Саясат • 13 Маусым, 2024

Мәулен Әшімбаев Малайзия Парламенті Сенатының басшысымен кездесті

52 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Малайзия Парламенті Сенаты Төрағасының міндетін атқарушы Нур Джазлан Мохамедпен кездесті. Әңгіме барысында тараптар парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі арттыруға қатысты мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мәулен Әшімбаев Малайзия Парламенті Сенатының басшысымен кездесті

Фото: Н.Байбулин

Мәулен Әшімбаев Малайзия Қазақстанның оңтүстік-шығыс Азиядағы маңызды саяси және экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Малайзия Премьер-министрі Ануар Ибрагимнің биылғы мамырда Қазақстанға жасаған ресми сапары екіжақты байланысты одан әрі дамытуға тың серпін берді. Бұл сапар 2014 жылдан бері алғаш рет ұйымдастырылғанын айта кеткен жөн. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ануар Ибрагиммен кездесу кезінде аталған сапарды «тарихи» деп бағалады.

Осыған байланысты Мәулен Әшімбаев пен Нур Джазлан Мохамед кездесуде екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне баса мән берді.

«Біз Малайзиямен парламентаралық қатынастарды дамытуға мүдделіміз. Екі елдің Парламенттерінде «Қазақстан-Малайзия» достық топтары жұмыс істейді. Бұл топтар – ынтымақтастықтың маңызды тетігі. Біздің қарым-қатынасымыздың әртүрлі аспектілерін талқылау және ілгерілету үшін бірлескен іс-шаралар ұйымдастырудың да маңызы зор», деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық саласындағы жетістіктер мен перспективаларды да талқылады. Сондай-ақ мәдени және білім беру байланыстарын кеңейту, осы бағытта бірлескен жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.

«Қазақстан Малайзиямен сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейді. Қызмет көрсету, қаржы, өндіріс, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі және құрылыс саласындағы байланыстың мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Қазақстан Парламентінің Сенаты осы ынтымақтастықты заңнамалық деңгейде арттыру үшін қолдау көрсетуге дайын. Парламенттердің бұл бағыттағы белсенді рөлі екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді деп сенемін», деді Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың маңызына, олардың іске асырылу барысына және елдің жаңа экономикалық моделін қалыптастыру үшін қолға алынған шараларға тоқталды.

Өз кезегінде Нур Джазлан Мохамед Қазақстандағы саяси және әлеуметтік-экономикалық трансформацияның тиімділігіне назар аударып, парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.