп, кәдеге жаратып, пайдалы дүние жасап шығару әркімнің қолынан келе бермейтіні рас. Осы үрдісті тап басып таныған технологиялық фандоматтар жүйесі елорданың іргесінде 2023 жылы іске қосылды. «Sparklo KZ» компаниясы бөтелкелерді сұрыптап, өңдеуге дайындайды. Қазіргі таңда, Алматы, Астана, Ақтөбе, Өскемен қаласында 123 фандомат қондырғысы халыққа қызмет етеді.

Қалауын тапса, қоқыс та кәдеге жарайды

«Біз зауытты 4-5 жылда іске қостық. Алғашында шикізат тапшылығына тап болдық. Зауыт құрыл­ған уақытта бізге қате ақпарат берілді. 60 мың тонна пластик өндіре алатын зауыт іске қосыл­ғаны­мен, Қазақстанда бар-жоғы 25 мың тонна плас­тик сұрыпталып, жиналады екен. Содан біз Сауд Арабиясы, Индонезия елдерінен, Африка мемлекеттерінен пластик бөтелкелерді тасыдық», деді «Sparklo KZ» компаниясының директоры Әділет Нұрсила.

Компания директорының айтуынша, бастапқы уақытта елімізде фандомат қондырғысын орнату кезінде біраз қиыншылықтар туындаған. Кейін­нен, Ресейде дәл осындай қондырғыларды өнді­ретін компаниямен серіктестік орнатқан. Бұл қондырғының алғашқыда бір ғана түрі өндірілген. Серіктестік барысында Қазақстанға 10 данасына тапсырыс берілген. Қондырғы ең бірінші «Достық плаза» сауда орталығына орналастырылды. Бірақ 2022 жылы әлемдегі геосаяси жағдайға байланыс­ты бүкіл инвестициялық жоба тоқтатылды. Ал жалпы Қазақстанды толығымен қамтасыз етуге 20 мың фандомат қажет.

Экобелсендінің айтуынша, 3-4 айдан кейін БАӘ компанияларымен келіссөз жүргізіліп, 2023 жылдың наурыз айында «Sparklo KZ» компаниясының фандоматтары Қазақстан аумағында іске қосылды.

Бұл қондырғы пластик және алюминий бөтел­келерді қабылдап, сұрыптайды. Ал сұрыпталған бөтелкелер БАӘ-де өңделеді. Қондырғының бір күнде 200 бөтелкені қабылдауға мүмкіндігі бар. Фандоматтың арнайы «Sparklo Rewards Club» қосымшасында 60 мыңға жуық адам тіркелген. Оның 70 пайызы белсенді, яғни құрылғыны ­айына 3-4 рет қолданады. Қондырғы екі факторлы ауди­фикация бойынша жұмыс істейді. Біріншісі, бө­тел­келерді штрих-код арқылы тану. Екіншісі, жасанды интеллектінің көмегімен бөтелкені ішін­дегі сұйықтыққа байланысты тану үдерісі. Егер қондырғыға бөтелкеден басқа заттар салынатын болса, экраннан «қабылдай алмаймыз, алып тастаңыз» деген жазу шығады.

Қайта өңделген пластик бөтелкелерден тоқыма, яғни түрлі маталарды, киімге және жиһаздарды қаптауға арналған полиэфирлі маталарды жасауға болады. Сондай-ақ пластик құбыр­лар, тақтайшалар және басқа да құрылыс материалдары өндіріледі. Ұсақталған пластик асфальт және жол төсемдерін өндіруде компонент ретінде пайдаланылады. Кейбір жағдайларда қайта өңдеуге келмейтін пластик бөтелкелерді энергия өндіру үшін отын ретінде қолданады.

«Тегін нәрсенің құны жоқ. Осы құрылғының қосымшасы арқылы тіркелген адамдардың жеке кабинеттеріне бонустарды тіркейміз. Әр бөтелкеге 10 бонус береміз. Әртүрлі компаниялардың бонустық жүйесімен интеграция жасалған. Бонустарды дәмханалар, ойын орталықтары, «Magnum», «Яндекс», «Gorilla» және «Jet» компаниясына жұмсауға болады. Осындай қондырғы арқылы пайдалы экологиялық әдеттерді жүзеге асырамыз», дейді компания басшысы.

Бүгінде аталған қондырғыға жасанды интел­лектінің көмегімен тұрмыстық-химиялық заттардың қалыбын қабылдайтын жүйені енгізу жоспарланған. Сондай-ақ компания бұл қондырғылардың санын жылдың аяғына дейін адам көп шоғырланатын жерлерде 500-1000-ға дейін көлемде ұлғайтуды көздейді. Қазіргі таңда бұл қондырғылар әлемнің 12 мемлекетінде орнатылған. Компания алдағы 3-5 жылда әлем мемлекеттеріне орнатуды мақсат етіп отыр.

Осылайша, пластикалық бөтелкелерді кәдеге жаратып, қайта өңделетін қалыптары бар өнімдерді өткізу экологияны ластаудың алдын алады. Пластик бөтелкелерді қайта өңдеу таза пластик шикізатты тұтынуды және қалдықтардың көлемін азайта отырып, жаңа пайдалы өнімдердің кең ауқымын жасауға мүмкіндік береді.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті