Тарих • 15 Маусым, 2024

Қос алыптың қасиеті

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алдағы қазан айында халқымыздың ардақты перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың туғанына 120 жыл толады. Айтулы тұлға саналы ғұмырында туған халқына қалтқысыз қызмет етті. Оның айшықты ізі жүріп өткен жолында ғана емес, ол түскен суретте де сақталған.

Қос алыптың қасиеті

Бір сәт суретке зер са­лыңыз. Фотода Нұртас атамыздың Қа­зақ КСР Министрлер кеңе­сінің төрағасы кезі. Қасында атақты ғалым, академик Қа­ныш Сәтбаев. Белгілі журналист, оңдасыновтанушы Гүлсім Оразалықызының айтуынша, мұнда екі алыптың Алматыдағы Қа­зақстан ғы­лым академиясы ғимара­тын салатын орынды архитектор, құрылысшылармен талқылап тұрған сәті бейнеленген.

Нұртас Оңдасынов – ел үкі­метін өте қиын жылдары бас­қарды. Сол қиындыққа қарамастан көптеген жаңашыл іске бастамашы болды. Қай­­раткердің тікелей қолдауымен Қа­зақстан Ғылым академия­сы құ­рылды. Соғыс болып жатқан ауыр кезеңде Ғылым академиясының жаңа ғи­ма­ратын салуға қаржы бөлді. Ардақты азамат академия ғи­маратының іргетасы қалан­ғанда ырымдап, «Қазақ ғылы­мы күмістей таза болсын» деп күміс тиын шашыпты деседі.

Биыл Ұлттық ғылым акаде­­­мия­сының алғашқы пре­зи­денті Қ.Сәт­баевтың ту­ға­нына да 125 жыл толды. Соған орай 12 сәуір­де елорда­дағы Л.Н.Гу­ми­­лев атын­дағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде халық­аралық ғы­лыми конференция өтті. Сонда Парламент Сена­тының депутаты, Халықаралық Қ.Сәт­баев қоры қамқоршылық ке­ңе­сінің төрағасы Алтынбек Нұх­ұлы көрнекті ғалымды Жезқазғаннан ғылымға әкел­ген, сол жылдардағы үкімет басшы­сы Нұртас Оңдасынов деп, ол кісінің еңбегіне жоғары баға берді. Шынында, біртуар тұлға Қ.Сәт­баевтың газетке шыққан мақаласын оқып, ғалымның терең ойы мен сөзін ұнатып, оны Мәскеуге шақырады. Кездесіп сөй­лескеннен кейін КСРО Ғылым академиясының прези­ден­ті В.Л.Комаровқа алып барып: «Қазақтың Ғылым ака­де­миясының бола­шақ пре­зиденті болуға лайық жігіт», деп таныс­тырған екен. Бұл – ел ертеңін ойлаған қайраткердің елеулі қасиеті.