Айбын • 21 Маусым, 2024

Ұлттық ұлан жас офицерлермен толықты

64 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі әскерінің институты Петропавл қаласында 1996 жылы ашылған. Стратегиялық өңірде орналасқан бұл оқу орнының еліміз үшін маңызы ерекше.

Ұлттық ұлан жас офицерлермен толықты

Курсант формасын киген кілең ұзын бойлы, жалынды жас жігіттер көшелерде патрульдік қызмет атқарып жүргені белдеріне қамшы іліп, әлем-жәлем киініп жүргендердің мысын басып, тыныштық пен тәртіп орнай бастады. Содан бері курсанттар солтүстіктің барлық төтенше істеріне де белсене қатыстырылып, көмек қолын созып келеді. Биылғы тасқын кезінде де олар алдыңғы шептен табылып, жүздеген адамды құтқаруға қатысты.

Қазір бұл оқу орыны Ұлттық ұлан академиясы деп аталады. Облыс орта­лығында өткізілетін барлық мәдени іс-шараның, патриоттық істердің бел ортасынан академияның курсанттары табылып, белсене қатысып жатады. Сондықтан облыстың мәдениет, ішкі саясат, білім беру басқармалары, қала тұрғындары курсанттарға үнемі ризашылығын білдіреді. Кейде қыстың қысқа күнінде қараңғы көшелермен қорқа соғып жаяу келе жатсаң қалың қара тон киіп, кезекшілікте жүрген үш курсант алдыңнан шыға келгенде кәдімгідей қуанып қаласың. Кейбір айғай-шу шығарып, бұзақылық көр­сетіп жатқан әумесерлердің қолын бұрап, полицияның көлігіне апара жатқандарын да көріп риза боласың.

сч

Бүгінгі таңда академияны полковник Артур Тоқышев басқарады. Мұнда құқық қорғау саласының 8 мамандығы бойынша офицерлер даярланады. Оқу орнының 28 жылдық тарихындағы қол жеткен табыстары өте мол. Оқу ордасын бітірген төрт мыңнан артық түлек еліміздің әр түкпірінде халықтың тыныштығы мен бостандығын сақтауға зор үлес қосып келеді. Мәдениет, спорт салаларындағы табыстары да аз емес.

Оқу орны өздерінің алғашқы түлек­терін 2000 жылы ұшырды. Ал биыл 190 адамнан тұратын 24-түлектерін Қазақстанның барлық өңірі мен қаласына шығарып салып отыр. Азаматтардың дип­лом алу салтанатына Ішкі істер ми­нистрі Ержан Сәденов, облыс әкімі Ғауез Нұр­мұхамбетов, Ұлттық ұланның бас қол­бас­шысы, генерал-лейтенант Еркін Бота­қанов, республиканың түкпір-түкпі­рінен келген ата-аналар мен туыс­тары қатысты. Қонақтардың арасында Тәжік­стан Ішкі істер министрлігінің өкілдері де болды. Өйткені биыл диплом алған офицерлердің 10-ы үкімет­аралық келісім бойынша сол елден келіп, оқыған­дар еді.

Жалынды жастардың бүгінгі қуа­ныш­тары ерекше сезіледі. Мінберге көтерілген Ішкі істер министрі сөзін алдымен балаларын Отанымыздың адал азаматы қылып тәрбиелеген ата-аналарға алғыс айту­дан бастады. «Еліміздің ішкі тәртібін бақы­лауға ұлдарын аттандырған, оның қиын­дығы мен тәуекелін еңсеруге тәрбие­леген ата-аналарға мың алғыс айтамын. Міне, бүгін еліміздің ішкі істер әскерінің офицерлік корпусы жаңа лейтенанттармен толығып отыр. Академиядан алған терең білімдеріңді, кәсіби және әскери дайындықтарыңды еліміздің құқылық және тәртіп қуатын арттыруға жұмсайды деп сенемін», деді ол.

Жас офицерлерді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те құттықтады. Өңір басшысы сөзін курсанттардың биылғы су тасқыны кезіндегі ерлігіне ризашылығын білдіруден бастады. «Сарбаздар үйлерді қалпына кел­тіруге және зардап шеккендерге үйлеріне тез оралуына өз үлестерін қосты. Осының арқасында көптеген адамның өмірін сақтап қалдық. Сол­түстікқазақстандықтардың атынан сіздерге алғысымды айтамын. Ер азамат осындай қиын сәттерде шыңдалады. Сіздер нағыз ерлік танытып, абыройлы еңбек еттіңіздер. Ерім дейтін ел аман болып, елім дейтін сарбаздар көп болсын», деді әкім құттықтау сөзінде.

Дипломдарды салтанатты жағдайда тап­­сыру рәсімі академияны үздік бітірген Абылайхан Айтуаров, Жалғас Жеңіс, Тимур Ағыбаев, Диас Әбіләкімов – төр­­­­теуіне Президент Қ.Тоқаев­тың атынан Ішкі істер министрі, генерал-лейте­нант Ержан Сәденовтің тапсыруымен бас­тал­ды.

Академияның жас түлектерінің бірі Ғалымжан Кенесарыны әңгімеге тартқа­ны­мызда, ол өзінің қуанышты екенін жет­кізді. «Бүгін арманым орындалып, иығыма лейтенант погонын тағып тұр­мын. Төрт жыл бойы осы сәтті аңса­ған едім. Қызылжар өңірі менің есімде әрқашан сақталады. Осы қалаға бала болып келіп, терең білім мен өмірлік тәжірибе алып, жігіт болып атта­­нып бара жатырмын», деді Ғалымжан.

«Мұндағы оқу оңай болған жоқ. Төрт жыл бойы казармада, қатаң тәртіпте бол­дық. Тәртіп болмаса нәтиже де болмай­ды, сондықтан ұстаздарымыз біздің бо­саң­суымызға ерік берген жоқ. Соның ар­қа­сында міне, диплом алып, маман ата­­нып тұрмыз. Ұстаздарыма алғыс біл­діре­­мін», деді тағы бір түлек Темірхан Пер­не­бек.

Баласының диплом алу рәсіміне Алматы облысынан арнайы келген Ақ­жар­­қын Айсаева да өзінің қатты қуа­нып тұрғанын білдірді. «Төрт жыл бойы оқы­ған білімін балам енді елдің қыз­ме­тіне адал жұмсасын деп тілеймін. Ота­ны­мыз­дағы тыныштықты осы азаматтар қор­ға­маса кім қорғайды. Баламның сон­дай дә­ре­жеге жеткеніне көзіме жас алып, қуа­нып тұрмын», деді ана. Сөйтіп, елі­міз­­дің ішкі істер әскері жаңа офицерлер­мен то­лықты.

 

ПЕТРОПАВЛ