Аймақтар • 13 Маусым, 2024

Тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу – басты міндет

74 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Түркі әлемінің туристік астанасы Түркістан гүлдене, түрлене түскен. Саябақтар, Рәміздер алаңы, сондай-ақ әкімшілік-іскерлік, мәдени-рухани орталықтары аумағындағы 80 субұрқақ ауаны салқындатып қана қоймай, қалаға сән беріп тұр. Әсем көріністер ақын Ғафу Қайырбековтің: «Түркістанның көшелері ылғи бақ, Кеудесінен бұлақ аққан құлдилап...» деген өлең жолдарын еске түсіреді.

Тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу – басты міндет

Түркістанға арналған жаңа жырлар да аз емес. Десек те, айтайы­н дегеніміз, ерекше мәртебе үл­кен жауапкершілік жүктеген туристік астананың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы еді. Бұл орайда қала тұрғындарының пікірі маңызды. Кейінгі жылдары атқарылып жатқан жұмыстардың, оң өзгерістердің көптігін айтқан жұрт оның бір себебін қаланың облыс орталығы мәртебесін алуы­мен, екіншіден, әкімінің іскерлігімен байланыстырады. Мемлекеттік қолдаудың, өзге өңірлердің киелі қалаға тартуын еске салушылар да, қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің тұрғындармен жиі кездесу өткізетінін де айтушылар аз болмады. Иә, тұрғындар саны көбейген қалада тез арада шешуді қажет ететін түрлі әлеуметтік мәселелердің туындайтыны заңдылық. Ондай проблемалар, әсіресе, кездесулерде жиі көтеріледі.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жылына 2 реттен 6 сектор аумағында 12 кездесу өткізуге тиіс. Дегенмен қала әкімі бекітілген жоспардан тыс та жиі кездесулер өткізіп келеді. Бүгінге дейін тұрғындармен өткізілген 108 кездесуде 1 215 мәселе көтеріліпті. Олардың 1 203-і орындалған, 12-сі орындалу үстінде. Яғни көтерілген мәселелер қысқа мерзімде, заң аясында шешіліп келеді.

Кездесулерде кейінгі жылдары сұраныс арта түскен баспана мәселесі де жиі көтеріледі. Бүгінде Түркістан қаласында тұрғын үй кезегіне 17 мыңға жуық азамат мұқтаж ретінде тіркелген. Өткен жылдың қорытындысымен кезекте тұрған азаматтарға 684 пәтер берілген. Жалпы, кейінгі үш жылда кезекте тұрған азаматтарға 1 518 пәтер кілті табыс етілді. Бұл бағыттағы құрылыс қарқыны бәсеңдемеген. Мысалы, Отырар шағын ауданында 5 қабатты 20 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ол үйлердің құрылысы облигация есебінен басталды. Пәтерлерді нарық бағасынан төмен, яғни шаршы метрі 220 мың теңгеден несиеге ұсыну жоспарланған. Түркістанда 2020 жылы 181,8 мың шаршы метр 496 пәтер пайдалануға берілген болса, кейінгі үш жылда бұл көрсеткіш 2,3 есе артып, 2023 жылы нақты 417,4 мың шаршы метр, яғни 3 933 пәтер ел игілігіне ұсынылды. Оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер 9 есе көбейіп, 3 жылда 199 тұрғын үй, 10 767 пәтер пайдалануға берілді. Ал биыл қалада жалпы мемлекеттік бюджет есебінен 32 көппәтерлі үй, жеке инвес­торлар есебінен 24 көпқабатты үй, жалпы 1 800-ден аса пәтерді пайдалануға беру жоспарланған.

ва

Халқы күн санап өсіп, құрылысы қарқын алған шаһар үшін жақсы көр­сеткіштің бірі – орталықтандырылған кәріз жүйесі құрылысының қарқынды жүзеге асуы. Қалада орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 2020 жылдың қорытындысымен 32,2 пайыз, 2024 жылдың бірінші тоқсанында 4 нысанның құрылысы аяқталып, абонент саны 20 274-ке жеткен, яғни 48,9 пайызды құрады. Бұл бағытта бірқатар жұмыс қолға алынған және жоспарланған жобалар толықтай іске асырылған жағдайда қала аумағын кәріз жүйесімен қамту 80 пайызға жетеді.

«Атқарылған жұмыстар бойынша қала тұрғындарының пікірін тыңдау, кемшіліктер болса өздерінен есту мақсатында жиі кездесулер өткіземіз. Біз таяу уақытта келесі жылдың жоспарын нақтылаймыз. Мәселенің барлығын саралап, өзектілігіне сәйкес кезектілігін бекітуіміз керек. Сондықтан тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмайды, тек қаржылық мүмкіндікке қарай мерзімі ұзауы ықтимал. Дегенмен қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау – басты міндетіміз», дейді қала әкімі Н.Тұрашбеков.

Өнеркәсіп саласы бойынша қалада өткен жылы 25,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш 2020 жылы 15,8 млрд теңге болған, яғни өнім өндіру 61 пайызға артқан. Шаһарда бүгінде 126 кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 23 мыңға жуық тұрғын жұ­мыс­пен қамтамасыз етілген. Бір ғана мысал, біз барған «Asia Brend» жиһаз өн­діретін фабриканың жылдық тауар айналымы 1 млрд теңгеден асқан. Кәсіпорын 1,5 гектарға орналасқан, 150 адамды тұрақ­ты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Жылына 22 мың жиһаз жасап шығаратын кәсіпорынның өнімі Түркістанда ғана емес, Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда және Тараз қалаларында сатылымда. Со­нымен қатар Ресей мен Қырғызстанға экспортталып келеді.

Киелі қалада мәдениет нысандары да салынып жатыр. Мысалы, аумағы 1,13 гектар болатын, 500 орынға шақталған мәдениет үйінің құрылысы былтыр бас­талыпты. Айта кетейік, нысанда өнер­паздарға арнап ашық алаңнан сахна, саябақ, автотұрақ және балалар ойын алаңшасын салу жоспарланған. Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары келер жылы аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтіліп отыр. Жалпы, облыс орталығында 61 – 8 әлеу­меттік, 3 саябақ, 5 қабатты 20 тұрғын үй құрылысы мен 30 нысанда инженерлік инфрақұрылым жүйелері жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек 5 спорт кешені салынып жатыр. М.Тұрсынов көшесінде орналасқан стадионды, «Парасат» саябағын реконс­трукциялау жұмыстары бар.

Түркістан қаласында 14–35 жас аралығында 71 486 жас бар. Осы орайда жастар орталығына арнайы ғимараттың іргетасы қаланды. Жастар орталығы арнайы демалыс аймағы, стрит-воркаут алаңы, амфитеатр, электронды кітапхана, үйірмелерге арналған бөлмелер, шағын спортзал және көпфункционалды залдармен қамтамасыз етіледі. Ал зейнет жасындағы адамдардың саламатты өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы жағдай жасау мақсатында 2022 жылы «Әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» ашылған еді. Сол жылы 774 адамға қызмет көрсетілсе, былтыр бұл көрсеткіш 2 983 адамға жеткен. Тұрғындардың сұранысы бойынша биыл «Белсенді ұзақ өмір» секторының Бекзат шағын ауданында №1 филиалы ашылды. Ғимаратта денсаулықты жақсартуға арналған арнайы бөлмелер, массаж кабинеті, зияткерлік ойындар мен бильярд бөлмесі, тұз шахтасы, жаттығу жасауға арналған бөлме жасақталған. Мұнда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға күндізгі сауықтыру-демалыс және сүйемелдеу қызметі көрсетіледі. Жан мен тәнді емдеп, ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасалған. Бір айда 150 адамды қабылдауға қауқарлы. Жалпы, Түркістан қаласында 15 мыңға жуық зейнеткер бар болса, оның 8 мыңға жуығы «Бекзат» шағын ауданында тұрады.

Түркістан қаласында қолөнер бұйым­дарын жасау – ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан үрдіс. Бұл мақсатта «Turkistan Qol oner» одағы қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Құрамында 115 мүше тіркелген. Сонымен қатар балалар қолөнер мектебінде 475 оқушы өнерін шыңдап, атакәсіпті игеріп жүр. Қолөнершілерді қолдау мақсатында көрмелер, сайыстар, іс-шаралар ұйым­дас­тырылады. Қала қолөнершілері ха­лықаралық көрмелерге тұрақты түрде қатысып келеді. Былтыр зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жергілікті қолөнершілердің тәжірибелерімен алмасу мақсатында қала әкімдігінің ұйымдастыруымен бірлестік мүшелері Өзбекстанның Самарқанд қаласы мен Ферғана облысына барып, өзбек ұлтының қолөнерімен танысты. Бүгінде туристерді тарту және өңірдегі кәсіпкерлікті дамыту мақ­сатында мәдени-рухани орталығында қолөнершілер қалашығы салынып жатыр. Жаңа қалашықта ұлттық нақыштағы бірегей қолөнер бұйымдарын даярлайтын, оның технологиясын оқытатын ірі қолөнер шеберхана салынады. Ондағы мақсаттың бірі – мәдени мұраны сақтап қалу. Туристік кешеннің жалпы алаңы – 2,56 гектар. Қолөнершілер қалашығы – 25 архитектуралық нысаннан тұрады. Іргетастарды нығайту және бетондау, сондай-ақ құрылыстың 1 және 2 ке­зектері үшін ішкі әрлеу жұмыстарына дайындық басталды. Құрылыс аумағында 50 жұмысшы, 5 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Мұнда қонақүйлер салынады. Көрме немесе Showroom орналасады. Ұлы Жібек жолының бойындағы киелі шаһардың орталығында орналасатын жаңа қалашықтың жобасы ерекше. Алдағы уақытта өңірде қолөнершілерге қолдау көрсету арқылы жұмыс орындарын ашу, туризмді дамыту көзделіп отыр. Туризмді дамытуда арнайы мамандардың алар орны ерекше. Бұл орайда біз биыл 5 жылдығын атап өткелі отырған Халықаралық туризм және меймандостық университетінің тыныс-тіршілігімен танысқан едік.

Туризм саласындағы еліміздегі ал­ғашқы бейінді мемлекеттік университет биыл алғашқы түлектерін ұшырмақ. Университет 2021 жылдың желтоқсанында еліміздің жоғары оқу орындарының арасында Бірінші дүниежүзілік туристік ұйымның (United Nations World Tourism Organization) бекітілген мүшесі болды. Өткен жылы Түркияның жоғары білім кеңесі (Yükseköğretim Kurulu) мойындаған шетелдік жоғары оқу орындарының тізіміне енгізілді. Халықаралық және ішкі туризм, экскурсиялық қызмет көрсету мен жеке турларды ұйымдастыру, туристік дестинациялар менеджменті, ұйымдастырылған туризмді басқару және экскурсиялық-анимациялық қызмет, спорттық туризм, спорттық сауықтыру фитнесі мамандық ретінде алғаш рет осы университетте оқытыла бастады. Бүгінде білім ордасы Түркия, Франция, Польша, Словакия, Таиланд, Малайзия оқу орындарын қоса алғанда, 31 шетелдік жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы келісімге ие. Яғни білім алушы жоғарыда аталған мемлекеттерде арнайы тағылымдамадан өтіп, өндірістік тәжірибе жинай алады. Дуалды оқыту жүйесі қолға алынған, студент оқып жүріп, білім ордасы келісімшартқа отырған нысандарда ақылы түрде жұмыс істей алады. Қазіргі таңда 2 554 студент білім алып жатқан оқу ордасына жыл сайын 800 грант бөлінеді. Білімгерлердің 2 338-і грантта оқыса, 216 студент ақылы негізде білім алады екен. Биыл университет алғашқы 463 түлекке диплом табыс етеді.

 

ТҮРКІСТАН