«Таза Қазақстан» • 26 Маусым, 2024

Тыңғылықты жұмыс

81 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Экология және табиғи ресурс­тар министрлігі тұр­мыстық қатты қал­дық­тарды қайта өңдеу бо­йынша 45 жобаны пысық­тады, оның ішінде Ақмола облысында қо­қысты сұрыптап, қайта өңдейтін үш кешен салу жоспарланған. Жоба шамамен 7 миллиард теңгеге бағаланып отыр.

Тыңғылықты жұмыс

Мемлекет басшысы атап өт­ке­ніндей «Таза Қазақстан» эко­логиялық акциясы жалпы жұрт­шылық тарапынан қолдау тауып,­ кеңінен қанат жайып жатыр. Ілкімді іске облыстық кәсіпкер­лер пала­тасы да білек сыбана араласып, экожүйені сақтауға және жақсартуға елеулі үлес қосатын кәсіпорындарды демеп, мерейлі мақсатты көздейді. Бірден айта кетейік, палата алаңында өңірдің экологиялық мәселелері, қатты тұрмыстық қалдықтарды сақтау мен өңдеу жайы әлденеше рет талқыланды. Сараптап қара­са­ңыз, негізгі мәселелердің өзек­­ті­сі әлсіз инфрақұрылым, қат­ты тұрмыстық қалдықтар по­лиго­ны­ның талапқа сай бол­мауы, оның ішінде заңсыз жұ­мыс істеуі тәріз­ді көптен қор­даланып қалған жайлар бар. Кейінгі жылдары рұқсат беріл­меген полигондардың қа­тары тым көбейіп кетті. Облыс орталығында және өңірдің бір­не­ше қалаларында кәріз тазарту стансаларының тозығы жеткен. Міне, осындай бірқатар мә­се­лені оңынан шешу үшін қатты тұрмыстық қалдықтарды терең өңдейтін кәсіпорындар­дың қажеттілігі туындайды. Жоғары­да 45 жобаның пысықталған­дығы туралы айттық. Өңірде қоқысты сұрыптап өңдейтін үш кешен салынбақ. Жобаға «ЭКО-DUMP» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің директоры Мәриям Әбішева бастамашы болды. Алдағы уақытта қоқыс­ты сұрыптау-өңдеу кешендерін облыс орталығында, Бурабай және Зеренді аудандарында салу жоспарланған. Ұзақ жыл түбегейлі айна­лысып келе жатқандықтан Мәриям Әбішева осы саладағы мәсе­лелерді терең біледі. Табиғат жанашыры қаншама жылдан бері көрікті Көкше өңірінде заңсыз қоқыс орындарының көбейіп кеткендігі жайында айтып, мәселе көтерумен келеді. Енді міне, күрделі мәселенің күр­меуі шешілетін сыңайлы. Крас­нояр ауылында орналасқан поли­гонның тиісті құжаттары бол­мауына байланысты бірнеше жыл бойы жұмыс істемей тұрды. Енді нысан жұмысын заңдас­тыру туралы шешім қабылданып отыр. Осы арада заңдастыру мен сәйкестендіруге көп уақыт пен күш-жігер жұмсалғанды­ғын айта кетуге болады. Рұқсат құжаттарын дайындау үшін тұп-тура сегіз ай уақыт жұмсалған. Қатты тұр­мыстық қалдықтардың жалпы кө­лемінде қайта өңдеуге жататын шикізат шамамен 24 па­йыз­ды құрайды екен. Ал қал­ған­дары­ның барлығы кәдеге аспайтын қал­дықтар. Өткен жылы Крас­нояр­ ауылының полигонынан өрт шығып, облыс орталығын қара түтін басып қалды. Мұндай оқыс оқиға бірнеше мәрте қайталанды.

Полигонға тәулігіне 150 тон­наға жуық қоқыс әкелінеді екен. Әлденеше жыл бойы тау-теңіз болып жиналған қоқыс қара қарғаның миы қайнайтын ыс­тықта шіріп жатады. «Таза Қа­зақстан» акциясы басталғаннан бері кәсіпорын төрт мың тоннадан астам қоқыс қабылдапты. Жұмыс тәулік бойы жүргізіледі.

– Полигондарды қолдау мұ­қият жүргізілуге тиіс. Бұл бағытта заманауи жаңа технология­­лар­ды қолдана отырып, қайта өң­деу ісімен айналысу табиғи ресурс­тарды сақтауға септігін тигі­зер еді, – дейді Мәриям Әбішева. – Біздің жоба аясында Көкше­тау қаласында, Зеренді және Бура­­бай аудандарында қуаттылығы жылына 70 мың тонна болатын сұ­рып­тау желілерін салу көздел­ген. Бұл жобаларды іске асыр­ған кезде қазіргі қолданыстағы қатты тұрмыстық қалдықтар­ды толық өңдеуге мүмкіндік береді. Сол арқылы экологиялық және сани­тарлық-эпидемиялық мә­се­ле шешілмек.

Өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбектің ай­туын­ша, облыстың кәсіпорын­дары мен ұйымдары «Таза Қазақ­стан» акциясына белсенді қатыс­­са, елді мекендердің ішкі, сырт­­қы келбеті жақсара түспек. Таза­лық пен тәртіпті сақтай отырып, ай­мақта абаттандыруға үлес қосу – азаматтық парыз.

 

Ақмола облысы