Саясат • 15 Маусым, 2024

Парламентаралық байланыс жаңа деңгейге көтерілді

72 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада Мәжіліс төр­ағасы Ерлан Қошанов­тың қатысуы­мен Қазақ­стан Респуб­ликасы Парламенті Мәжілісі мен Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Дума­сы арасындағы ынтымақ­тастық жөніндегі Пала­тааралық парла­менттік комиссия­сының отырысы өтті.

Парламентаралық байланыс жаңа деңгейге көтерілді

Отырыс алдында Мәжіліс төраға­сы Мемлекеттік Дума төраға­сы­ның бірінші орынбасары, Ресей тарапынан комиссияның тең төрағасы Александр Жуковты қабыл­дады. Кездесуде тараптар алдағы күн тәртібіндегі негіз­гі аспектілерді және екі ел парламенттері арасындағы ынтымақтастық аясын кеңейту жа­йын талқылады.

Парламентаралық комиссия жұмы­сын қайтадан бастау туралы шешім Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың Ресей Федера­циясына ресми сапары барысында қабылданды. Астанада өткен отырысты ашып берген Палата спикері Ресей Қазақстанның сенім­ді одақтасы және стратегиялық серік­тесі екенін атап өтті.

– Жыл өткен сайын біздің қарым-қатынасымыз тек нығая түсуде. Бұған көшбасшыларымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Владимир Владимирович Путиннің арқасында қол жеткіздік. Мемлекеттер бас­шылары әріптестікті даму­дың жаңа деңгейіне көтер­ді. Қазақстанда халық­тары­мыздың санғасырлық достығы ерекше бағаланады, – деді Е.Қошанов.

Мәжіліс спикері Қазақ­стан мен Ресей арасындағы тату көршілік жыл­дарын­да достық пен сенімді ны­ғай­туға бағытталған берік шарт­тық база қалыптасқанын атап өтті. Сондай-ақ елдерімізді әлемдегі ең ұзын шекара байланыстыратынын айтып, былтыр өзара сауда көлемі айтарлықтай өскеніне, тауар айналымының шамамен 70 пайызы өңіраралық және шекара маңы саудасына тиесілі екеніне назар аударды. Оған екі елден мыңдаған компания мен миллиондаған адам тартылған.

– Екіжақты қатынасты дамытуда парламентаралық ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Біз түрлі алаңдарда жиі кездесеміз, пікір алмасамыз. Біздің әр басқосуымыз жаңа идеялар мен бастамаларға толы. Көптеген өзекті мәселе бойынша әрдайым ортақ шешімге келетініміз қуантады. Бүгін ұзақ уақыттан кейін комиссиямыздың жұмысын қайта жандандырғанымыз да – бірлесіп жұмыс істеуге ынталылығымыздың айғағы, – деді Е.Қошанов.

Мемлекеттік Дума төраға­сының бірінші орынбасары Александр Жуков та өз сөзінде парламентара­л­ық ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін айтты.

– Елдеріміздің көшбас­шылары парламенттер алдына сауда-экономика, инвестиция саласындағы, ғылыми-техникалық, мәдени-гума­ни­тарлық салалардағы ынтымақтас­тықты дамыту міндетін қойды. Біз пре­зиденттеріміздің уағда­ластық­тарының іске асырылуын заңнама­лық тұрғыдан қамтамасыз етуіміз қа­жет. Парламенттік өлшемдегі өзара іс-әрекеттің тиімділігін арттыру, азаматтарымызды толғандыратын мәселелерді шешу де өте маңызды, – деді Мемлекеттік Дума төраға­сының орынбасары.

Сонымен қатар Павел Казанцев пен Виктор Селиверс­товтің бас­шы­л­ығымен екі ел арасындағы пар­ла­менттік достық топтары жұмы­сы­ның белсенділігі мен тиімділігі аталып өтті. Мәжіліс спи­кері олар­дың үй­ле­сімді жұ­мы­сының нәти­жесі ре­тін­де Ресей мен Қазақ­стан ше­кара­­­сындағы қазақстандық жүк та­­сы­малдаушылардың мәсе­лесі шешілгенін айтты. Екі­­жақ­ты ықпалдастықтың бар­лық өзек­ті мәселесі Палата­ара­лық пар­ла­менттік комиссиясы отырысы­ның күн тәртібіне енді.

– Бүгінгі комиссия оты­ры­сының мақсаты – парла­мен­таралық байланысты арт­тыру мен нығайту. Қазақстанның депутаттық корпусымен жақсы таныспыз, үнемі кездесіп, барлық мәселе бойынша бейнеконференция өткізіп отырамыз. Бүгінгі күн тәртібі де өте маңызды. Осы жиында айтылғандардың бәрі жақын арада нақты жүзеге асатынына сенімдімін, – деді Мемлекет­тік Думаның Бюджет және салық комитетінің мүшесі В.Селиверстов.

Отырыс барысында депутаттар цифрлық құқық және халықтың цифр­лық сауаттылығын арттыру, кли­маттық заңнама, волон­терлік қыз­мет­ті реттеу сала­ла­рын­дағы заң шығару ісі бойынша тә­жі­рибе алмасты. Сон­дай-ақ энерге­тика, көлік-логистика сала­сын­дағы ынтымақтастық мәселе­­лері, оның ішінде Қазақстан тасы­мал­даушыларының Ресей – Бела­русь шекарасын­дағы өткелдерден өтуін­дегі кедергілерді алып тастау, Қазақ­стан мен Ресей қалалары арасындағы өңіраралық қатынастарды дамыту жайы да көтерілді.

Сондай-ақ күн тәртібіне қор­шаған ортаны, транс­шекаралық өзен­дерді тиімді пай­далану саласындағы ынты­мақтастық, екіжақты тауар айналымы көлемін ұлғайту мен өзара саудадағы кедергілерді жою және басқа да мәселелер кірді.

Отырыс Мәжілістің вице-спикері Альберт Рау мен Мемлекеттік Дума төр­ағасының орынбасары Алек­сандр Жуковтың төраға­лы­ғымен өтті. Комиссия жұ­мысына Қазақстан тарапынан вице-министрлер мен жауапты мемлекеттік құрылымдар басшылары қатысты. Тал­қылау қорытындысы бо­йынша қатысушылар күн тәртібіндегі әр тармақ бойынша мемлекеттік органдарға ұсынымдар әзірлеп, шешімдер шығарды.