Өнер • 24 Маусым, 2024

Музыкалық контраст

22 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордалық талғампаз тыңдарман үшін 2 шілде күні К.Бай­сейітова атындағы камералық зал сахнасында өтетін «Музы­калық контраст» концерті – ерекше өнер оқиғасы болмақ. «Астана Опера» оркестрінің дирижер тұғырында – бағдарлама авторы, «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин.

Музыкалық контраст

Кеш ұйымдастырушы­ла­ры­ның мәлі­метінше, айтулы бағдар­лама­ның ерек­шелігі – онда заманауи компо­зи­торлардың сирек орындалатын туындылары, сондай-ақ түрлі музыкалық жанрлар мен айтулы премьералық нөмірлердің ұсынылуында екен.

Контраст-концертте АҚШ композиторлары туын­ды­лары­ның блогі қызықты етіп танысты­рылмақ. Музы­ка тарихына аз-кем шегініс жасасақ, скрипка мен фортепианоға арналған «Пуль­чинелла» балетінен сюитаны Стравинский 1925 жылы жасаған. Бұл таңғаларлықтай үй­лесімді шығарма музыкадағы нео­клас­сицизмнің жарқын үлгісі болып табылады. Композитор Джованни Баттиста Перголезидің және XVIII ғасырдағы басқа да италиялық классиктердің туындылары тақырыбын негізге алып, оларға заманауи үн қосқан. Дель арте комедиясы дәстүрлерінен шабыт алған шығарма өзінің жеңіл әрі нәзік болуымен тәнті етеді.

ва

Егер елордалық көрермен «Пуль­чи­нелла» балетінен сюитамен әлдеқашан таныс болса, А.Коплендтің Кларнет, ішекті аспаптар оркестрі, арфа мен фортепианоға арналған концертін ал­ғаш рет тыңдайды. Аарон Копленд – америкалық ұлттық композиторлық мектебінің аға буын өкілі. Бұл буын композиторлық мектептің құрылуында маңызды, тіпті шешуші рөл атқарған десек те болады. Ал аталған концерт 1947 жылы әйгілі кларнетші Бенни Гудманға арналып жазылған. XX ғасырдағы ұлы америкалық композиторлардың бірі Копленд айтулы туындыға айрықша қуат пен колорит үстейтін джаз бен фольклор­дың элементтерін қосты. Кон­церт өзіне екпінді ырғақтар мен лирикалық әсемдікті біріктіреді. Ал бұл тәсіл кларнетке өзі­нің барлық дәу­лес­керлігімен жарқырауға тамаша мүмкіндік береді.

Концерт аясында А.Пярттың Скрип­ка мен камералық оркестрге арналған ­«Fratres» («Ағайынды») шығармасын тың­дау­ға болады. Бұл – эстониялық ком­позитордың ең танымал туынды­лары­ның бірі. Пярт бірегей стиль ойлап тауып,­ оны «тинтиннабули» (латын тілінен аудар­ғанда «қоңырау») деп атады. Аталған туын­ды жеңіл де жаймашуақтылығымен ерекшеленеді. Скрипка мен камералық оркестрге арналған «Fratres» – опус, яғни мұнда әрбір нота терең мағынамен бері­ліп, рухани тұңғиыққа ену әрі пайымдау атмосферасына бөлейді.

Әлемде оркестрмен бірге алғаш рет орындалатын С.Франк–Е.Магалифтің Флейта мен ішекті аспаптар оркестріне арналған концерттік транскрипциясы, Прелюдия, фуга және вариациялары кештің шарықтау шегі болмақ. Француз музыкалық романтизмінің ірі өкілдерінің бірі Франк өзінің эмоциялық тұрғыда мазмұнды әр әуен жағынан бай туындыларымен танымал. Магалиф жасаған шығарманы Флейта мен оркестрге ыңғайлау – туындының жаңа қырларын ашып, оның сыршылдығы мен нәзіктігін айшықтай түсері сөзсіз.

Дирижер әрі концерт авторы Руслан Баймурзиннің жетекшілігіндегі каме­ра­лық оркестр айтулы туындыларды басқа қы­рынан ұсынып, музыкалық стильдердің бар­лық нюансы мен контрасын паш етеді. Көптен күткен классикалық музыка ке­шінде солист-аспапшылар – скрипкашы Сағиқожа Ережепов, флейташы Әлима Әбеуова, кларнетші Алмаз Тоқпанов өнер көрсе­теді.