Қоғам • 14 Маусым, 2024

Жаңа зерттеулер мен мүмкіндіктер

101 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталығында «Атом энергия­сын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан-Жапония ғылыми-техникалық ынтымақтастығына – 30 жыл» тақырыбында халықаралық ғылыми-техникалық семинар өтті.

Жаңа зерттеулер мен мүмкіндіктер

Жапония ұйымдарының 30 жылдық ынтымақ­тас­ты­ғын қорытындылау, ынтымақтастықтың алдағы уақыттағы келешегі мен бағыттарын талқылау мақсатындағы семинарға Жапонияның Атом энергиясы Агенттігінің Прези­денті «Когучи», «Marubeni Utility Services», «Toshiba Energy Systems & Solutions Corporation», «Japan Atomic Power company», «Toyo Tanso Co.Ltd» және т.б. ұйымдарының басшылары мен мамандары қатысты.

Орталықтың баспасөз қызметі ха­бар­­лауынша, 90-жылдардың орта шенінен бастап Ұлттық ядро­лық орталықтың базасында Жапо­нияның атом энергия­­сы жөніндегі агенттігімен бірлесіп, нат­рий салқын­датқышы бар шапшаң нейтрон­дар­дағы перспективалық ядролық реактордың ауыр апатымен бірге жүретін үдерістерді зерттеу бойынша реакторлық және реактордан тыс эксперименттердің EAGLE жобасы жүргізілді. Балқу заңды­­­лық­тары, реактордың актив аймағы бал­қымасының бақыланатын қозға­лысы, оның құрылымдық материалдар эле­мент­терімен және салқын­­­дат­­қыш­пен өзара әрекеттесуі зерттелді.

Азия елдеріндегі ядролық кооперация форумы аясындағы жобаларды ілгерілету бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр, ол жапондық әріп­тес­тердің бастамасымен және қол­дауымен ұйымдастырылған тәжіри­бе алмасуға, ядролық технологияларды бірлесіп дамытуға арналған жылдар бойы жұмыс істейтін пәрменді алаң­дар­дың бірі.

Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры Ерлан Батырбеков: «Бүгінгі таңда біз жапондықтармен бірге атом энергиясының артықшылықтарын пай­далану мақсатында бірлескен зерттеулерді талқылаудамыз. Жапо­нияда жобаланған натрий салқын­дат­қы­шы бар шапшаң нейтрондардағы төртінші буын реакторының қауіп­сіз­дігін зерттеуге арналған жаңа реак­тор­лық және реактордан тыс эксперименттер жүргізілмек», дейді.

Осыған дейін реакторлық емес қон­дырғыларда жапондық ғалым­дар­мен бірлескен CORMIT жобасы іске асырылды. Бұл атом стансаларының қауіпсіздігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Семинар жұмысы нәтижесінде Токамак термоядролық материалтану реакторы, реакторлық емес стендтер мен қондырғылар ғылы­ми зертханаларына турлар ұйым­дас­ты­рылмақ.

 

Абай облысы