Көшеттерді тұрақты түрде тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге 400 текше метр болатын арнайы бассейн мен екі дана су айдау қондырғысы орнатылды. Суды үнемдеу әрі өнімділікті қамтамасыз ету үшін әр көшеттің түбіне тамшылатып суару жүйесі ендірілген. Жанында орналасқан өзен суынан қоректенуі де жеміс ағаштарының тез бой алып, өнуіне септігін тигізбек. Алма, өрік, шабдалы, жаңғақ, тұт, жиде секілді жеміс ағаштары тамыр жайып, тұрақты күтімнің нәтижесінде тұрғындарға әрі сая, әрі жемісті демалыс аймағына айналары сөзсіз. Сондай-ақ жуырда акция аясында Арыс өзені бойын тазалау жұмыстары жүргізілді. «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев бастаған екі жүзден аса адам «Таза бейсенбіде» көрікті өлкенің тазалығын сақтауға үлесін қосты. «Аманаттықтар» тазалаған аумақтағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізі бойында көлік ағыны тәулік бойы толастамайды. Аптап ыстықта өзен жағалауына түсіп, тал-теректің көлеңкесінде аялдап, демалатын жолаушылардың саны көп. Алайда, өкінішке қарай, арнайы қоқыс жәшіктері орнатылған болса да, әр талдың түбіне босаған шөлмектерін лақтырып, қалдықтарын шашып кететіндердің қатары азаймағаны экоакция барысында байқалып отыр.
Облыста акция аясындағы тазалық, абаттандыру жұмыстары бойынша әкімдіктер мен басқармалардың жұмысы сарапталып, рейтингі жасалатын болады. Әрбір басқарма өзі жетекшілік ететін мекемелердің тазалық акцияларына қатысуын қамтамасыз етуге тиіс. Тұрғындар арасында да түсіндіру, экологиялық сауаттылықты көтеру жұмыстарын тоқтатпау қажет. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы осындай. Ал облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының хабарлауынша, ретсіз қоқыстар тез жиналатын «ыстық нүктелерге» тиісті органдардың, полиция департаментінің және БАҚ өкілдерінің қатысуымен рейдтік бақылау тұрақты жүргізіліп келеді. Қазіргі таңда, қоғамдық орындарда заң талаптарын бұзған тұлғаларға 14 мыңнан аса хаттама толтырылып, айыппұлдар салынған. Табиғи ресурстарға жауапты басқармаға қоқысты алып кету бойынша елді мекендерді толық қамту қажеттілігі туралы индикаторлар қойылуда. Одан бөлек, космомониторинг арқылы ретсіз тасталынған қоқыстар анықталған орындарды жою бойынша жұмыстар жоспарланып отыр. «Жастар орталықтары», облыстық ҚХА, ауыл ақсақалдары, билері және басқа да ықпалды азаматтар игі іске жұмылдырылады. Облыстағы аудан орталықтарында қызмет көрсететін 18 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынды күшейту мақсатында техникаларды алу бойынша облыстық бюджеттен қаржы қарастыруға өтінім берілді. Талдау барысында аудан, қалаларға қосымша 380 техника қажет екені анықталды.
Жалпы, өңірде «Таза Қазақстан» акциясы шеңберінде өткізілген сенбіліктердің нәтижесінде 15 449 шақырым жол, 1093 шаршы метр аяқжол тазаланды. 1270 аялдама ретке келтірілсе, 175 мыңға жуық ағаш әктелді, 346 саябақ және гүлзар ретке келтірілді. Оған қоса 60 мың шаршы метр немесе 360 шақырым су, өзен бойлары тазаланды.
Түркістан облысы