Қоғам • 25 Маусым, 2024

Шетелде жұмыс істеу: Қазақстанда арнайы орталықтар ашылады

67 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шетелде жұмыс істеуге ниет білдірген Қазақстан азаматтары елде тағылымдамадан өтеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді,  деп хабарлайды Egemen.kz.

Шетелде жұмыс істеу: Қазақстанда арнайы орталықтар ашылады

Фото:egemen.kz

Үкімет басшысы қазіргі уақытта көптеген біздің азаматтардың шетелде жұмыс істеп жатқандығын және жұмыс бабымен барғысы келетіндердің көп екенін атап өтті. Бұл олардың еңбек қатынастарын заңдастырып, құқықтарын қорғауды талап етеді.

«Оларға жалақы төленбеген, медициналық қызмет көрсетілмеген, келісімшарттар өрескел бұзылған фактілерді білеміз. Сондықтан қазір тиісті үкіметаралық келісімдер жасасу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде шетелде азаматтарымызды жұмысқа орналастыратын жеке агенттіктердің жұмысын жүйелеу қажет. Қазақстан азаматтары келісімшарт бойынша сенімді кепілдіктер алуы тиіс», деді О.Бектенов.

Премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне осы бағытта кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

«Сонымен қатар шетелде жұмыс істегісі келетіндер үшін кәсіби және тілдік оқыту орталықтарын ашуға болады. Мысалы, оларды Шығыс Қазақстан, Түркістан және Алматы облыстарында ашу жоспарланып отыр. Бұл өңірлердің әкімдері бұл жұмысты жеделдетуі қажет. Басқа өңірлерге осы тәжірибені пайдалануға болады», деп атап өтті Үкімет басшысы.

Олжас Бектеновтің айтуынша, қабылданған барлық жүйелі шараларды жүзеге асыру сапалы жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге және халықтың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Премьер-министр облыс әкімдеріне тұрақты жұмыс орындарын құруға баса назар аудара отырып, жұмыспен қамту жоспарларының орындалуын жеке бақылауға алуды тапсырды.