Экология • 19 Маусым, 2024

Қоршаған ортаны қорғауға ғылыми көзқарас қажет

81 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бір гектар орман тәулігіне 280 кг көмірқышқыл газын сіңірсе, орташа мөлшердегі бір ағаш күніне үш адамның тыныс алуы үшін қажетті оттегін қалпына келтіреді. Жасыл желектің пайдасын жүзеге асыру үшін ағаш отырғызу жобаларының мұқият мақсат қою мен жоспарлаудан бастап баптау мен бақылауға дейін жеткілікті уақыт шеңберін қамтуы маңызды. Әйтпесе, еткен еңбек, жұмсалған энергетикалық және қаржылық ресурс босқа шығын болуы мүмкін.

Қоршаған ортаны қорғауға ғылыми көзқарас қажет

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жасыл желектің қоршаған орта мен саламатты өмір салты үшін пайдалы актив екені әркімге аян. Тал-терек айналаның ажарын кіргізіп, адам ағзасына оңтайлы микроклиматты қалыптастырады, ауа­ны оң иондармен қанықтырып, сани­тарлық-қорғау функцияларын атқарады. Ірі қалаларда парниктік газ шыға­рын­­дыларын азайту, кеңістікті сал­қын­дататын көлеңкелі жерлерді қамта­ма­сыз ету көгалдандырудың эколо­гия­­­лық, әлеуметтік және эстетикалық басым­дықтарымен байланыстырылады. Бірақ ағаш отырғызудың дұрыс, сауатты жоспарланған жобалары ғана экология мен тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға қызмет ете алатыны айқын. Бұл мақсатқа қол жеткізу көшеттерді отырғызатын құнарлы жерді таңдау, егудің оңтайлы мерзімін анықтап, сақтау, жер жұмыстарын орындау кезінде қателікке жол бермеу, ағаштардың әр түрінің үйлесімділігін ескере отырып, жиынтығын іріктеу, барлық кезеңде ағаштарды күтіп ұстау мен тұрақты мониторингтеу сынды көпжылдық міндеттемені талап етеді.

Мұның қатарында тиісті білімі, дағдысы мен жұмыс тәжірибесі бар маманның араласуынсыз ағаш отыр­ғызуды жоспарлау ойдағыдай жүзеге аспайтынын ескерген жөн. Қазіргі кезде елді мекендерде жаңа ағаштар отырғызып, ескілеріне күтім жасаумен айналысатындардың көбінің бұл жұ­мыстан хабары жоқ. Кейде аллергенді немесе инвазивті тұқымдар отырғызылып, зиянкестер жұқтырылып жатады немесе ағаштар бейберекет кесіледі. Нәти­жесінде, өсімдіктің өмірі қысқа болады. Ал көгалдандыруды ботаниктер, дендрологтер, топырақтанушы агрономдар, энтомологтер, фитопатологтер, ландшафт дизайнерлері жұмыс істейтін мамандандырылған кәсіпорындар жүр­гізуі керек. Сонымен бірге ағаш отыр­ғызу жобаларын ботаникалық бақтар қадағалауға тиіс. Әр аймақта тұқымнан күрделі көшеттер өсірілетін өз тәлімбағы (питомнигі) болуы да маңызды.

Қалалар мен елді мекендерді көгал­­дандыру барысында туындап отыр­ған проблемалар мен оларды шешу жол­дары жуырда Алматыда экология және табиғи ре­сурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен өткен дөңгелек үстелде қарастырылды. Іс-ша­раға қатысқан бірқатар көр­шілес елдердің ғылыми-зерт­теу инсти­туттарының белгілі ғалым­дары, сондай-ақ жергілікті атқарушы ор­гандардың өкілдері, мемлекеттік бо­таникалық бақтардың басшылары, жетекші ландшафт сәулетшілері және осы са­ладағы басқа да мамандар еліміздің қала­лары мен елді мекендеріндегі көгал­­дандырудың қазіргі жай-күйін баға­лап, жасыл желектерді түгендеу және цифр­ландыру үдерісімен таныс­ты. Сондай-ақ жиында қазіргі уақытта жоспарлау құрылымының барлық эле­менттерін теңгерімді және өзара байланысты дамыта отырып, көгалдандыру және жайлы тіршілік ортасын құру үшін өсім­діктерді таңдаудың ғылыми тәсіліне негіздел­ген түбегейлі жаңа әдісте­мелерде қалалық көгалдандыруды ұйым­дастыру қағидаттарын қайта қа­рау­дың шұғыл қажеттілігі туындағаны атап өтілді.

Алматының жасыл қорын сақтау мен көбейтудің маңыздылығына тоқталған қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбді­қадыровтың айтуынша, жалпы аумақта төрт миллионға жуық ағаш бар және биыл тағы 320 мың ағаш отырғызу жос­пар­ланып отыр. Былтыр ағаш отыр­ғызуға жаңа талаптар қабылданған. Кө­шеттердің сапасына қойылатын талап та өзгеріп, суару жүйесін міндетті түрде ұйымдастыру туралы норма енгізілген. Өтемдік отырғызу нормалары қазір 1-ден 50-ге дейін және міндетті үшжылдық күтімді қамтиды. Жаңа ұңғымалар мен су қабылдағыштар салынды. Жасыл аймақтарды күтіп ұстау бойынша әкімдік үшжылдық шарттарға көшті. Сондай-ақ көшеттер тізілімі жүргізіліп, әр ағашқа электрондық төлқұжат жасау көзделген.

Ал Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының басшысы Амангелді Саданов әкімдіктер жыл сайын мыңдаған жаңа ағаш отыр­ғызатынын, бірақ олардың қаншасы тамыр алатынын, қаншасы ауыратынын, түрлі тұқымның қалай бейімделетінін есепке алмайтынын айтады. Сол секілді қатысушылар елге санитарлық нор­маларға, жергілікті жағдайларға сәйкес кел­­мейтін көшеттердің әкелінетінін сынға алды. Климаттық ерекшеліктер қапер­ге алынбай сырттан әкеліп егілген қыл­қан­жапырақтылардың жағымсыз әсері сөз болды.

Ботаника және фитоинтродукция институтының бас директоры Гүлнәр Ситпаева үлкен қалалар елді мекендерді көгалдандыру үшін ғылыми негізделген өсімдіктер жиынтығының болмауы, ағаштардың аурулары, зиянкестермен зақымдануы, сапасыз отырғызу материа­лы сияқты жайттарға назар аударды. Жасыл қорды жөнсіз санитарлық кесу және жаңарту, сондай-ақ отырғызу мен күтімнің агротехникалық нормаларын сақтамау – ғалымдардың алаңдауына себеп.

Іс-шара қорытындысы бойынша қаты­сушылар қалалық көгалдандыру мәселелерін шешуде, өсімдіктердің жиынтығын таңдауда, оларды бақылау мен күтуде ғылыми тәсіл бойынша ұсы­ныстар әзірледі. Экология министрі ғы­лыми топтардың өкілдеріне жү­гініп, Алматының үлгісі бойынша кө­галдандырумен айналысатын мердігер ұйым­дардың жауапкершілігін арттыру мақсатында үшжылдық шарттар енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, екпе­лердің тұқымдық құрамы, отырғызу жоспары, күтіп-баптау жұмыстары мен ағымдағы орман-патологиялық жай-күйі (аурулар мен зиянкестердің болуы) бойынша мәліметтерді көрсететін ақ­параттық жүйені құра отырып, жасыл-желекке түгендеу жүргізу қажет. Өтемдік отырғызу нормалары мен жүйелерін қайта қарау бөлігінде заңнамалық базаға өзгерістер енгізу, жалпыға ортақ пайдаланылатын жасыл-желектің жай-күйі мен қураған жерлердің болуы үшін жауапкершілікті белгілеу өзекті. Жасыл желекті қорғау бойынша мониторинг және ұсынымдар әзірлеу мәселесін шешу керек. Суару жүйесіне суды үнемдеп қана қоймай, суару сапасын арттыруға мүмкіндік беретін үнемдеу тех­нологияларын енгізу ұсынылды. Антропогендік әсерді азайту мақсатында магис­тралдар мен қала көшелерінің бойында отырғызуға қатты ағаштар енгізілуге тиіс. Сонымен қатар нашар топы­рақтардағы жасыл желекке күтім жасау жұмыстарына ерекше назар аудару қажет.

Елді мекендерде сапалы жасыл же­лек құру бойынша күш-жігер мен білім­ді біріктіру маңызды. Өйткені бұл –экологиялық ахуалды ғана емес, қолайлы орта құруды, сондай-ақ азаматтардың денсаулығын, өмір сапасын қозғайтын маңызды мәселе. Ерлан Нысанбаев министрліктің бұл іс-қимылға үлкен мән беретінін және түйткілдерді шешуге бағытталған ғылыми зерттеулер мен практикалық жобаларды қолдауға дайы­н екенін жеткізді.