Аймақтар • 14 Маусым, 2024

Ор қазғандар обалдан қорықпай ма?

45 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атбасар ауданының диқандары егістігін ақбөкеннен қорғау үшін ор қаза бастаған. Отызға жуық бөкен құлап, мерт болды. Ұзындығы 42 шақырымды құрайтын ор жабылған жоқ. Алдағы уақытта да обалды ойламағандардың кесірінен қауіп-қатер сейілмейтін түрі бар.

Ор қазғандар обалдан қорықпай ма?

Дархан даланың төсін мекендеген жануарлар әлемінің жай-күйін тамыршыдай тап басатын сарапшылардың айтуына қарағанда, сайын далада са­ғымдай кілкіп, жөңкіле көшу жа­нуарлардың пешенесіне біткен сыбаға. Өңірдегі ақбөкеннің қарамы да аз емес. Биыл 219 655 бас киік бар деген есеп жария­ланды. Басқа ұрып санайтын байлау­лы баспақ емес, иен далада еркін жайылған киіктің жалпы нобайы. Әуеден жүргізілген есеп.

Кейінгі жылдары зор еңбектің күшімен әупірімдеп өсірген егінжайын ақбөкенге таптатып, ырыздығы кеміген ауыл шаруашылығы еңбеккерлері киік десе иманы қасым болатын жағдайға жетіп отырғаны да шындық. Аттылы жаяу аттандап, кезекшілік ұйымдастырып, қым-қуыт қуып та көрген. Балауса егіннің балбыраған дәмін татып, дәндеген киік жарықтық алқаптың бір шетінен айдап шықса, екінші шетіне оралып, шырыны тіл үйіретін көк егінге қайта түседі. Өлердей өш.

Шаруалар шетін амал тапқан сы­ңай­лы. Ауданның кейбір ауылдық округ­терінде егістік алқаптардың жие­гін қопара қазған терең орлар 2022 жылы пайда бола бастаған. Келер жылы тағы жалғасты. Қазылған ор­лар­дың бір бөлігі «Атбасар» мем­лекеттік табиғи қаумалының аума­­ғында жатыр. Ені шамамен 1,5 метр, тереңдігі екі метр шамасында. Ұзындығы 20,1 шақырым. Об­лыс­тық орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Тұрымбаевтың айтуын­ша, «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану тура­лы» заңның 12-бабы бұзылған. Заң талабы жануарлар дүниесін қорғау, оларды сақтау, өсімін молайту, тиімді пайдалану саласындағы мемлекеттік органдардың, аң ісін пайдаланушы субъектілерінің қызмет барысында, техникалық және заңдылық іс-шара­ла­рының жүргізілуін көздейді. Заңның 17-бабы бойынша табиғаттың тіршілік ету ортасы ретінде ерекше құнды учас­келерге қол сұғылмауы керек еді.

Орын алған жағдайды жан-жақты зерттеп, зерделеген инспекция 2023 жылдың мамыр айында барлық бақы­лау­шы органға хат жолдаған. Алай­да күні бүгінге дейін қазылған жер учаскелерін қалпына келтіру мә­се­лесі шешілген жоқ. Шешілгенді айта­сыз, әй дер әже, қой дер қожа бол­маған соң ауыл шаруашылығы құрылымдары бұрынғы қазылған орды ұзартып, қайтадан қазып жатыр. Жер ресурстарын басқару, экология, полиция департаменттері үнсіз. Бұл жайдан Атбасар ауданының әкімдігі де хабардар.

– Аумақтық инспекцияның обалды ойламай ор қазғандарды анықтау мүмкіндігі жоқ, – дейді А.Тұрымбаев. – Құзырлы органдарға ақбөкендердің орға құлап өлуіне байланысты мемлекетке келтірілген залалды өтеу тура­лы өтініш жазылды. Осы орларды қазғандарды анықтап беру туралы Атбасар ауданының полиция бөліміне қайтадан хат жолданды.

Осы арада Ауыл шаруашылығы министр­лігінің бұйрығымен ақбөкен­дер әлеміне келтірілген зиянды өтеу мөлшері ұлғайтылғаны белгілі. 2004 жылы бір ақбөкен үшін 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынады. Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа заңсыз ауланған бір текесі үшін 8,3 миллион теңге айыппұл ар­қа­латса, аналық үшін 5,8 миллион теңге айыппұл салу көзделген. Бірақ орға құлап өлген ақбөкендердің құны сұраусыз кететін түрі бар.

Қазылған орға жергілікті жұрт та наразы. Адамға да қауіп. Алдында қандай қауіп-қатер тұрса да алған бетінен, бастапқы бағытынан қайт­пай­тын ақбөкен тұрмақ, бейса­уат жүрген мал да түсіп кетуі әбден мүмкін ғой. Осы жайды ескерген инс­пекция 2022 жылдың мамыр айын­да облыстық мамандандырылған та­би­ғат қорғау прокуратурасына хат жол­даған болатын. Арада қаншама уақыт өтсе де ешбір шара қол­да­ныл­ған жоқ. 2024 жылғы 15 мамыр күні «Охотзоопром» мекемесінің өкілдерімен рейд ұйымдастырылған кезде жаңа орлардың пайда болған­дығы анықталған.

Әрине, жер емшегін еміп отырған диқандардың жағдайын да түсінуге болады. Бірақ оңтайлы шешім ор қазу еместігі анық. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хаттамалық тапсырмасы аясында облыстық аумақ­тың инспекция өткен жылдың мамыр айының соңында облыс орта­лығында ақбөкеннен келетін залалды болдырмау, мәселенің алдын алу аясында кеңес өткізген. Егіс алқаптары ақбөкеннің көші-қон жолында қалған шаруашылықтарды қолдау алгоритмі қабылданды. 2024-2026 жылдары ақбө­кендердің көші-қоны барысында ауыл шаруашылығы алқаптарына зиян келтірмеуге қатысты бірқатар шара қабылдау жөніндегі жедел штаб құрылған.

Қалай болған күнде де заңсыз ор қазу қиындықтан шығарар жол емес. Бәлкім, ақбөкеннің өрісіндегі ауыл шаруашылығы құрылымдарына осы уақытқа дейін пайдаланып келген жер көлеміне сәйкес жер телімдерін басқа өңірлерден қарастырған дұрыс болар ма еді. Біздіңше, ақбөкенді де аман сақтап, шаруаны да өкпелетпейтін әділдік – осы.

 

Ақмола облысы