Сенат • 21 Маусым, 2024

Маңызды құжаттар мақұлданды

24 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Маңызды құжаттар мақұлданды

Халықаралық ынтымақтастық нығаяды

Отырыс барысында бірқатар халық­аралық келісім ратификациялан­ды. Аталған заңдар негізінен халық­аралық жүк тасымалдау рәсім­дерін оңайлатуды, сондай-ақ тран­зиттік-көліктік әлеуетті және халықаралық сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді. Олар – «Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы халықаралық құрамдастырылған жүк тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Транскаспий халықаралық көлік бағытын, оның ішінде Қытай – Еуропа қатынасындағы контейнерлік пойыздар үшін дамыту жөніндегі келісімді ратификациялау туралы» заңдар.

Палата отырысында Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гума­ни­тарлық саладағы ынтымақ­тастық­ты дамытуға арналған «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы мәдени орталықтарды өзара құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да қаралып, мақұлданды.

 

Мемлекеттік сатып алулар цифрландырылады

Сонымен қатар депутаттар «Мем­лекеттік сатып алу туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сатып алу және артық заңнамалық регламент­теуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарады.

Сенат төрағасы заңнамалық түзе­тулердің маңызына назар аударып, Мемлекет басшысы Жолдауда сатып алудың жаңа сапалы жүйесін енгізуді тапсырғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ ол заңның негізгі нормаларына тоқталып өтті.

«Бұл заңдар Президент тапсырмасын орындау мақсатымен мақұлданды. Соның аясында әділ, ашық және тиімді мемлекеттік сатып алу жүйесін қалыптастыру үшін жаңа құқықтық тетіктер қарастырылып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу рәсімдері қайта қаралып, үдерістерді одан әрі оңтайландыруға және оларды цифрландыруға баса мән берілді. Мемлекеттік сатып алулардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтуға, сондай-ақ қоғамдық бақылауды күшейтуге арналған ережелер де бар. Отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Сатып алынатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын қамтамасыз ету және олардың уақтылы орындалуы үшін бизнестің жауапкершілігін арттыруға арналған нормалар да қамтылған. Әділ және транспарентті мемлекеттік сатып алу заңнамасы ел экономикасының өсуіне оң ықпалын тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Ұлттық ғылыми жүйені жетілдіреді

Сенат отырысында депутаттар «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңды және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым және технологиялық саясат, платформалық жұмыспен қамту және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды екінші оқылымда қарап, мақұлдады.

Палата төрағасы атап өткендей, заңдарға енгізілген түзетулер ұлттық ғылыми жүйені жетілдіруді, сондай-ақ ғылыми-техникалық және инно­вациялық қызметті тиімді үйлестіруді көздейді.

«Негізгі заң арқылы ғылыми қызмет субъектілері және олардың құқықтары айқындалды. Жас ғалымдарды ынталандыру және ғылыми қызметті қаржыландыру тетіктері де қайта қаралып отыр. Ғылыми-техникалық жетістіктерді коммерцияландыруға арналған түзетулер де қамтылған. Осыған орай кәсіпкерлерге салықтық және инвестициялық жеңілдіктер беру қарастырылып отыр. Алдағы уақытта қаралған заңдар еліміздің ғылыми жүйесін жаңғыртуға өз септігін тигізеді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ отырыс кезінде Мем­лекет басшысының тапсырмасымен құрылған Қазақстан Республикасының орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерінің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның құрамына Сенат депутаттарын сайлау туралы мәселе қаралды. Парламент регла­ментіне сәйкес екі Палата бірлескен отырысқа дейін Комиссия құрамына енетін кандидатураларын айқындауы қажет. Осыған байланысты Сенаттан Парламенттік комиссияның құрамына Ольга Булавкина мен Евгений Больгертті сайлау туралы шешім қабылданды.

 

Кітапханашының жалақысы төмен

Сенат отырысы кезінде депутаттар депутаттық сауалдарын жолдады. Нұртөре Жүсіп депутаттық сауалында елдегі қатардағы кітапханашылардың орташа жалақысы 125 000 теңгені құрайтынын және бұл білікті кадр­лардың осы саладан кетуіне ықпал ететінін атап өтті. Қазіргі уақытта кі­тапхана саласын дамыту үшін қа­жет­­ті заңнамалық база жоқ. Кітап­ханалар заманауи компьютерлік және көшіру-көбейту техникасымен толық жабдықталмаған, ал қолда бар құралдар моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген.

«Кітапханалар компьютермен және көшіру-көбейту техникасымен нашар жабдықталған, көбі ескірген. Көптеген кітапхананың ғимараттары ұзақ жылдар бойы күрделі жөндеуден өтпеген. Арнаулы кітапханалардағы, балалар, жасөспірімдер, зағип және нашар көретіндерге арналған кітапханалардың жағдайы көңілден шыға бермейді. Мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың кіруі және еркін жүруі өте қиын. Пандустар, әмбебап кабинасы бар санитарлық тораптар, көлік құралдарына арналған тұрақ орындары жоқ», деді Нұртөре Жүсіп.

Сонымен қатар сенатор кітапхана қорын толықтыру мәселелеріне назар аударды. Қолжетімді кітаптардың көпшілігі ескірген және оқырмандардың заманауи ақпараттық сұранысына сәйкес келмейді. Қаржыландыру­дың жеткіліксіздігіне байланысты кітап қорын жыл сайын жаңарту ісі кейін­гі 20 жылда небәрі 1,8%-ды құрап отыр. Авторлық құқық туралы заң­ның нормалары қазіргі авторлардың шығармаларын цифрлық форматта толық ұсынуға мүмкіндік бермейді, бұл кітаптарға қолжетімділікті шектейді.

«Көпшілік кітапханалардың тек 60,7%-ы интернет желісіне толық­қанды қосылған. Осыған байланыс­ты кітапхана саласын жаңғырту, кітапханаларға қатысты мемлекеттің жауапкершілігі мен міндеттерін айқындау үшін «Кітапхана ісі» туралы жеке заң қабылдау қажет. Білікті кадрларды тарту және ұстап қалу үшін кітапханашылардың жалақы­сын мемлекеттік деңгейде көтеру керек. Өңірлік кітапханалар қорларын толыққанды және уақтылы толықтыру үшін Кітапханалық бірыңғай орталық құру керек», деді сенатор.

 

Қан қызметінің ғимараты қақырап тұр

Кейінгі 5 жылда елімізде донорлық қанды тұтыну 13%-ға өсті, бірақ бұл ретте салалық мекеме – Қан қызметінің ғылыми-әдістемелік орталығында жедел шешуді талап ететін бірқатар проблема бар.

Сенатор Айнұр Арғынбекова депу­таттық сауалында республиканың қан қызметін дамытуды үйлестірумен қатар, бұл орталық елордадағы барлық медициналық ұйымдарды донорлық қанмен қамтамасыз ететінін айтты. Алуан түрлі және күрделі технология қолданылатын орталық болса да Транс­фузиология ғылыми-өндірістік орта­лығының ғимараты ауыр жағдайда тұр.

«15 жыл бұрын пайдалануға беріл­геніне қарамастан, құрылыс кезінде жіберілген олқылықтардың салдарынан орталықтың ғимараттары біртіндеп бұзылып жатыр. Ғимараттың желдету жүйесі дұрыс жобаланбаған және тек 55%-ы жұмыс істейді. Төбеден су ағады, оның бәрі төбе жабындысы­ның бұзылуына әкеледі және құлап кету қаупін туғызады. Осының бәрі орталықтың қалтқысыз жұмыс істеуіне қатер төндіреді», деді сенатор.

Депутат Астанада медициналық көмек көрсету көлемін ескере отырып, бұл мәселенің ерекше маңызы бар деп санайды. Сенатор осыған байланысты Премьер-министр Олжас Бектеновке қазіргі проблемаларға назар аударуды және оларды шешуге жәрдемдесуді сұрады.

«Трансфузиология ғылыми-өндіріс­тік орталығының ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. 2020 жылдан бері орталық күрделі жөндеу жұмыс­тарына қаржы бөлу үшін Қар­жы министрлігіне 5 рет өтінім берсе де ақша бөлінген жоқ. Қазіргі кезде жобалау-сметалық құжаттарға түзету енгізіліп, құны 6,1 миллиард тең­ге болатын күрделі жөндеу жұмыс­тарына қорытынды алынды. Меди­ци­налық көмек көлемі арта түскен кезде және донор қанының қорын жасап қою еліміздің ұлттық қауіп­­сіздігі мәселесі болғандықтан Транс­­фузиология ғылыми-өндірістік орта­­лығы ғимаратына күрделі жөндеу жұ­мыс­­тарын жасау үшін қаржы бөлу мәсе­л­есін қолдауды өтінемін», деді депутат.

Сонымен қатар Сенат отырысында Алишер Сатвалдиев субсидиялау­дың жаңа ережелеріне байланысты шымкенттік шаруалар мемлекеттік қолдаудан айырылуы мүмкін екенін айтты. Осыған орай депутат жақында күшіне енген ережелерге өзгерістер енгізу қажеттігін тілге тиек етті.

Сенатор Закиржан Кузиев те ауыл ша­руа­шылығын субсидиялау жүйесін жетіл­діру керектігіне мән берді. Бұл ретте депутат агроөнеркәсіптік кешен субъек­­тілерін жеңілдетілген несие­леу және суб­сидиялау қызметтерін бір цифр­­лық платформада біріктіруді ұсынды.

Ал Бекболат Орынбеков Жамбыл облы­сында жүргізіліп жатқан газ құбы­ры құрылысының қарқынын сынға алды. Сенатор қалыптасқан мәсе­лені шешу үшін тиісті шараларға назар аударды. Амангелді Толамисов әлеу­мет­тік орталықтар қызметкерлері­нің жалақы­сын көтеруді және олар­ға арнайы мәр­тебе беруді ұсын­ды. Сенатор қазіргі таңда әлеуметтік қызметкерлердің табысы оларға жүк­телетін жауапкершілік пен міндеттерге сәйкес келмейтінін айтты.