Елорда • 20 Маусым, 2024

«Мерейлі отбасы-2024»: Астанада қалалық комиссия отырысы өтті

59 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада «Мерейлі отбасы-2024» ұлттық байқауын өткізуді ұйымдастыру жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Мерейлі отбасы-2024»: Астанада қалалық комиссия отырысы өтті

Фото: Астана әкімдігі

Жиында комиссия мүшелері отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және отбасы институтын арттыруға бағытталған ұлттық байқауға бақ сынауға өтінім берген отбасылардың ішінен үздігін таңдау үшін құжаттармен танысып, бейнероликтерді қарады.

Комиссия мүшелері үздік отбасыларды таңдау кезінде олардың әрқайсысының жеткен жетістіктеріне, отбасылық дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарға мән берді.

Одан бөлек, отбасы мүшелерінің қабілеті мен дарыны да назардан тыс қалмады. Бос уақытын тиімді өткізу, салауатты өмір салтын ұстану, волонтерлік, қайырымдылық істері де таңдау кезінде ескерілді.

«Комиссияның әрбір мүшесі отбасыларды балдық жүйе бойынша бағалайды. Балдардың жалпы саны тең болған жағдайда түпкілікті шешім ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Кейін комиссия шешімінің негізінде жеңімпаз отбасыларға «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының лауреаты атағы беріледі», деді Астана қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының үкіметтік емес сектормен жұмыс бөлімінің басшысы Айдана Қамзаева.

Биыл 238 отбасы конкурсқа қатысу үшін құжаттар тапсырды. Еңбек пен спортта, шығармашылық және зияткерлік салаларда, ғылым мен өнерде жетістіктері бар отбасылар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке белсенді араласатын отбасылар, көпбалалы отбасылар, ерекше балалары бар отбасылар, ардагерлер, еңбек адамдары және шығармашыл әулеттер қатысып отыр.

Комиссия отырысынан соң қалалық кезеңнің жеңімпаздары белгілі болады. Үздік деп танылған отбасы республикалық кезеңге жолдама алады. Ал қалалық кезеңнің салтанатты марапаттау рәсімі Астана күні қарсаңында өткізіледі.

Айта кетейік, «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы Қазақстанда 2013 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді.